Бұл – өзекті мәселе
Жаз мезгілі де аяқталып, әне-міне дегенше күз де келіп қалды. Өткен қысқы жылыту маусымы аяқталысымен, алдағы қысқа қолға алынған дайындық жұмыстары қазір тоқтамастан одан әрі жалғасуда. Кешенді шаралардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 37 пайыздан 35 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Өңірдегі өткен жылыту маусымы штаттық режимде сәтті аяқталды. Жүргізілген жөндеу науқанының нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетіп, 50 мыңға жуық абонентке берілетін жылудың сапасын жақсартуға мүмкіндік туды. Енді қалған күндерде алдыңғы жылыту маусымына дайындық аясында 5 маңызды нысан іске қосылып, жалпы ұзындығы 36,5 шақырымды құрайтын жылу желісі жаңартылады. Бұл ауқымды жұмыстар Степногорск, Атбасар және Щучинск қалаларын қамтуда. Сонымен қатар, облыстың он өңірінде 32 қазандық ауыстырылып, Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосын қоса алғанда, үш жаңа блок-модульдік қазандық іске қосылады.
Бұл жылыту маусымына дайындық науқанының басты мақсаты тұрғын үйлерге үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету болып табылады. Степногорск, Атбасар, Щучинск қалалары мен Сандықтау ауданының орталығы Балкашино селосындағы бес негізгі жобаның аяқталуының өзі 17 мыңнан астам абонентті тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз жылу желілерінің тозу деңгейі жоғары әрбір өңірмен осы бағытта нақты жұмыс жүргізудеміз.
Жалпы, өңірде жылу желілерін қайта жаңғырту, қазандық жабдықтарын жөндеу, жаңа блокты-модульді қазандықтарды іске қосу мен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Соның ішінде инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары қалалардың бірі Степногорск қаласына ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда жылу электр орталығының турбиналары мен қазандықтарын жөндеу, магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту және жылумен қамту жүйесінің жекелеген учаскелерін жаңарту жұмыстары қарастырылған. Сөйтіп, биыл аталмыш қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден шамамен 4,3 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.
Облыс орталығы Көкшетау қаласында да коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда. Атап айтқанда, №1 және 2 аудандық қазандықтардың жабдықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, жылу магистральдары мен техникалық су құбырларын қайта жаңғырту жобаларын іске асыру жоспарланған. 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына коммуналдық инфрақұрылымды әзірлеуге шамамен 6,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат жылу желілері мен магистральдарын, сондай-ақ, қазандықтардың жабдықтарын жөндеуге және қайта жаңғыртуға бағытталады. Сонымен қатар, көптен бері әңгіме болып келе жатқан Көкшетау жылу-электр орталығының құрылысы қолға алынып, қазіргі уақытта нысанның сыртқы инфрақұрылымын, оның ішінде жылу және электр желілерін, сумен қамту жүйелері мен көлік логистикасын жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Бурабай ауданында да биыл бес қазандық толық жаңартылады. 40 мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығы Щучинск қаласында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 80 шақырымға тең. Оның басым бөлігі жарты ғасыр бұрын салынған. Қазір осы себептен желілердің 70 пайызы тозған. Мұнда да алдағы екі жыл ішінде 23 шақырым жылу трассасын жаңарту жоспарланып отыр. Биыл бөлінген қаржыға құбырдың 8 шақырымы ауыстырылатын болады. Ауданда осы жұмыстар мен қазандықтарды жөндеу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде басымдық Бурабай кентіндегі қазандыққа берілген. Кезінде мұнда жабдықтардың тозуына байланысты кентті жылумен қамтуда бірқатар қиындықтар туындағаны бар. Бүгінде осында екі су жылыту қазандығы монтаждалып, №4 және №5 қазандықтарына ревизия жасалды.
Сонымен қатар, облыс бес дизель-генераторын сатып алды. Олар Зеренді және Бурабай аудандарында орнатылады. Осының бәрін айтқанда, 2026 жылы облысты қысқы жылыту маусымымен толыққанды қамту жұмыстарына 44,1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде 5,9 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 15,6 миллиард теңге облыстық бюджеттен, ал, 2,7 миллиард теңге Үкімет резервінен берілсе, қалған 7,9 миллиард теңге жеке инвестициялар есебінен қарастырылды. Осы арада жеке инвестицияларға тоқталсақ, Степногорск жылу-электр орталығы 7,4 миллиард теңге, «Степногорск ТеплоТранзит» 500 миллион теңге бөлді, сол сияқты, «АРЭК» акционерлік қоғамы мен «Көкшетау Энерго» да жөндеу науқанына 12 миллиард теңге бөліп отыр.
Жалпы, қазіргі уақытта жөндеу науқанына 12 миллиард теңге, энергия ресурстарын сатып алуға 11,2 миллиард теңге жұмсалды. Қысқы жылыту маусымы барысында өңірге 860 мың тонна көмір де қажет. Сондықтан, осы мәселеге де баса назар аударылып, қатты отынның алғашқы легі тамыз айының ортасынан бастап жеткізіле бастады.
Міне, осы атқарылған жұмыстарды ескере отырып, облыста алдағы қысқы маусымға жылыту жүйелері мен желілерінің дайындығы тұрақты бақылауда, қалған уақытта қазіргі қолға алынып жатқан жұмыстар толық аяқталып, қысқа қысылмай кіруге жағдай жасалады деп сеніммен айтуға болады.
Бақтыбек ЖАПАЕВ,
Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылығы басқармасының басшысы.
Сурет informburo.kz сайтынан.
![]()

