Шортанды ауданының құрметті азаматы, суретші, қолөнер шебері Бектас Кәрімұлының өнері жайлы бір үзік сыр
Үстіміздегі жылдың 1 сәуірі күні Әдебиет және өнер музейінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өңірімізге танымал Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Шортанды ауданының құрметті азаматы, суретші, қолөнер шебері Бектас Кәрімұлының «Байтақ дала бедері» атты ұлттық нақыштағы жеке шығармашылық көрмесінің ашылуы болып өтті.
Өнер иесінің шығармашылығын насихаттауға арналған бұл көрме көпшіліктің ерекше қызығушылығын оятып, көңілдеріне айрықша әсер қалдырған болатын. Осы ретте оқырман назарына Бестас Кәрімұлының өмір жолы мен шығармашылығынан аздаған ақпарат беруді жөн көрдік.
Бектас Кәрімұлы 1960 жылы Моңғолия елі Баян-Өлгей аймағының Баяннуур ауы-
лында дүниеге келді. Бектас Кәрімұлы бала жасынан өнерге икемді. Орта мектепті ауылдан бітіріп, сол жылы Моңғолияның астанасы Улан Батыр қаласындағы көркемсурет мектебіне жолдама алады. Театр факультетінің сахна суретшісі мамандығын игеріп, 1980 жылы дипломдық жұмысын «Амангелді Иманов» спектакілін көркемдеп үздік қорғайды.
Алғашқы еңбек жолын 1981 жылы Баян-Өлгей аймағының музыкалық-драма театрының сахна суретшісі қызметімен бас-
тайды. 1992 жылы Ресей елінің Петербург қаласындағы Репин атындағы кескіндеме мен мүсіндеу жоғары мектебінде алты айлық курсын оқып, біліктілігін жетілдіріп қайтады. 1996 жылға дейін музыкалық- драма театрында жұмысын жалғастырады.
1996-1998 жылдар аралығында аймақтық Суретшілер Одағында қызмет жасап, сол уақыттан бастап шығармашылық жұмыспен де айналыса бастады. Көрмелерге қатысып, еңбегі бағаланды. 1999 жылы ел нарыққа көшіп, әрбір жұмыс мекемесі тоқырауға ұшыраған кезде, жеке кәсіптік шаруамен айналысады.
2005 жылы балаларын қазақ елінде өсіріп, оқытып, ер жеткізуді мақсат етіп, сол жылдың тамыз айында Бектас Кәрімұлы атамекенге қоныс аударады. Ақмола облысы Шортанды ауданына көшіп келеді.
Бүгінгі таңда Бектас Кәрімұлының акварель, майлы бояумен, қара қарындашпен салған 1500-ден астам үлкенді-кішілі суреттері бар. Сондай-ақ, жануарлардың жауырын сүйектерінен ойып, өрнек салып жасаған туындылары бір төбе. Автор республикалық, облыстық, аудандық суретшілер мен қолөнер шеберлері арасында өтетін көрме сайыстарына қатысып, көптеген жүлделі орындарды еншілеп жүр.
Келесі кезекте Бектас Кәрімұлы қатысқан көрмелердің барлығын шұбыртып жатпай, сөзіміз дәйекті болу үшін бірнешеуіне тоқталып өтсек. 2017 жылдың 18 маусымында Моңғолия елінде өткен Қазақстан, АҚШ, Ресей, Қытай, Моңғолия елдері арасындағы халықаралық «Көшпенділер» атты көрмесіне қатысып, бас жүлде «Алтын бүркіт» Гран-при медалінің иегері болып, Моңғолия Баян-Өлгий аймағының Мәдениет саласының «Озат қызметкері» төсбелгісімен марапатталды; 2018 жылдың 28-29 сәуір аралығы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында болған «Мезгіл» атты халықаралық көрмеге «Таң шапағы», «Құсбегі», «Бүркітші» картиналары қойылып, диплом, күміс медаль, сертификатпен марапатталды; 2019 жылдың 11-15 қыркүйек аралығында Өзбекстан елінің Коконд қаласында дүние жүзі халықаралық қолөнер шеберлерінің фестивалы болып, Қазақстан шеберлер тобынан «Қолөнердің ерекше түрін қайта жаңғыртушы» үздік аталымы бойынша сертификат 2500 доллар, диплом және Фестиваль әлемі сувинері, Өзбекстан халық шеберлерінің альбомымен марапатталды; 2019 жылғы 20 сәуірде Горно-Алтай Чемальский районының Әлиманор өлкесінде болған Ресей, Моңғолия, Қазақстан елдерінің және Ресейдің 11 қаласының суретшілері қатысқан халықаралық көрмесіне «Дала тынысы» атты көрмесіне қатысып дипломымен марапатталды.
Сондай-ақ, шебер 2019 жылы 23 мамырда Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне қатысып, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің «Құрмет Грамотасымен»; осы жылдың 16 желтоқсаны күні Көкшетау мәдениет сарайында Тәуелсіздік мерекесіне орай іс-шарада облыс әкімі Ермек Боранбайұлының «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.
Бектас Кәрімұлы өте ізденімпаз, еңбекқор өнер иесі. Шебер әрбір туындысын жасауға асқан ыждапқаттылықпен, іңкәрлікпен, шынайы ынтасымен кіріседі.
Қазақ тұрмысында ежелден-ақ сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қаптау секілді өнері кеңінен тараған. Бектас Кәрімұлы ұлттың осы тұрмыстық өнерін қайта жаңғыртушылардың бірі.
Сәлима Әбілқадырова,
Көкшетаудағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері.