Тараған ауылдардың иесі болмағанымен, киесі бар

оларға қырын қарамас бұрын осыны да ойлайықшы

Шағын ауылдардың еліміздің картасынан бірте-бірте өшірілуі әлі де жалғасып келеді. Тек қана біздің Ақкөл ауданынан Мереке, Бегачевка, Филиповка, Еңбек, Молда Шәріп, Шілікпай, Қырғызбай, Қосқарағай, тағы басқа елді мекендер бұрыннан өмір сүрулерін тоқтатқан. Осы ауылдардың тұрғындарының ұрпақтары бүгінде жұрттарының төмпешіктерін көріп, бейіт басына барып, туыстарына зиярат етіп қайтуда. Басқа амал жоқ. Өткен қыста «Арқа ажары» газетінде шыққан Қайырбай Зейноллаұлының «Ауылдары жоқ, бірақ, намыстары бар екен» атты мақаласындағы Кеңес ауылында әйтеуір, Нәдірбек Бақтияровтың арқасында ауылда бір үй қалып, ел азаматтарының күш-жігерімен мешіт үйі сақталып, жылдың қай мезгілінде барсаң да ат басын тірейтін жері бар көрінеді. Әрине, бұл да мақтанарлық емес. Ауыл тұрғындары қолдарын мезгілінен кеш сермеген деп ойлаймын. Елді мекеннің өмір сүруінің тоқтауының басты себептері жұмыссыздық, тұруға жағдайдың жасалмауы, мектептің жабылуы.
Дана халқымыз айтқандай «балық судың тереңін іздейді, адам өмірдің жеңілін іздейді» демекші, жұрт жайлы жерлерге қоныс аударады. Біздің ауданда бүгінде 12-дей кішкене ауылдар бар. Урбанизацияға байланысты үкімет келешегі жоқ елді мекендерге жатқызып, қаржы бөлмейді. Өйткені, ол өзін-өзі ақтамайды. Меніңше бұл тұйықтан шығудың негізгі жолының бірі сол ауылда туып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген жерлестер қоғамдық қор құрып елінің өмір сүруіне үлестерін қосса, «көп түкірсе көл болады» деген қағида өз жемісін берер еді. Қаржы болса,біраз проблемаларды шешуге болады.
Екінші, мектептің жабылмау қамын ойлаған дұрыс шығар. Оны шешу жолы меніңше жастарды тұрақтандыру. Ол үшін жұмыс орны болу керек дейміз. Ол түсінікті, оған үкіметтік орындар қауқарсыз. Біреулер мені сөгуі мүмкін, мұндай жағдайда жұмыс кісіні іздемеуі керек, керісінше, кісі жұмысты іздеуі керек. Бір халықа керек кәсіп ашуға болады. Ең ауыры, бірақ, көл-көсір пайдасы бар мал өсіру. Ондай мысал біздің ауданымызда бар. Қараөзек ауылының тұрғыны, сексеннің сеңгіріне шыққан Серік Асқаров азғантай малдан бастап, қазір үлкен ферма болып отыр. Бұл мәселеде менің елім Амангелді ауылында да қозғалыс бар. Орман шаруашылығындағы жақсы қызметін тастап, мал шаруашылығымен айналысып жүрген Сағындық Әбдірахманұлы Ибраевты атауға болады. Бұл азаматтың ақылшысы да, кеңесшісі де ғұмыр бойы мал шаурашылығында істеген әкесі Әбдірахман ақсақал. Сөздің реті келгенде айта кетейін бұл кісі менің әкеммен еңбектес болып еді.
Мұндай үлкен шаруашылықтары болмаса да біраз мал өсіріп, оның жемісін көріп отырған жерлестерім Ахмедия Балабеков, Жұмабеков Талғат, Нұрман Сәмет, ағайынды Иманбаевтарды мақтанышпен айта аламын. Енді осы кісілер делдалдарға жем болмай, Үкімет тарапынан дайын етті дұрыс бағасымен алуды ұйымдастырса, олардың қатары көбейе түсер еді. Ауылымның келешегі онша емес. Мектепте небары 32 бала оқыса, мектепке дейінгі мекемеде 13-ақ бала. Өткен жылы осы мәселені ойластыруды, жалпы, ауылымыздың келешегін жиналып қарауды ойластырғамыз, оған мына пандемия кедергі жасады. Енді осы эпидемия жақсарғаннан кейін жиналмақшымыз. Өткен жылы кіндік қандары тамған жерлестердің саны 300-дей еді. Бұл үлкен күш қой. Осы азаматтар мүмкіншіліктеріне қарай ауылымызды сақтауға үлес қосса, біраз проблемаларды шешуге болады.
Былтыр аудан әкімі Алпысбай Қуандықұлы біраз қаражат бөліп, мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, әжептәуір тәуір көпір салынып еді, осыған тұрғындардың еңсесі көтеріліп қалды және аудан орталығына дейінгі жол жақсарды. Естуімше, кейбір бұрын көшпекші болғандар, керуен көшін тоқтатқандай. Негізгі мақсат – туған елімізді жойып алмау. Ертеректе Ерханов деген азамат Қосқарағай ауылын жандандырғысы келіп, бір үй салды, одан әрменге күші жетпейді. Бұрынғы жерлестері қолдау жасап, көмек көрсетпейді-ау деймін. Ауылдың өшуі қиын емес, оны қайтадан орнына келтіру мүмкін емес. Сондықтан, кішкене ауылдан тараған азаматтарға айтарым, еліңді сақтау үшін бүгіннен қалмай кіріскен дұрыс болар еді. Жоғарыда айтқан мақаладағы Кеңес және біздің ауданда жойылып кеткен ауылдардың күйін кешіп қалмайық.

Еркін Дәуешұлы,
еңбек ардагері.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар