Қазыналы қария еңбек ардагері Төкен Шаймерденов жайлы бір ауыз сөз

Ақмолдың ежелгі тұрғыны Төкен Шаймерденовтың еңбек жолы жергілікті құс фабрикасының құрылуымен тікелей байланысты. Ол 1968 жылы осы кәсіпорынға арнайы жолдамамен бас экономист болып тағайындалған.

«Ақмола-Феникс» құс фабрикасының бас директоры Иван Иванович Шарфтың сенімді серігі болып 2010 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін тапжылмай бір орында жұмыс істеді.
– Біз соғыс жылдарында туып-өстік, – деп өткен шақты еске алды абзал қария Төкен аға. – Әкем Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті.
Әкесі Шаймерден соғысқа кеткенде үйде шиттей балалармен анасы Бәтима қалады. Ол кезде бұл шаңырақ бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында тұрып жатты. Тұрмыстың ең ауыр шағы болғасын 5 баланы асырау жалғызбасты ана Бәтимаға оңайға соққан жоқ.
– Мен шешемнің туысқаны, яғни, нағашым Ғұбайдолла Жалмұқамбетұлына мәңгілік ризамын. Осы бүгінгі Ақмол ауылына сонау Қызылжар өңірінен бізді ат арбаға салып көшіріп алып еді. Бұл соғыстан кейінгі бір ауыр мезгіл болатын, – деп әңгімесін сабақтады Төкен Шаймерденұлы. – Қазақ: «Үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп бекер айтпаған ғой. Қашанда қыз балаға жаны ашитын жұрт – нағашылар екеніне өмірде әбден көзім жетті. Әкемнің жоқтығына мұңайсам да, тұрмыстың қиындығын жеңілдеткен сол бір аяулы жандар еді.
Төкен Шаймерденов 1966 жылы Целиноград қаласының Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп өзінің мамандығы бойынша жұмысын бастайды. Өмірде сүйікті жары Раушан Хасенқызы Сәбитованы кездестіріп шаңырақ көтереді. Мейірім мен ізгілікке толы осы әулеттің тәрбиесін көрген 5 бала әке-шешелерінің өмір жолына жарық түсіріп, абыройларын көтеріп келеді. Олар бүгінгі Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласының белді тұрғындары. Ата-әженің көңілін немере-шөберелері де көтеріп жатыр. Қос қарияның үйленгендеріне 55 жылдан астам уақыт өткен екен.
Төкен ақсақалдың жұбайы Раушан Хасенқызының мамандығы медицина саласына байланысты болғандықтан ол акушер, фельдшер қызметтерін атқарды. Өмірдің оларға берген жетістіктері көп.
Еңбекте тамаша табыстарға қол жеткізген Төкен Шаймерденов Кеңес дәуірінде «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Алған Алғыс хаттары мен Мақтау қағаздары да жеткілікті.
Жергілікті құс фабрикасындағы көп жылғы еңбегінің белгісіндей оның кеудесінде «Ауыл шаруашылығының Құрметті ардагері» медалі жарқырайды.
Целиноград ауданының Құрметті азаматы, абзал қария Төкен Шаймерденов Қазақстанның егемендік алған жылдарын көзімен көріп, алдымен қуанған жандардың бірі.
Бүгіндері қоғамдық ізгі шаралардың ортасында жүретін осы бір қадірлі ел ақсақалының өскелең ұрпаққа айтар ақыл-кеңесі көп.
– Жеңіл өмірді іздеп ауылдан қалаға қашып жатқандар менің көңілімді ортайтады. Қаншама жерлер игерусіз текке жатыр. Жастардың жігері болса соған ден қойса деймін. Ауыл көркеймей – ел байымайды. Сондықтан, біздің замандас-тарымыз сияқты қиындықтан тайсалмай бүгінгі күн талабына сәйкес келетін, нарықтың жобасына сай жұмыстармен айналысса, – деп сөзін түйіндеді еңбек ардагері Төкен Шаймерденов.
Біз қазыналы қария Төкен Шаймерденовты 80 жасқа толуына байланысты мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Өмірдің жолы Сіз үшін кедір-бұдырсыз әрі ұзақ болсын, қадірлі ел ағасы!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Ақмол ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар