Осыдан 20 жыл бұрын Көкшетау қаласының мемлекеттік архивінде Мұса Асайынов атындағы арнайы қор ашылған еді. Бүгінгі таңда осы қордан Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, елі үшін елеулі еңбек сіңірген ерен тұлға, халық музыкасын жинақтаушы, суырып салма ақынның еңбектері мен өмір жолы жайлы толық мағлұмат алуға болады.
Ақын атындағы қорда библиографиялық сипаттағы құжаттар, оның шығармашылығы мен қызметі жайлы мәліметтер, мәдениет саласының ардагерлері жазған естеліктер, ақындардың фотосуреттері бар фотоальбом сақталған. Кезінде қызы Зылиха жеке қор құруға белсене қатысып, мемлекеттік архивке әкесінің таңдаулы әндері, өлеңдері мен поэмалары, ақындар айтыстары жазылған «Жүрегімнің жұлдызы» атты жинақты және автордың өз орындауындағы туындылар жинақталған компакт-дискіні сыйға тартыпты.
Мұса Асайынов кезінде «Көкшетау» фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары ансамбілінің көркемдік жетекшісі болған дарынды тұлға. 1929 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Володар ауданы, Өскен ауылында дүниеге келген өнерпаз жастайынан домбыра тартып, ән айтуға әуес болады. Ол бала кезден қазақтың көрнекті сал-серілері Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай секілді дүлдүлдердің ән-жырларын орындайды. Оның алғашқы ұстазы, өзінің нағашысы, белгілі суырып салма ақын Молдахмет Тырбиев екен. Жас кезінде өлең-жырлары Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленинское знамя» газетінде, содан кейін «Көкшетау правдасында» жарияланып тұрыпты.
Мұса Асайынов еңбек жолын 1946 жылы Солтүстік Қазақстан облысының концерттік-эстрадалық бюросының әншісі болып бастаған. 1951-1953 жылдары облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің әдеби қызметкері болып жұмыс істесе, 1953-1962 жылдары туған ауылындағы клубты басқарған, ал, 1964 жылдан бастап сол кездегі В.И.Ленин атындағы мәдениет сарайындағы қазақ көркемөнерпаздар ұжымының көркемдік жетекшісі болды.
Мұса Мырзағұлұлы облыс тұрғындары арасында ұлттық өнерді насихаттау бағытында көптеген жұмыстар атқарды, әуесқой орындаушылардың қарым-қабілеттерін ұштап, шеберліктерін жоғары дәрежеге жеткізді, олардың көпшілігі кейін кәсіби әртістерге айналды. Ал өзі басқарған ұжым облыстық фестивальдар мен көркемөнерпаздар байқауларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырды.
Облыстық ақындар айтысында алғаш рет 1954 жылы өнер көрсетіп, табан астында тауып айтатын суырып салма ақындық өнері мен ерекше күшті дауысы көпшіліктің назарын аударады. Сөйтіп, 1964 жылы Целиноград қаласында өткен өңіраралық ақындар айтысында жеңімпаз атанады. Сондай-ақ, бірнеше рет Мәскеуге гастрольдік сапармен барып, Кремльдің съездер сарайында, Лихачев зауытында, «Правда» газетінің клубында өнер көрсеткен.
Ол әркез өз шығармаларында еңбек адамдарын дәріптеп, елдің жетістіктерін насихаттаған, туған жерінің сұлулығын жырлап өткен. Сол елеулі еңбегі үшін 1974 жылы оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Ұзаққа созылған ауыр науқастың салдарынан 1976 жылы 8 қаңтарда Мұса Асайы-
нов қайтыс болды. Өмірінің соңғы жылдары ол өзінің бірнеше әнін грампластинкаға жаздырып, «Жанымның махаббаты» атты өлеңдер жинағын баспаға дайындаған. Соңында қалған мұрасы қазақтың көрнекті ақыны, өзінің бауыры Кәкімбек Салықовтың құрастыруымен және алғысөзін жазуымен «Аңшының аңызы» атты таңдаулы шығармалары 1978 жылы «Жалын» баспасынан жеке жинақ болып шықты.
Людмила ШРЕЙТЕР,
Көкшетау қалалық мемлекеттік архивінің архивисі.