Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жауқазынның» оң қадамы, сәтті қойылымы - АРҚА АЖАРЫ

«Жауқазынның» оң қадамы, сәтті қойылымы

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы «Жауқазын» студенттік жастар театры Ақмола облыстық орыс драма театрының сахнасында қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдіктің шығармасы негізінде хоррор драма жанрындағы «Оң қол» спектаклін көрермен назарына ұсынды.

Адам баласының біреуге істеген зұлымдығын күндердің күні Хақ тағала алдына әкелетіні шындық. Иә, кейде өмір шыр көбелек айналдырып, қандай да бір қиындыққа тап болған, ауыр дертке шалдыққан жандар осы арқылы өзінің, я ата-анасының жасаған қателіктері үшін жауап беріп жатқанын білмей де қалады.Тылсым күштердің әсерінен пайда болған дертінен психиатриялық ауруханада емделіп жатқан Алма есімді бойжеткеннің тағдыры арқылы режиссер көрерменге өмір бумеранг екенін, бұл дүниеде ешкімге қиянат жасауға болмайтынын түсіндіруге тырысады.
Қойылым жазушы Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасындағыдай дәрігердің әңгімесімен басталады. Бір дененің ішінде екі түрлі жан иесінің кезектесіп өмір сүруі секілді психопотологиялық дертке шалдыққан Алма есімді бойжеткенді ата-анасы психиатриялық ауруханаға жатқызады. Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін-өзі бірнеше рет қылқындырып өлтірмек болғанын, қыздары тек маңындағылардың араласуымен аман қалғанын айтады. Алма болса, «Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр, – деп өзінің оң қолын көрсетеді.
Бағына қарай, мекемеде қызға психиатриялық ауруханада емделіп жатқан науқастарды жатсынбай, жүрек жылуы арқылы емдеуге тырысатын ақ халатты абзал жан кезігеді. Ол Алмаға ерекше қамқорлық танытып, түнделетіп кезекшілікке қалып, оң қолы өзіне шабуыл жасаған сәттерде жанынан табылуға тырысады. Дәрігер Алманың өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, бұл ауру қызға тұқыммен берілгенін, науқастың әке-шешесі, я атасы бір кезде өзін-өзі өлтірмек болғанын, енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасына енгенін түсінеді. Сондықтан, қызда қатерлі ұстаманың қай мезгілде болатынын біліп, дәл сол уақытта Алманың қасынан табылып, оң қолын бақылап, кейде тас қылып ұстап отырады.
Бірде жалғыздықтан жаны жабырқаған қыздың көңілін көтеріп, ауруын бір сәтке болсын ұмыттыру үшін жатарда ертегі оқып берсе, енді бірде өзімен бірге далаға серуендеуге алып шығады. Уақыт өте келе Алма психиатриялық дәрігердің өміріне сән беретін, мән беретін жақын адамына айналады. Алманы қалай да оң қолының зұлым әрекетінен аман алып қалу үшін бас дәрігерге қыздың оң қолын кесіп тастау қажеттігін айтады. Дәрігер жігіт қызды оң қолсыз да өз өміріне қабылдауға дайын еді. Алайда, отаға жетпей, дәрігер жігіттің өзі тылсым күштердің әсерінен қылқынып өледі. Негізі, шығарманың желісі бойынша қыз көз жұмуы тиіс болатын. Алайда, жас режиссер Жамиғат Серік Алманы тірі қалдырып, спектакльді өмірге деген құштарлықпен аяқтауды жөн көрген. Осы ретте, «Оң қол» спектаклін қойған режиссер Құдайберген Насыровтың шеберханасында тәлім алған шәкірті, кезінде осы «Жауқазын» жастар театрында ойнаған өнерлі жас Жамиғат Серік екенін айта кеткеніміз жөн. «Жауқазын» театрының жас ұжымы шығарманың идеясын өте жақсы түсініп, әрбіреуі өздеріне берілген рөлдерді жақсы сомдап шықты, тіпті өнерлері арнайы оқу орнын бітірген актер мен актрисалардан кем түспеді деуге болады. Әсіресе, бас-
ты кейіпкер Алманың рөлін сомдаған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 2 курс студенті Аяжан Тасболатова, психотерапевт дәрігердің рөлін сомдаған аталған білім ордасының 1 курс студенті, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы Ерасыл Жанғалиев көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, спектакльде ойнаған Сымбат Тұрсынқұл, Мәдина Нұржақып, Ұлархан Бегежан, Аружан Абай, Шұғыла Төлеуова есімді жастар да болашақта дарынды өнер иесі бола алатындарын көрсетіп берді. Спектакльді музыкалық әрлеп, би иірімдерін енгізген де жастардың өздері. Біз басты кейіпкер Алманың рөлін сомдаған Аяжан Тасболатованы әңгімеге тартқан едік. Аяжанның жастар театрында өнер көрсетіп жүргеніне биыл екінші жыл екен. Былтыр «Сен мені жоғалтып алмашы» қойылымында қосалқы рөлдердің бірін сомдапты.
– «Жауқазын» жастар театры жастарға қабілеттерін шыңдауға, сөйлеу дағдыларын дамытуға, ең бастысы бос уақыттарын жан дүниелерін рухани байыта отырып өткізуге зор мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мұғалімдік мамандыққа оқып жатырмын. Алайда, университетті тәмамдағаннан кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер академия-
сына түсу жоспарымда бар. Негізі бала күнімнен танымал актриса болуды армандайтынмын. Осы театр арманыма бір қадам жақындауға көмегін тигізді. Жастарға рухани қолдау білдіріп отырған ұстазымыз Құдайберген Насыров ағамызға зор алғысымызды айтамыз, – деді Аяжан Тасболатова.
«Оң қол» спектакліне жастар бір ай бойы қызу дайындалған. Коронавирус індетінің таралуына байланысты колледждер мен университеттерде тек бірінші және бітіруші курстардың студенттері ғана оқып жатқандықтан, театр студиясының мүшелеріне де толық құраммен жиналу әзірге мүмкін болмай отыр. «Оң қол» спектаклінде де дәстүрлі режимде білім алып жатқан студенттер ойнап шықты. Солардың бірі – Ерасыл Жанғалиев. Студенттік жас-
тар театрының қатарына биыл қосылған Ерасылдың ақындық қабілеті де бар. Ол биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық жыр мүшәйрасында жүлделі екінші орынды иеленген екен. Талапты жас келешекте өмірін өнермен байланыстырамын деген ниетте.
Міне, осындай жауқазын жастарды өнерге талпындырып келе жатқан ұстаздары, аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, әрі режиссері, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Құдайберген Насыров.Осыдан 15 жыл бұрын құрылған «Жауқазын» студенттік жастар театрының құрамында осы күні 60-қа жуық жастар өнер көрсетеді. Театрға жыл сайын кас-
тинг арқылы 12-15 адамнан қабылданып отырады. Мұнда шыңдалған кейбір жастар бүгінде өнерден өз орындарын тауып, еліміздің бас театрларында еңбек етіп жүр. Жауқазын жастар Марий Эль елінде және үш мәрте өз елімізде өткен студенттік жастар фестиваліне қатысып, жүлделі орындармен марапатталған. Былтыр театр мүшесі Марий Эль Респуб-
ликасы онлайн режимде ұйымдастырған актерлік әндер фестивалінде жүлделі орынға қол жеткізіпті.
–Театр – ең бір бекзат өнер. Жастардың театр өнеріне деген талпынысы қуантады. Жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіктің постмодернизм ағымымен жазылған терең психологиялық «Оң қол» әңгімесі сонау 70-ші жылдардың басында қазақ әдебиетінде үлкен резонанс туғызған шығарма болатын. Осындай шағын ғана әңгімеден философиялық драма жасап, психологиялық спектакль дайындаған ұжымға ризашылығымды білдіремін, – деді спектакльден кейін өнерлі жас-
тарды қошеметтеу рәсімінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Ерболат Баят жастардың өнеріне жоғары баға берді. Содан кейін жас актерлерге Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаевтың Алғыс хаттары салтанатты жағдайда тапсырылды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар