Қарттарым, аман-сау жүрші

Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндері қарсаңында облыс әкімі  Ермек  Маржықпаев  Көкшетау қаласындағы «Үміт-Шаңырақ»  қарттар үйінде болып, қос мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Қарттар үйі – жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттарды  әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылады. Бұл мекеменің ашылғанына бес жылдан асқан.  Осы жылдар ішінде өңір басшысы Ермек Боранбайұлы  «Үміт-Шаңырақ»  орталығындағы қарттармен ой бөлісіп, олармен әңгімелесіп, сыйлықтар тарту етуі жыл сайын дәстүрге айналған. Биылда сол дағдыдан айнымай, қарттар үйіне барып, олардың шырқаған әндерін тыңдап, жылы-жүзді кездесу өткізіп, бір қуантып қайтты.

«Үміт-Шаңырақ» қарттар үйінде ұлттары әртүрлі, әр қалалардан келгендер мен өз балалары осы жергілікті қалада тұрып жатқан 54 ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз орналасқан екен. Онда осы қарттар мен мүгедектер үйін паналап отырған 40 жастан 91 жасқа дейінгі көңілі жарым жандар тұрып жатыр. Мүмкін, кім білсін, орталық «Үміт» деп текке аталмаған да шығар. Жүздерін әжім торлап, көңілдерін мұң басқан қарттарымызды балалары, туыстары ойланып келіп, алып кетпесіне кім кепіл? Ылайым, солай болғай!

Қалай десек те, өңір басшысының өздеріне арнайы келіп, құттықтап, хал-жағдайларын білгеніне риза болған қарттар үйінің тұрғындары алғыстарын жаудырып, ақ баталарын беріп жатты.

Кездесудің соңы облыстық мәдениет басқармасының өнерлі жастарының әсем әндеріне ұласты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар