Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласы мен оның іргесінде орналасқан Краснояр кентіндегі бірқатар әлеуметтік, коммуналдық және су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысып, көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері мен басқа да міндеттерді пысықтады.
Өңір басшысы алдымен облыс орталығының бас гидротехникалық нысаны – Шағалалы су қоймасында болып, қар суының тасқынына жол бермеу мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Көкшетау қаласының іргесіндегі бұл гидротехникалық нысан қыс және көктем мерзімінде Шағалалы өзенінің суын тоқтатып, реттеп отыруға арналған. Су торабының тасқын су қабылдау мүмкіндігі 28 миллион текше метрді құрайды. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаевтың айтуынша, қазіргі таңда мұнда 14 миллион текше метр су қоры жиналған. Су қоймасы Көкшетау қаласын жылына 10 миллион текше метр сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жақын елді мекендерде тосын жағдайлардың алдын алу үшін су торабының шлюздерімен тасқын су жоспарлы түрде ағызылып отырады. Облыс әкімі тасқынды су деңгейін тұрақты түрде бақылаудың қажеттігіне тоқталып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы бұдан кейін өткен жылы іске қосылған Краснояр кентінің іргесінде орналасқан «Вичи» серіктестігінің жел электр станциясының жұмысымен танысты. Аталмыш электр стансасы жаңартылған бес генератордан тұрады. Кешеннің құрылысы мен іске қосу құны 1,7 миллиард теңгені, ал, қуаты 3,75 МВт «жасыл» энергияны құрайды. Жобаны әрі қарай дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы қосымша энергия қондырғыларын салу жоспарланған. Инвестициялық жобаны қолдау мақсатында қала әкімдігі 40 гектар жер телімін бөлген. Осы аумақта биыл қолданыстағы жел генераторларына сол қуаттылықтағы тағы 7 қондырғы қосылады. Осы орайда, өңір басшысы тиісті сала басшыларына бұл мәселені назардан тыс қалдырмау керектігін баса айтып, бірқатар тапсырмалар берді.
Қыс көрпесі қырдан сырғып жатқан тұста бүгінгі басты міндеттердің бірі – көктемгі су тасқынына жол бермеу мәселесі. Осыған орай, сапар барысында өңір басшысы су тасқыны орын алуы мүмкін қауіпті учаскелердегі бөгеттерді бекіту мәселесіне де баса назар аударды. Осындай бөгеттің бірі Краснояр кентінің жанында тұр. Бұл бөгеттің жалпы ұзындығы 600 метр. Шағалалы өзенінің арнасын бойлай жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу үшін ағымдағы жылы Краснояр кенті жағынан бөгет топырақпен нығайтылды.
Бұдан кейін аймақ басшысы облыс орталығында таяуда ашылған «Radius» скейт паркіне барып, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпкер Александр Пушкаревтың айтуынша, оның негізгі мамандығы дыбыс режиссері екен. Пандемияға байланысты негізгі табыс көзі тоқтап қалған соң көптен бері көкейінде жүрген ойларды жүзеге асырып, осылайша арман-мақсатына қол жеткізген.
–Біздің Көкшетауда жастарға арналған скейт алаңдары некен-саяқ. Содан, экстремалды спорт түрлерімен шұғылданатын (скейтбординг, трюктік самокаттар, BMX-велосипедтер) скейт-саябақ жасап шығаруды ойға алдым. Бір атап өтерлігі, «Radius»-ті өз қаражатыма аштым, несиелер мен бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына жүгінген жоқпын, – дейді кәсіпкер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс орталығындағы «Истоки» мәдениет үйінің салтанат залында орналасқан скейт саябаққа көкөрім жастар көптеп келеді. Олардың көбі осында бос уақытын өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануды жөн санайды. Байқағанымыздай, қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді, кіре берісте сырғанау ережелері туралы жадынамалар орналастырылған, бейнебақылау да бар. Скейт алаңның жұмысымен танысқан өңір басшысы ұжым жұмысына оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Ермек Маржықпаев ауыл шаруашылығы техникаларын сатумен және қызмет көрсетумен айналысатын «Казрост» серіктестігіне барып, ұжым жұмысымен танысты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.