«Өз халқыңа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген еді алаш арысы Әлихан Бөкейханов. Мінезі жұмсақ жібектей , жүзі жарқын, түсі жылы, көргенді жан, я болмаса тектілігі мықты дейтін сөз тіркестері адамға қатысты айтылады. Немесе Абай атамыз айтқандай дүниенің дәмін татып көрсем дейтін тән құмарлығы мен білсем, үйренсем, жүгіріп кетсем дейтін жан құмарлығы кез-келген адам баласының бойында қанмен таралады.
« Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!»-дейді Абай атамыз. Дүниеге кірпіш болып қалану үшін әрбір адам өзін-өзі тани білуі керек. Осындай игілікті істі ары қарай жас ұрпақтардың бойына сіңіру үшін еліміздегі БӨБЕК қоры орасан зор жұмыстар атқарды. Еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасымен алғаш рет білім беру жүйесіне енгізілген. Өзін-өзі тану бағдарламасы осы рухани адамгершілік тәрбиеден бастау алып, жан-жақты жетілген тұлғаны қалыптастыруды мақсат етеді. Өзін-өзі тану пәні бойынша жаңартылған бағдарламаның да берер жемісі мол. Осы бағдарламаның авторы Сара Алпысқызына үлкен алғыс білдіреміз.
Халқымыз үшін жан-жақты жетілген тұлға дегеніміз-ең алдымен ұлттық тәрбиенің нәріне сусындап нақты білім негіздерін меңгере отырып, бойына рухани адамгершілік асыл қасиеттерге ие болу. Біздің күнделікті қарапайым тіршілігімізде сүйіспеншілік пен ізгілік, мейірімділік пен қайырымдылық, сабырлылық пен имандылық, адалдық пен еңбекқор болу қоғам дамуына зор мүмкіндік туғызады.
«Ақмола облысының білім басқармасының Астрахан ауданы бойынша білім бөлімі Өндіріс ауылының жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар- «Өзін-өзі тану» пәнінің негізі атты семинар ұйымшылдықпен өткізілді. Өткізілген іс-шараның мақсаты өзін-өзі тану пәнінің негізін құрайтын жалпы адамзаттық құндылықтардың адам өміріндегі маңызды орны мен мәнін жас ұрпақ бойына сіңіру және қоғам алдындағы міндеттерін айқындау, өзін-өзі тану білімінің өзектілігіне көз жеткізу болып табылады. Онлайн іс-шара жұмысына Алматы қаласындағы «БӨБЕК» ҰГПББСО иниститутының жетекші ғылыми қызметкері, оқушыларға арналған өзін-өзі тану бойынша оқу-әдістемелік кешендерін, және мұғалімдерге арналған біліктілікті арттырудың білім бағдарламаларын «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуші п.ғ.к., Ізғұттынова Рабиға Отарбайқызы және «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ п.ғ.м.» Абдраимова Асем Бауыржановна қатысып, жоғары баға беріп, осы семинар облыс және республикалық деңгейде жалғасатындығын атап өтті.
«Өзін-өзі тану» пәнін Ар сабақтары деп те айтуға болады, өйткені ұлтымызда «арым жанымның садағасы» дейтін бабалардан қалған өсиет бар. Ар барлық рухани-адамгершілік құндылықтардың негізі болмақ. Біз өз жұмысымызға өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім берудің жаңартылған бағдарламасындағы құндылықтарды басшылыққа аламыз. Шәкірттердің қабілеттерін жан-жақты дамытып өмір талабына сай білім беру әрбір ұстаздың мақсаты болу керек. Ал оның негізі рухани адамгершілік білім беруге, жеке тұлғаның әлеуітін барынша ашуға,өзін-өзі тануға, жетілген тұлғаны тәрбиелеуге негізделеді. Еліміздің ертеңі-ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ мүддеміз үшін жасалып жатқан барша істерге сәттілік тілеймін!
Астрахан ауданы бойынша білім бөлімі
Өндіріс ауылының жалпы орта білім беретін мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
Өзін-өзі тану пәні мұғалімі Холганат Дәнекер