Облыстың шалғай елді мекендеріне білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт саласы бойынша жас мамандарды тартып, олардың сол жерлерде тұрақтап қалуы мақсатында қолға алынған мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» және «Серпін-2050» бағдарламалары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте талқыланып, олардың жүзеге асырылуы барысында әлі де келелі мәселелердің бар екендігі айтылды.
Елімізде «Дипломмен–ауылға» бағдарламасы 2009 жылы бастау алып, 2010 жылы жастарды қолдау үшін көтермеақыдан бөлек баспана алуға несие беру жеңілдігі қосылды. Бағдарламаның мақсаты – ауылды аймақтарға білікті мамандарды тарту арқылы шалғай елді мекендердегі кадр мәселесін шешу, қызмет көрсету деңгейін арттыру. Бұған дейін елдімекендерге бағдарлама аясында жоғарыда аталған сала мамандары жіберілген болса, 2020 жылдан бері ауылдық әкімдіктердің аппараттарына бас маман, жетекші маман E-G-3, E-G-4 санатындағы жастар тартыла бастады. Қазіргі таңда ауылға жұмысқа орналасқан жастарға 100 АЕК мөлшеріндегі көтермеақы және 1500 АЕК көлемінде баспана алуға немесе үй салуға пайыздық мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несие 15 жылға беріледі. Мұндай әлеуметтік көмек түрлерін алған мамандар сол ауылдық мекенде кем дегенде 3 жыл жұмыс істеулері тиіс.
–Жоба басталғалы облыстың елді мекендеріне келген 5 мыңнан астам жас маманға бюджеттен 809 миллион теңге көтермеақы төленіп, 2801 маманның баспаналы болуына 8,3 миллиард теңге несие берілді. Биылғы жылы өңірге келген 339 жас маманға бюджеттік несие, ал 616 жасқа көтермеақы беру қарастырылып отыр. Әлеуметтік көмек түрін алған кейбір мамандардың арасында ауылда 3 жыл жұмыс істеуден бас тартып, шартты бұзып жатқандары да кездеседі. Жоба қолға алынғалы облыста 940 келісім-шарт бұзылып, бюджетке 415,5 миллион теңгенің шығынын келтірді. Қазіргі уақытта қолданылып жатқан шаралардың нәтижесінде 341,4 миллион теңгесі қазынаға қайтарылды. Қайтармаған мамандардың ісі сотта қаралып, тиісті шешімдер шығарылады. Бұл мәселе күн сайынғы бақылауда, –деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова.
Жалпы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шарапаты мол. Қолына дипломын алған жас маманның өмір жолында ысылып, толысуына, мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер арқылы жағдайын жасап алуға көп мүмкіндік береді. Әрине, бас кезінде қаладан баратын жастарға қиын болуы мүмкін, бірақ көптеген жастарымыз аталған бағдарлама арқылы ауылдарға барып, шаңырағын көтеріп, отбасылы болып, ауылдың өсіп өркендеуі жолында, оның көркейіп, сақталып қалуына үлкен септігін тигізуде.
Брифинг барысында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов жан-жақты айтып берді. Бұл – индустриялық-инновациялық жобалар үшін мамандар даярлауға, жастарды кәсіптік бағдарлап, тиімділікті арттыруға, экономикалық белсенділікті дамытуға және ішкі еңбек көші-қонына бағытталған саяси бағдарлама болатын.
–Бүгін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Серпін – 2050» бағдарламасымен педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген 1342 студент білім алуда. 2020-2021 оқу жылында 17 мамандық бойынша 254 талапкер оқуға түсті. 2017 жылы бағдарлама бойынша оқуға түскен 323 студенттің биыл 306-ы бітіріп шығады. Жоба басталғаннан бергі соңғы 3 жыл ішінде университеттен 714 түлек диплом алып шықты, олардың 528-і жұмысқа орналасты. Осы түлектердің 195-і өз өңіріне қайта оралса, біздің Ақмолада небары 71-і ғана тұрақтап қалды. Әртүрлі себептермен 54-і басқа облыстарға кетсе, 174 -і оқуларын магистратурада жалғастыруда, -– деді Аманай Асылбайұлы.
Бағдарлама халқы тығыз орналасқан және қазақылығы басым оңтүстік облыстардың жастарын солтүстік аймақтарға білім алуға жіберіп, кейін оқыған өңірінде тұрақтап қалуы үшін жасалған саясат екені белгілі. Десе де, солтүстік өңірлердің өз жастарына мемлекеттік грант алу жағынан кедергі келтіретінін де жасырмаймыз. Таяқтың екі ұшы болады демекші, университет ректоры кеңесшісінің айтуынша, студенттердің көбі облысқа жақын орналасқан елордаға қызығып келіп, сол жаққа қарай ұмтылады екен. Кейбір жастар ортаға бейімделе алмай, немесе климат жақпай туған жерлеріне оралуда. Жалпы мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсы болмасын, өзіндік пайдалы, тиімді тұстары көп. Ендігі арада солтүстік аймақтардың жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант арқылы тегін білім алған жастарды сол жерде ұстап қалу үшін халқы көп шоғырланған оңтүстік облыстардың отбасыларын солтүстікке көшіріп, жұмыспен қамту секілді бағдарламамен кіріктіріп жіберсе, мүмкін жастар алған білімдерін сол кезде ақтап, тұрақтап қалар…
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.