Бұл дерттен әлі де сақтану керек

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «ЖИТС-ты тоқтатамыз!» деген тақырыппен осы аурудан қайтыс болғандарды Халықаралық еске алу күніне арналған брифинг болып өтті.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының бастамасы бойынша мамырдың үшінші жексенбісі ЖИТС-тен қайтыс болғандарды Халықаралық еске алу күні ретінде атап өтіледі. Осыған орай, брифингте облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов пен орталықтың алдын алу жұмысы бөлімінің меңгерушісі Зоя Хван АИТВ инфекциясы бойынша өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы әңгімелеп берді.
Жалпы, қоғамның назарын аурудың таралу мәселесіне аудару, халықты инфекцияның берілу жолдары мен алдын алу шаралары туралы хабардар етудің деңгейін арттыру, осы індетке байланысты өмірі үзілген адамдарды еске алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсету осы күнге арналған іс-шаралардың негізгі мақсаты болып отыр. Оған қоса, мұндай адамдарды кемсітуге жол берілмеуі, оларды емдеу арқылы күтім жасалуы қажет.
Осы науқан аясында көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу мақсатында кең ауқымды акциялар, баспасөз конференциялары, ақпараттық бағдарламалар, көрмелер ұйымдастырылуда.

– Өкінішке орай, бүгінгі күні елімізде коронавирус пандемиясының қалыптасуына байланысты бұқаралық іс-шараларды өткізу мүмкін болмай отыр. Осыған орай, ЖИТС-тен қайтыс болғандарды Халықаралық еске алу күні аясындағы барлық іс-шаралар Ақмола облысында да онлайн форматта өткізіледі, – деді Құрманбек Жұмабекұлы.

2021 жылдың 20 сәуірі мен 17 мамыры аралығында Ақмола облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығы «Жас-
тар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі «Үздік ерікті» атты бірінші облыстық байқауын өткізіп отыр. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Байқау жеңімпазы 50 000 теңге, ал, бірінші, екінші, үшінші орын алған жүлдегерлер тиісінше 15000, 10000 және 5000 теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Бұл туралы Instagram, Facebook, BKонтакты әлеуметтік желілеріндегі Ақмола облыстық ЖИТС орталығының ресми аккаунт беттерінде байқау ережелерімен толығырақ танысуға болады.

Ақмола облысында АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін жеткізген Зоя Хван, бірқатар мәліметтерден хабардар етті. Ағымдағы жылдың төрт айында өңірімізде 38 жағдай тіркелген. Жалпы, АИТВ-мен өмір сүріп жатқан адамдар саны 810. Облыста бұл инфекцияның таралу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 109,9-ды құрайды. Осы қатерлі індеттен ең көп зардап шеккен 30-39 жас аралығындағылар. 71 пайызы халықтың жұмыс істемейтін тобынан. Сондай-ақ, ағымдағы жылы бұл қатерлі індетпен ауырғандардың басым бөлігі оны жыныстық жолмен жұқтырғандар.

Мұндай, АИТВ инфекциясының «қауіп-қатер тобы» деп аталатын шегінің қарапайым халық арасында таралғаны өкінішті-ақ. Сондықтан, мамандар адам денсаулығына қауіп төндіретін мұндай аурулардан сақтану үшін осы дертке шалдыққан жандардың антиретровирустық препаратты уақытында қолдануларына жағдай жасауда. Бастысы – сақтық шараларын естен шығармаған жөн.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 575 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар