Жер – түп-тамырымыз

Жер реформасы жөніндегі комиссия 2016 жылы да құрылған болатын. Халық қазіргі комиссиядан да алдыңғысынан тосқанындай, нақты жұмыс күтіп отырғаны анық.

Бұл комиссия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге тыйым салу туралы шешім қабылдауына орай құрылып отыр деп түсінемін. Осы жерде заңды бір сұрақ туындайды. Бұдан бес жыл бұрын құрылған комиссия шыбық басын сындырған жоқ па, әлде парламент жылына жүзден аса Заңдарды қабылдап жатқанда Жер кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізуге уақыт таппады ма?.. Ақмола облысында менің білуімше 14 миллион гектардан астам жер бар, оның 11 миллиондайы ауыл шаруашылығы жерлері. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат болса, неге тек ауыл шаруашылығы жерлері туралы Заң қабылданбақшы? Бұл бір сұрақ. Жерді сатпау, жекеменшікке, шетелдік компанияларға жалға бермеу, бір сөзбен айтқанда тауарға айналдырмау мәселесінде сан сұрақтар туындауы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдағылардың күнкөрісі – малдарын жаятын жердің тапшылығы жайлы жазып едім. Өйткені, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары келген ірі инвесторлар жекеменшіктің малын жайып жүрген жерлерді егістікке айналдырып алды. Міне, бұл мәселе әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Көп жерлерде бұрындары көктемде көкпеңбек масаты кілемдей боп, күзде сары алтындай ел ырыздығы дәнді дақылдар жайқалған егіс алқаптарын арамшөп басып тұрғанын көріп, бір беймаза күйге түсесің. Ол жерлерге мал да жайылмайды, өйткені, елді мекендерден 15-20 шақырымдай алыс. Ал, егістік жер үйдің іргесінде. Бұл қазақтың жерін талан-таражға салу деп түсінем. Жер – халықтікі, оның ішінде қазақтікі деген жалпылама сөз. Жер – мемлекеттің меншігі боп қалуы керек, бірақ мемлекеттің оны ешкімге сатуға, жалға беруге шешім қабылдауға құқығы жоқ. Олай дейтініміз кезінде Өзбекстанға үш ауданның жерін мемлекет берген. Қазақстанның барлық жерін есепке алып (инвентаризация земель), қазіргі күнде бұл жерлер кімнің иелігінде, заңды, заңсыз иеленген жерлер көлемін көрсетіп, тиісті заң, тексеріс органдарына да тапсырма беру керек деген ой келеді.

Жақында бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі, қазір «Ел мен Жер» қозғалысының жетекшісі Балташ Тұрсымбаев «ДАТ» газетіне берген сұхбатында Батыр Сейкенов дегеннің 3 миллион гектар жері бар екенін айта келіп, «Сейкенов өзіне 3 миллион гектар аңшылық жерді қандай жолмен еншілеген?! Үш миллион гектардан шашылып жатқан бұл не деген жер?! Бұл жерді оған кім берді, қандай құқықтық негізінде және қанша мөлшерде ақысын төлеп алды – дей келіп, Еліміздің қаншама жерін осы Сейкеновсымақтар басып алды! Мысалы, Қостанайдың ең шұрайлы 1,5 миллион гектар жерін Василий Розинов алып қойған. Ондайлар көп» дейді. Иә, мұндай мысалдарды Ақмола өңірінен де кездестіруге болады. Тілге тиек етіп, айтпақ ойымыз, жер мәселесіне келгенде қабылданар Заң тек ауыл шаруашылығы жерінің төңірегінде болмай, жалпы қазақ жерін алдымен қорғап, сосын тиімді пайдалану жолдарын заңдастыратын жалғыз-ақ құжат болуы қажет.

Тағы бір айтайын дегенім, кеңбайтақ Қазақстанда тұрып, 15 жылдың ішінде 10 сотық жер ала алмай жүргенім. Бұрынғы Көкшетау облысына қараған Чкалов ауданы тарағаннан кейін, басқа жерді қайтеміз, өзіміздің үйренген Көкшетауымызға қоныс аударсақ дұрыс болар деп, көшіп келіп, өсіп келе жатқан балалар бар ғой – 2006 жылы тамыз айында жер кезегіне тұрғам. Он төрт жыл өткеннен кейін, айтуға ұят, 1492-ші кезектемін. Осыдан кейін жер мәселесі жайында не айтар едіңіз, ағайын?!
Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар