Ұстаздық биік тұлғасымен дараланған

Ұлағат

​Жуырда Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Күләш Хаджанқызы Темірбаева өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл жанның тағдырынан тұтас бір дәуірдің тынысы байқалғандай. Оның өмір жолы – ұстаз атына адалдықтың, адамға құрметтің және тынымсыз жасампаздықтың шежіресі.

Жекелеген адамның архив қорларының өзіне тән ерекше тартымдылығы бар. Олар уақыттың тірі үнін естуге, адамның болмысын, ұстанымдары мен ішкі жан-дүниесін сезінуге мүмкіндік береді. Көкшетау қаласының мемлекеттік архивінде Күләш Хаджанқызы Темірбаеваның №493 жеке тектік қоры сақтаулы. Бұл ұлағатты педагогтың кәсіби жолының, өз ісіне адалдығының және белсенді өмірлік ұстанымының жанды көрінісі. Құжаттар архивке қор түзушінің өзінен 2017 жылғы 24 қарашада келіп түскен. Олар бойынша 1958 жылдан басталып, 2017 жылды қамтитын, 16 істен және 64 құжаттан тұратын тізімдеме жасалды. Материалдар төрт бөлімге жүйеленген өмірбаяндық құжаттар, педагогтық, қоғамдық қызмет пен марапат құжаттары және К.Х.Темірбаеваның өзі туралы құжаттардан тұрады.

​Қордың әрбір бөлімі оның көпжылдық қажырлы еңбегінің әр қырын ашады. Бұл материалдар бірегей тарихи дереккөздермен – өзі сайланған Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының X съезі делегатының мандатымен және 1978 жылғы Қазақстан мұғалімдерінің V съезі жұмысының бағдарламасымен толықтырылған. Қорда Күләш Хаджанқызының жергілікті мерзімдік басылымдардағы жастар тәрбиесі мен мектептің өзекті міндеттеріне арналған салмақты, өткір мақалалары мен сұхбаттары ерекше орын алады.

​1958-1996 жылдарды қамтитын құжаттар да аз сыр шертпейді. Бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов аудандық комсомол комитетінің мақтау қағаздары, «Чкалов» кеңшарының, Ленинград ауылдық өндірістік комсомол комитетінің, Чкалов аудандық халық ағарту бөлімінің Құрмет грамоталарынан басталып, Көкшетау қалалық атқару комитеті мен Көкшетау облыстық партия комитетінің, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Оқу-ағарту министрлігінің, Қазақ республикалық кәсіподақтар кеңесі төралқасының Құрмет грамоталарына ұласқан сый-құрметтің артында Күләш Хаджанқызының ел мүддесі, жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы нақты істері, жауапкершілігі және жан жомарттығы жатыр.

​Осы құжаттарды оқыған сайын олардың астарынан мерейтой иесінің мінез-құлқын қалыптастырған отбасының ықпалы айқын көрінеді. Күләш Хаджанқызы 1936 жылғы 22 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданының Қарағаш ауылында еңбек пен білім басты мұрат саналған өнегелі отбасында дүниеге келген. Әкесі Хаджан Әбдірахманұлы Темірбаев мектеп мұғалімі мен директорлығынан аудандық және облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасарына дейінгі үлкен жолдан өтті. Ал, соғыс жүріп жатқан әрі Көкшетау облысы құрылған 1944 жылы жауапты партиялық қызметке жіберіліп, Зеренді және Чкалов аудандық партия комитеттерін басқарды. Кейін обкомда қызмет атқарып, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде зейнет демалысына шықты. Анасы Сәруар Жәменқызы болса, жеті баланы тәрбиелеуге бар жан-тәнін арнады. Үй ішінде өзара қолдау мен білімге құштарлық ахуалы орнап, ұлдары Марлен, Майдан, Жеңіс пен Сұлтан инженерлік істі, жүргізуші кәсібі мен педагогикалық саланы таңдаса, қыздары Тамара мен Роза да Күләш сияқты ұстаздық жолға бет бұрды.

​Күләш Хаджанқызының балалық және шәкірттік жылдары Айыртау ауданының Володар бастауыш мектебінде және Зеренді орта мектебінде өтті.  1954 жылы ол К.Д.Ушинский атындағы Петропавл мұғалімдер институтына (кейін педагогикалық институт) оқуға түсіп, оны 1959 жылы география және биология пәнінің мұғалімі мамандығы және әуесқой фотограф біліктілігі бойынша ойдағыдай тәмамдап шықты.

​Жас маман сол жылы алғашқы еңбек жолын Чкалов орта мектебінде бастады. Осында өткен сегіз жылы оған өмірлік шыңдалу мектебі іспеттес болды. Ол бәріне үлгерді: сабағын берді, кешкі мектепті басқарды, сүт фермасында сауатсыздықты жою ісін ұйымдастырды, мұғалімдердің бастауыш комсомол ұйымын басқарды, аудандық комсомол комитеті бюросының мүшесі болды, үгітші болып істеді және халық депутаттары аудандық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Оның еңбегінің жоғары деңгейі сол жылдары-ақ өзінің лайықты бағасын алды. 1966 жылы Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанды, ал, 1967 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

​1967 жылдың шілдесінде тағдырының жаңа бетбұрысымен Көкшетау қаласына қоныс аударып, №9 орта мектепте мектептен және сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырушы болып жаңа қызметіне жеңін түре кірісті. Ал, 1970 жылдың шілдесінде Күләш Хаджанқызына осы ұжымды басқару сеніп тапсырылды. Оның басшылығымен аталмыш мектеп бүкіл шағын  аудан балалары үшін нағыз тартылыс және тәрбие орталығына айналды. Директордың төңірегіне мықты, бастамашыл педагогикалық ұжым топтасты. Қиын жасөспірімдерге және оқушылардың білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Күләш Хаджанқызының бастамасымен мектеп жанында ата-аналар мен қамқоршы ұйымдарды – тұрмыстық химия фабрикасы, үйде еңбек ету фабрикасы, «Госкомсельхозтехника» және №57 жылжымалы механикаландырылған колоннаны біріктірген Қоғамдық кеңес жұмыс істей бастады. Бірлескен жұмыстың арқасында білім ордасының материалдық-оқу базасы нығайды. «Көкшетау сазы» үгіт алаңы ашылып, 1976 жылы №9 мектеп қала мен облыс көлемінде бірінші болып оқытудың кабинеттік жүйесіне көшті.

​Күләш апайдың өзі оқытқан география және биология сабақтары балалардың саяхатқа және туған жерді тануға деген қызығушылығын оятты. Мектепте Жауынгерлік және еңбек даңқы залдары мен «Менің туған өлкем – Қазақстан» музейі пайда болды. Тәлімгерлермен бірге оқушылар Мәскеу, Ленинград, Волгоград, Ульяновск, Шушенское қалаларына танымдық сапарларға шығып, Польшаға екі рет саяхат жасады.

​1977 жылы мектеп жүйесі қайта құрылғаннан кейін де Күләш Хаджанқызы қаладағы беделді мектеп басшыларының бірі болды. Ол он шақырылым қатарынан Көкшетау қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды, халық ағарту ісі жөніндегі тұрақты комиссияны басқарды. Облыстық кәсіподақтар кеңесі төралқасының хатшысы болып жұмыс істеді, көп жылдар учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы болды, ал, 1991 жылы Қазақстан Компартиясы XVII съезіне делегат болып сайланды.

​Ардагер ұстаздың көп жылғы адал еңбегі мен қоғамдық белсенділігі жоғары марапаттармен атап өтілді. Ол «Құрмет Белгісі» орденімен, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Оның оқу-ағарту, идеология және кәсіподақ жұмысы саласындағы жемісті қызметі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақстан кәсіподақтар төралқасының Құрмет грамоталарымен аталып өтілді. Облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер және «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атанды.

​Күләш Хаджанқызы осы белсенді азаматтық ұстанымын әлі күнге дейін сақтап келеді. Бүгінгі таңда да Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төралқасында жұмыс істейді және жастар мен әріптестері үшін сөзінің салмағы бұрынғы күйінде қала беруде. Ол ардагерлер емханасы жанындағы «Алтын жас» клубының мүшесі және Көкшетау қаласы білім беру музейінің негізін қалаушы. Біз үшін 90 жасқа келген апайымыздың қадірі осымен-ақ артып тұр. Ол кісінің тағдыры ар-намысқа, өз ісіне адалдыққа және шәкірттерінің, әріптестері мен жерлестерінің ризашылығына толы тұтас бір дәуір.

​Біздің архивіміздегі Күләш Хаджанқызының №493 жеке қорын ұзақ та қажырлы ғұмыр иесіне деген зор ілтипатпен қолымызға ала отырып, қарт ұстазға, аяулы білім бағбанына әрі қарай да ұзақ ғұмыр, бақытты қарттық тілейміз. Тоқсанның тұғырында да еңбекпен, елге қызмет етумен өтіп келе жатқан ұлағатты өміріңіз кейінгі жастарға үлгі болсын!

Бақытжан АЙДОСОВА,
Көкшетау қаласының мемлекеттік архивінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар