«Менің әулетімнің тарихы»

Ұстаз – шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар, ақыл-парасат пен көркем мінез сіңіруші жан. Сол себепті де, ұстаз есімі қашанда құрметті. Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесіне қарайтын Краснояр кітапханасында «Ауыл.Тарих.Тағылым.» жобасы аясында Аманкелді Жекенұлы Рыспамбетовпен «Менің әулетімнің тарихы» атты кездесу өтті.

Кез-келген адамның бойында жақсы қасиеттердің болуы, өнер-білімді игеруі өскен ортасы мен білім берген ұстазына байланысты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, ұстаздар үнемі жас ұрпақты тәрбиелеумен бірге, оларға білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Осындай ұлағатты, үлгілі ұстаздар әулетінің бірі – Рыспамбетовтар әулеті.
Аманкелдінің әкесі Жекен Рыспамбетұлы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдап, математика, физика, астрономия пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Сөйтіп, 45 жылдық ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. 1917 жылғы қазан төңкерісі кезінде дүние есігін ашқан Жекен ағамыздың руы Жағалбайлы. Сол жылдардағы нәубетте әкесі мен апасы аштықтан қайтыс болып, немере ағасының қолында ер жетеді.
Мектепте мұғалім болып қызмет атқарған ағамыз 1948 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Қызылсая ауылына қоныс аударып, осы жерде қызметін жалғастырады. 1949 жылы Жекен ағамыз Арғыннан тарайтын Шабал Мұқанқызына үйленеді. Екеуі тоғыз бала өсіріп, тәрбиелеп, ер жеткізеді. Жекен ағамыз өзінің еңбек жолында үлкен дәрежелерге қол жеткізіп, құрметке ие болды. Сөйтіп, ол кісіге 1961 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» жоғары атағы берілді. Оқушылары еліміздің түкпір-түкпірінде, әртүрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Осы кісінің құрметіне балалары мен немерелері Қызылсая орта мектебінде математикалық олимпиадаларды өткізетін оқу кабинетін ашты.
«Менің әулетімнің тарихы» атты әсерлі кездесу кешінің құрметті қонағы Аманкелді Жекенұлы да әке жолын қуған өз ісінің майталманы. Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан оқушыларға дәріс береді. Талай шәкірттері осы ұлттық спорт түрінен топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ата жолын қуып, мектепте сабақ беріп жүрген Әсет атты ұлы тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Кезінде Аманкелді ағамыздың өзі де талай рет шебер тоғызқұмалақшы атанып, облыстық, республикалық жарыстарда көзге түскен жан.
«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Бөкейханұлының сөздері бұл отбасының өмірлік ұстанымымен үндесіп жатқандай.
Нұрлан ҚЫСТАУБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар