Ұстаз бақыты

Қазақстан Республикасының білім үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Бүркітбайқызы Күшпаева облысымыздағы белгілі ұстаздардың бірі

Мұғалім мамандық болса, ұстаздық дегеніміз туа бітетін – қасиет. Ал, ұстаздардың ұстазы атану әркімнің маңдайына жазыла бермейтін зор бақыт. Біз бүгін қырық жылға жуық білім саласында абыройлы еңбек еткен ұлағатты ұстаз, білім ардагері туралы сыр шертпекпіз.
Иә, осы ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастықпен берілетін тектіліктің тамыры тереңде жатқандығы даусыз. Қазақ халқы «Тегі жақсы тегін болмас», – деп бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Осыдан екі ғасыр бұрын туған Бекасыл әулиенің «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады…» деген сөзінің астарында көп мән жатыр-ау. Тек туралы әңгімені біз де тегін қозғап отырған жоқпыз. Бүгінде Гүлнәр Бүркітбайқызының ұрпақ тәрбиелеу ісінде өзінің өшпес өнегесін қалдырып отырғандығы ең алдымен ұяда көрген тәрбиесінен деп білеміз. Себебі, Гүлнәр Бүркітбайқызының анасы, ұлағатты ұстаз Рахима Темірбекқызы Есжанованы кезінде біздің Көкше өңірінде танымаған адам кемде-кем болар.
Рахима апайдың алдынан мыңдаған шәкірт тәлім алған. Бүгінде сол шәкірттердің самайын ақ шалса да, күні бүгінге дейін сол бір аяулы ұстаздың есімін сағынышпен, риясыз іңкәр сезімменен, шәкірттік махаббатпен еске алып отыратындығының талай куәсі болғанбыз. Жан-жағындағыларға ақыл мен парасаттың, көркем мінездің, білім мен біліктіліктің үлгі-өнегесі болған Рахима апайдай тұғыры биік тұлғаның баласы болу және сол абзал ананың өнегелі ісін жалғастыру әсте оңай-оспақ шаруа емес екендігі де анық.
Гүлнәр Бүркітбайқызы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының түлегі. Еңбек жолын облыс орталығындағы анасы жұмыс істеген мектептен бастаған. Анасының ұстаздық жолын абыроймен жалғастырып, адал еңбегінің нәтижесінде сол білім ордасының тізгініне де ие болды. Біз айтып отырған білім ордасы – бүгінде жүз жылдан астам тарихы бар облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көп тілде оқытатын мамандандырылған мектеп гимназиясы. Ұрпақ сабақтастығы деген осы-ау, шамасы! Бұл тақырып төңірегінде де Гүлнәр апайдың айтары көп.
– Батыр әрі ғалым Мәлік Ғабдуллин атындағы мектептің директоры болу зор жауапкершілікті талап етті. Мен осы бір жауапкершілікті еш уақытта да есімнен шығарған емеспін. Жатсам-тұрсам да ойлайтыным осы еді. Себебі, бұл білім ордасының бүкіл көкшелік ағайын үшін жөні бөлек болатын. Басқасын айтпағанда сонау отызыншы жылдары Мәлік ағамыздың өзі осы мектепте оқығандығын айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын. Батыр атындағы мектепке ешбір жамандық жуымасын, жаман сөзге қалмайық, оқушыларымыз көптің ішінен білімімен, тәрбиесімен де ерекшеленіп тұруы керек деп есептейтінмін. Оның үстіне бұл қара шаңырақта менің анамның ізі бар, ұлағаты тұнып тұр. Ол кісі осы мектепте қырық жылға жуық абыройлы еңбек еткен. Сан сұраққа жауап таппай қиналған сәттерімде сол білім ордасының қабырғаларының өзі маған күш беріп тұрғандай бір тылсымдықты сезетінмін. Басқан ізімді байыппен, ақылмен саралауға тырысатынмын. Бар мақсатым – өмірдің тура бағытынан ауытқымай, білім ордасына бас-көз болу еді. Аллаға шүкір мен жетекшілік еткен жылдары мектеп білім биігінен көрінді. Қара шаңырақтан самғаған сан түлек бүгінде еліміздің айтулы тұлғалары болып қалыптасты. Солардың мерейлі сәттерін сыртынан бақылап, өзім де марқайып қаламын. Бүгінде аға буын салған сара жолмен мектеп әрі қарай да игі істердің ордасы болып келеді. Мұғалім үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! – дейді апай.
Гүлнәр Күшпаева сол мектепке жетекшілік еткен жылдары білім ордасы Қазақстан Республикасы бойынша ең үздік 100 мектептің тізіміне кіріп, сапалы білім жөніндегі мониторингте барлық қала мектептерінің арасында да үздік білім деңгейімен көш бастап тұрғандығын айтсақ та жеткілікті шығар. Осы ақпараттың өзі мектептің сол тұстағы білім нәтижесін аңғартып тұрғандай.
Кейінгі жылдары зейнетке шықса да зейіні жұмыста болды. Жылдар бойы көз майын тауысқан білімі мен тірнектеп жинақтаған тәжірибесін кейінгі жастарға үйрету мақсатында Гүлнәр Бүркітбайқызы 2014 жылы Ақмола облыстық білім басқармасының жанындағы облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры болып тағайындалып, осы қызметті де абыроймен атқарды.
– Адам мамандықты таңдаған кезде мың ойланып барып, бір шешім қабылдауы керек. Себебі, жүрегің қаламаған істе кемшілік көп болады. Қабілетіне қарай мамандықты игеріп алса, онда бұл істен міндетті түрде нәтиже шығады деп ойлаймын. Қалай дегенмен де әрбір жан өзінің рухани қажеттілігін біледі ғой. Меніңше, адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс жоқ. Ғұмыр жолымды ұрпақ тәрбиесіне арнағаным үшін өзімді бақытты санаймын. Себебі, ұлағатты ұрпақ ұлт болашағы ғой, – дейді Гүлнәр Бүркітбайқызы.

Бүгінгі биігіне көтерілер жолда кездескен кедергілерді маңдай терімен, салиқалы сабырмен, ақыл-парасатпен жеңе білген ұлағатты ұстаз білімімен де, білігімен де өскелең ұрпаққа үлгі. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ қой!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар