Ақмолалық оқушылар жоғары білім деңгейін көрсетті

IQanat олимпиадасының 9 сынып оқушылары арасында өткен республикалық кезеңіне еліміздің 14 облысынан 700-дей бала қатысты.

Бұл олимпиада тек қана ауыл мектептерінде білім алып жүрген оқушыларға арналған ауқымды жоба. Олимпиаданың жеңімпаздары дипломдар мен естелік сыйлықтар ғана алып қоймай, сонымен бірге қазақстандық және халықаралық беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсуге мүмкіндік алады.

Аталған олимпиадада целиноградтық оқушы Аяулым Жолданғарова тарих пәнінен бірінші орынды иеленіп, өзге облыстар арасында жерлестерінің мерейін үстем етті. Ал, астрахандық Әзім Болатов химия пәнінен екінші орынды бағындырып, өз биігінен көрінсе, егіндікөлдік Назым Ілияс математикадан, целиноградтық Тимур Ни физикадан, ақкөлдік Ернұр Серіков тарихтан жүлделі үшінші орындарға ие болды.

Сонымен бірге, Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы №1 орта мектеп оқушысы Фариза Темірболатова ең жоғары ұпайға ие болып, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды. Абсолютті жүлдегерлер арасында шортандылық оқушы Роман Хлубный да бар.

Олимпиадада ең жоғары ұпайларды иеленген 300 оқушы арасында IQanat High School of Burabai-ға оқуға түсу үшін қосымша іріктеу өткізілді. 16 ақмолалық оқушы аталған мектепте білім алу грантын жеңіп алды.

Командалық есепте де жерлестеріміз олимпиаданың күміс жүлдегерлері атанды. Осылайша білім додасында жоғары нәтиже көрсете алған үкілеген үміттеріміздің алар асулары алда да көп болғай.
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар