Қанай бидің текті ұрпағы еді

Есімі елімізге белгілі журналист, ұлтымыздың тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты талай толымды кітаптардың шығуына ат салысқан баспагер, жерлесіміз Балжан Хабдина алдыңғы жылы танымал журналист, ұлағатты ұстаз Хәкімтай Әміровтың рухына арнап берілген асқа қатысу үшін туған жері – Көкшетауға келген кезекті бір сапарында өзінің де аяулы ұстазы, осы бір абзал азамат туралы естеліктер кітабын шығарсақ деген пайымды бір пікірін айтып еді.

Сол жерде осы шараға қатысып отырған қалың қауым ағамыздың шәкіртінің бұл бағалы ұсынысына ризашылықтарын білдіріп, осы бір жылт еткен жақсы сөзге үміт артып тарқасқан болатын.

Бүгін міне, араға бірер жыл салып Балжан шәкірті әрі журналист, әрі қолында мүмкіндігі бар баспагер ретінде осы сөзінде тұрып, «Ұстаз. Қаламгер. Азамат.» атты жарқыраған кітапты Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан ойдағыдай шығарып, туған Көкшесіне жолдап отыр. Бұрынғы Көкшетау облысының білім жүйесі мен баспасөз саласында өзіндік алатын орны бар белгілі тұлғаның өмір және еңбек жолы кеңінен қамтылып, қысқа ғұмырының өшпес іздері кезінде бірге еңбек еткен, аралас-құралас болған замандастарының, өзі тәлім беріп, жақсылыққа баулыған шәкірттерінің, сүйген жары мен болашағынан үміт күткен ұрпағының, ағайын-туыстарының есті естеліктері болып өрілген бұл жып-жинақы, мазмұнды кітап шынында да жаны жайсаң, азаматтық болмыс-бітімі биік Хәкімтай Қасымұлы Әміров ағамызға қойылған рухани ескерткіш іспеттес.

Кітапта қазақ журналистикасының ақсақалы Сарбас Ақтаевтан бастап, бүгінде арамызда жоқ Төлеген Қажыбай, Таңсық Жұрынова сияқты есімдері көпке мәшһүр аға-апаларымыздың, басқа да ағайынның Аға туралы тебірене толғаған ой-пікірлері, жалынды жырлары бір кездегі өз ортасына, сондай-ақ, бүгінгі ұрпаққа Хәкімтай ағамыздың кім болғанын, өмірден нені мақсат тұтып, нені ғұмырлық мұратына балағанын жазбай танытып береді.

Білікті де білімді педагог, әрі осы білім жүйесіндегі іскер басшы ретінде жақсы аты шыққан, одан өзінің әу бастағы журналистік мамандығына қайта оралып, аз уақытта қабілет-қарымымен Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» («Көкшетау») газеті бас редакторының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Хәкімтай Қасымұлының туғанына 90 жыл толуына орай шығарылып отырған кітаптан бүгінгі көзі көргендердің жаны асыл ағаға деген кіршіксіз ілтипатын, риясыз көңілін, сарытап сағынышы мен бір кездегі қамқор ниеті, ұстаздық ұстамы үшін ақ алғысын да аңғаруға болады.

Сонау сексенінші жылдардың орта тұсында өмірден өткен абзал азаматтың «ештен кеш жақсы» дегендей, жанашыр жандардың арқасында осылай жарық дүниеде қалдырған жақсы істері жаңғырып, рухының асқақтай түскені бәрімізге де мерей. Сондықтан, Хәкімтай ағаны білетін, бірге қызмет істеп, алдын да, адамгершілігін де көрген бүгінгі қаламгерлер, баспасөздің басы-қасындағы азаматтар үшін биылғы жақсы жаңалықтың бірі болып Алматыдан жеткен осы бір көзге ыстық, көңілге қымбат кітаптың өмірден ерте кеткен Ағаның екінші өшпес ғұмырын одан әрі ұзарта беруіне тілектестігіміз мол.

Қ.КӘКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар