Болашақ университеті: білімнен де терең миссия

Міндетіміз – адам капиталын нығайту

Еліміз бүгінгі таңда дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінде әлемдік дамудың сипаты да өзгеріп, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстардың қорымен немесе өндірістік қуатымен ғана өлшенбейтін деңгейге жетті.

Әлемдік бәсекеде білім өндіре алатын, жаңа технология жасап, оны нақты экономикаға енгізетін, өзіндік зияткерлік өнім қалыптастыратын елдердің мүмкіндігі басым екені айқын. Осыған орай, білім мен ғылымға деген заманауи көзқарас та өзгеріп келеді.

Алдағы дәуірдің болашақ университеті – тек маман даярлайтын академиялық мекеме емес. Ол білім мен ғылымды, зерттеу мен технологиялық кәсіпкерлікті, мемлекет пен бизнесті, жергілікті қоғамдастықты ортақ мақсат төңірегінде тоғыстыратын зияткерлік те ой-сана, жаңғыру орталығы болуға тиіс. Ол жерде болашақ маман кәсіби біліммен қатар дербес әрі сыни ойлауды, шешім қабылдауды, жаңа идея ұсынуды, өз таңдауының салдарына жауап беруді үйренуі қажет деп ойлаймын.

Осынау міндет өңірлік университеттер үшін айрықша мәнге ие болып отыр. Өйткені, олар кәсіпорындармен, мемлекеттік мекемелермен, мектептермен, денсаулық сақтау ұйымдарымен, жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыста жұмыс істейді, үнемі тыныс-тіршілігін сезініп отырады. Соның арқасында аймақтың кадрлық, технологиялық және әлеуметтік қажеттілігін, маңызды сұранысын жақсы біледі. Бірақ, бүгінгі сұранысты білу жеткіліксіз. Ал, енді өңірге бес немесе он жылдан кейін қандай мамандар қажет болады? Қандай технологияға сұраныс артады деп ойлаймыз? Ғылым өндіріс пен қоғамның қандай мәселелерін шешуге тиіс? Міне, қазіргі заманауи университеттер осы сауалдарға бүгіннен қажетті жауап іздеп, болашақтың бағытын алдын ала бағамдай біліп, негізгі күретамыр жолдарын айқындап, терең талдауы қажет.

Ualikhanov University үшін бұл – көп жылға арналған, болжанған, айқындалған стратегиялық бағыт. Ақмола облысының жетекші де көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі ретінде университеттің өсу жолын осы аймақтың дамуынан бөліп қарамаймыз. Міндетіміз – адам капиталын нығайту, ғылым мен инновацияның дамуына жағдай жасау, адамның мүмкіндігін кеңейтіп, өңірдің стратегиялық қажеттілігіне жауап беру, кез келген бүгінгі таңдағы ізденістер мен талаптарға, сыни сұраныстарға дайын болу.

Ақмола облысы – еліміздегі ірі аграрлық өңірдің бірі. Мұнда қуатты агроөнеркәсіптік кешенмен қатар өнеркәсіп, туризм және басқа да экономикалық бағыттар дамып келеді. Бірақ, кез келген экономикалық әлеуетті нақты нәтижеге айналдыратын шешуші күш – білікті маман, ғылым және жаңа технология. Осы ретте университет білім беру мазмұнын еңбек нарығынан бөлек қалыптастыра алмайды. Ualikhanov University-де оқу бағдарламасын жаңартуға жұмыс берушілер, мемлекеттік мекемелер мен бизнес өкілдері тікелей қатысады. Экономикадағы өзгерістер, жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, кәсіпорындардың нақты кадрлық сұранысы ескеріледі. Осылайша, жұмыс беруші дайын оқу жоспарына пікір білдіретін тарап қана емес, білім мазмұнын бірлесіп қалыптастыратын серіктеске айналады.

Студенттің болашақ мамандығымен танысуы диплом алғаннан кейін емес, университетте басталуы керек. Бүгінде университет студенттері Ақмола облысының жетекші кәсіпорындары мен ұйымдарында тәжірибеден өтеді. Олардың қатарында «Тыныс» АҚ, «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ, «Семизбай-U» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС, «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС, «RG Gold» АҚ және басқа да кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорындармен серіктестік тек практика базасымен шектелмейді. Олар білім гранты мен атаулы стипендия тағайындайды, маман даярлауға қатысады, түлектерге жұмыс орындарын ұсынады. Жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша мемлекеттік білім беру гранттары негізінде облысқа қажетті педагогтар мен медицина мамандары даярланады, түлектерге жұмыс орындарын ұсынады. Осылайша, студент үшін оқу – практика – жұмыс деген біртұтас кәсіби траектория қалыптасады.

Бүгінде Ualikhanov University-де сегіз мыңға жуық студент білім алады. Университет бакалавриаттың 75-тен астам, магистратураның 42, докторантураның 10 білім беру бағдарламасын және резидентура бағдарламасын жүзеге асырады. Жоғары оқу орны QS Asia University Rankings және Times Higher Education Impact Rankings халықаралық рейтингтеріне қатысады.

 

Ғылым зертханамен шектелмеуі керек

Бірнеше жыл бұрын жоғары білімдегі басты мәселе цифрландыру болса, бүгін күн тәртібінде жасанды интеллект тұр. Ualikhanov University бұл өзгеріске де жүйелі түрде қадам басты. Соның маңызды бағытының бірі – «AI-Sana» ұлттық бағдарламасы. Оның алғашқы кезеңінде сегіз мыңға жуық студент жасанды интеллект негіздерін меңгерді. Ендігі міндет – бұл білімді нақты ЖИ-жобаларға, стартаптарға айналдыру. Сондай-ақ, профессор-оқытушылар құрамының цифрлық құзыреті де күшейтілді. Оқытушылар Coursera, Huawei ICT Academy сияқты халықаралық платформаларда білім алып, генеративті жасанды интеллект пен деректерді талдау құралдарын қолдану дағдыларын жетілдіру үстінде. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен биыл отандық университеттердің ChatGPT Edu платформасына қол жеткізуі жоғары білімдегі цифрлық трансформацияның маңызды қадамының бірі болды. «OpenAI» компаниясы әзірлеген бұл арнайы шешім университеттердің білім беру және ғылыми қызметін қолдауға бағытталған. Мұндай технологиялар оқу материалдарын әзірлеуге, білім алуды дараландыруға, ғылыми-зерттеулерді қолдауға және оқытушының уақытын тиімді пайдалануға жаңа мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде университет базасында «Alem.ai Foundation» және Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп «Tomorrow School» дамып келеді. Алдағы кезеңде AI Hub пен адамға бағдарланған «HumAI» жобаларын дамыту көзделіп отыр.

Заманауи ғылыми үрдіссіз ешқандай университтің болашағын көз алдымызға елестету, әрине, қиын. Кейінгі жылдары осы бағыттағы жұмыстың ауқымы айтарлықтай кеңейді. Бес жыл ішінде университеттегі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі жылына 25 миллион теңгеден 1,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Мұндай өсім гранттық, бағдарламалық-нысаналы және шарттық қаржыландыру көздерін жүйелі түрде тартудың нәтижесінде мүмкін болды. Алайда біз үшін қаржы көлемінің артуы өз алдына мақсат емес. Маңыздысы – осы мүмкіндікті өңірге қажет зерттеулерге айналдыру.

Сондықтан, университет іргелі және қолданбалы ғылыммен қатар кәсіпорындардың нақты сұранысына негізделген зерттеулерге де басымдық ұсынады. Бұл ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, «Тыныс» АҚ тапсырысы бойынша университет ғалымдары құю үдерісінің сапасын арттыру бағытында зерттеу жүргізсе, «Altyntau Kokshetau» компаниясымен бірлесіп техникалық айналым суын тазарту және флотация әдісімен алтын өндіру тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар іске асырылды.

Өндіріспен байланысқан ғылымның тағы бір маңызды бағыты – аграрлық сектор. Ақмола облысы үшін ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі тірегінің бірі болғандықтан, бұл саладағы зерттеулер өңірдің ұзақмерзімді дамуына тікелей ықпал етеді. Мемлекеттік бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында университетте Зерттеу және академиялық шеберлік орталығы құрылып жатыр. Оның жұмысы тауарлы-сүт фермаларының өнімділігін арттыруға, жемшөп өндірісі мен өсімдік шаруашылығын қарқындату және цифрландыруға, ресурстарды тиімді пайдалану арқылы өңірдің экономикалық әрі экологиялық орнықтылығын күшейтуге бағытталған.

Университет ғылымы аграрлық және инженерлік зерттеулермен ғана шектелмейді. Білім беру, психология және әлеуметтік саладағы мәселелер де назардан тыс қалған емес. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың бейімделуі, жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігі, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, кибербуллинг, инклюзивті оқыту мен қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан зерттеулер нақты практикалық ұсынымдарға айналып отыр. Университет ғылымының сапалық көрсеткіштері де өсіп келеді. Web of Science және Scopus базаларында индекстелетін халықаралық ғылыми журналдарда еңбектерін жариялайтын ғалымдардың қатары жыл сайын артып келеді.

Бүгінде Ualikhanov University түрлі елдердің университеттері және ғылыми орталықтарымен әріптестік байланыстарды дамыту үстінде. Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына сапары аясында Dalian Polytechnic University-мен меморандумға қол қойылды. Бұл келісім ғылым, академиялық ұтқырлық, кадр даярлау және бірлескен білім беру жобалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Кореяның Woosong University университетімен Global Management және Tourism & Hospitality бағыттары бойынша қос диплом бағдарламалары жүзеге асырылып отыр. Оның аясында студенттер білімінің бір бөлігін елімізде, екінші бөлігін шетелдік серіктес университетте жалғастырып, халықаралық академиялық тәжірибе жинақтай алады. Университет Erasmus+ бағдарламасы аясында да бірнеше жылдан бері халықаралық жобаларды жүзеге асырып келеді. Еуропалық одақ қаржыландыратын жобалар циркулярлық экономика, орнықты даму, экологиялық қауіпсіздік, жерге орналастыру және ауыл туризмі секілді бағыттарды қамтиды.

Сонымен бірге, Ualikhanov University-де балалар университетінен бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге, біліктілікті арттыруға, микробіліктілік пен кәсіби қайта даярлауға дейінгі үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасу үстінде. Бұл жүйеге аға буын өкілдері де тартылған. «Күміс университет» жобасы арқылы егде жастағы азаматтар цифрлық технологияларды меңгеріп, шет тілдерін үйреніп, қоғамдық өмірге белсенді араласуда. Ualikhanov University Үшінші жастағы университеттердің халықаралық қауымдастығы – AIUTA мүшесі және Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығын құру бастамасын көтерді. Тағы бір маңызды бағыт – инклюзивті білім беру. Біз үшін инклюзия – нормативтік талап қана емес, адамның қадір-қасиеті мен тең мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесі. Университетте кедергісіз орта қалыптастырылып, инклюзивті білім беру және нейроәртүрлілік бойынша зертхана жұмыс істейді. «Педагог-ассистент» микробіліктілік бағдарламасы да іске асырылды.

Болашақ университет туралы сөз қозғағанда технология, жасанды интеллект, жаңа зертханалар немесе халықаралық бағдарламалар туралы көп айтамыз. Мұның бәрі маңызды. Бірақ, университет миссиясының одан да терең өзегі бар. Ол – адам. Университеттің түпкі мақсаты адамның қабілетін ашу, білімін тереңдету ғана емес, сол білімді қандай мақсатқа және қандай жауапкершілікпен қолдану керектігін ұғындыру. Осы тұрғыдан алғанда, ұлтымыздың тұңғыш ағартушы ғалымы, «аққан жұлдызы» – Шоқан Уәлихановтың рухани және ғылыми мұрасы біз үшін ерекше бағдар.

Сондай-ақ, университет ортасы аудитория мен зертханадан ғана тұрмайды. Кампус, спорт нысандары, жатақхана, студент күн сайын араласатын орта – бәрі оның тұлғалық қалыптасуына әсер етеді. Былтыр университеттің өз қаражаты есебінен 500 орынға арналған екі жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Біз студентке жасанды интеллектпен жұмыс істеуді, күрделі зерттеу жүргізуді, заманауи өндірісті басқаруды үйрете аламыз. Бірақ, ең маңыздысы – оның алған білімін не үшін және қалай қолданатыны. Егер кәсіби білім жауапкершілікпен ұштаспаса, білімнің қоғамдық мәні толық ашылмайды.

Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры.

 («Egemen Qazaqstan», 19 тамыз, 2026 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар