Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алмаш – үздіктер қатарында - АРҚА АЖАРЫ

Алмаш – үздіктер қатарында

Степногорск қаласының №3 арнайы мектеп-интернатының оқытушысы Алмаш Құлмағамбетова республикалық «Өрлеу» порталының ұйымдастыруымен өткен онлайн байқауға қатысып, кәсіби біліктілігі мен шеберлігін көрсеткені үшін «Үздік автор» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен, оған қоса, арнайы дипломмен марапатталды.

Алмаш Құлмағамбетова жастайынан әдебиет пен өнерге сусап, қазақы тәрбие көрген білімді де білікті, жаңашыл ұстаз. Көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келген ол егіздің сыңары. Бала жасынан қазақтың фольклорлық әдебиетін бойына сіңіріп өскен Алмаш Төлегенқызы мектеп бітірген сәтте қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын таңдап, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білім алыпты. Отбасылы болып, тұрмысқа шыққан соң, Степногорск қаласындағы №3 арнайы мектеп-интернатына оқытушы болып жұмысқа орналасқан. Бүгінде аяулы жар, ардақты ана атанған ұстаздың екі балапаны бар.
Жуырда ол республикалық «Өрлеу» порталының ұйымдастыруымен және «Медиабілім» республикалық журналының қолдауымен өткізілген «Қош келдің, әз-Наурыз!» байқауына шәкірттерін қатыстырып, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық сананы қалыптастыруға қосқан үлесі және аталған республикалық байқаудың екінші кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орынға ие болғаны үшін марапатқа ие болды. Мұны ол жалғыз өзімнің ғана емес, сонымен бірге, әріптестерім мен шәкірттерімнің де еңбегі дейді. Жаңашыл ұстаз егеменді еліміздің бәсекеге қабілетті ұрпағын оқыту мен тәрбиелеуде үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді.
–Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мектеп-интернаттың оқытушылары мен оқушыларын қатыстырып, ұлттық салт-дәстүрді
насихаттайтын, белгілі бір тақырыптағы бейнероликтер түсіреміз. Осы жолы «бесікке бөлеу» мен кішкентай қыз балалардың құлағын тесіп, «сырға тағу» дәстүрін көрсетіп, байқау болады деген соң, электронды нұсқасын ұйымдастыру әкімшілігіне жолдадық. Оқушыларды мұндай бейнероликтерге қатыстыруымыздың себебі, Наурыз мейрамының қандай мереке екендігін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтаудағы мақсатымыздың өзі не екендігін ұғындыруда. Ұжымның бірлесіп жасаған жұмысының нәтижесінде осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Белсене қатысқан оқушым Ақбота Қабитова да арнайы дипломға ие болды. Бұның барлығы мектеп абыройы үшін, –дейді Алмаш Құлмағамбетова.
Ұстаз ізденгіш болуы, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек. Осы ретте әдебиетті сүйетін Алмаш Төлегенқызы мамандығын дәл таңдаған екен дерсіз. Әріптестері де оның шығармашылық ізденгіштігі мен жаңашылдығына ризашылықтарын білдіруде. Ұстаздық жолында он жылға жуық тәжірибесі бар педагогқа біз де тек білімді, ынталы шәкірттері көп болсын деп тілейміз.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар