Жұмыс десе шаршамаған

әріптес ініміз Дәуренбек Ақбекұлы жайлы үзік сыр

Шіркін, Дәкең!
Дәкең деп еркелетіп айтып отырғаным, мына тұрған Зеренді ауданына қарасты Ортағаш ауылының тумасы, күні кешелері дүниеден өткен әріптес ініміз – Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев. Онымен таныстығым сонау 1967 жылдың жазында сол аудандық екі тілде шығатын «Коммунизм нұры» («Заря Коммунизма») газеті редакциясында аудармашы-тілші болып қызмет істеп жүрген шағымда басталған еді. Ал, өзім сөз етіп отырған Дәкең, Дәуренбек Ақбекұлы болса ол уақытта көршілес Қарашілік ауылындағы орта мектепте оқитын. Ол кезде менің өзім де 19 жасар шамасындағы бозбала жігіт шағым болатын.

Мұндағы тілге тиек етіп отырғаным, аудандық газеттер аптасына үш рет шыққандықтан ба, әлде әдеби дүниелерді көбірек беретіндігімізден бе, әйтеуір, жақын маңдағы Көктерек, Ортағаш, Қарашілік, Қызыл кордон, Кіші Жамантұз ауылдарынан, әлі мектеп жасындағы Дәуренбек Шөрентаев, Ойрат Асанбаев, Жанмұрат Жанайдаров, Қорғанбек Аманжолов, Қайрат Бекенов, Қасымбек Мұсылманбеков, Іңкәр Мүтішева, Мереке Тоқтаров, Күләш Мұстафина, тағысын тағы іспетті өрімдей мектеп оқушылары алғашқы төлтума-жазғандарын бұрқыратып бізге жолдап жататын. Арасында шикілі-пісілі хабар-ошары да, өлеңсымақ тақпағы да, азды-көпті іске татыр дүниелері де бар дегендей. Оның үстіне біздің газетке шыққан материалдарға аз болса да қаламақы төленетін. Сонсоң да бір жарым мыңға жуық тиражбен (дана) тарайтын газетке хат-хабар әр жерден үзбей түсіп тұратын.

Артынан не керек, осы «сары балаға» ілесіп, онымен тіпті жақынырақ танысып, еліміз шалғайлау болған соң, оның туып-өскен ауылы – Ортағашқа да барып, үйінен дәм-тұзын татып жүрдік. Марқұм әке-шешесі де аңқылдақ, ақкөңіл жандар еді. Жолымыз түсіп, сонда барған сайын өз баласындай сыйлап, асты-үстімізге түсіп, бәйек боп қалатын. Осы күнде қалада тұратын Дәуренбектің қарындастары – Сұлушаш пен Қарашаш ол кезде тұлымшақтары желкілдеген жап-жас қыз балалар еді. Ал, тағдырдың жазуымен туған інісі – Болатбек жазатайым мерт болса, Шопат зейнет жасына жетіп, өз кіндігінен тараған ұл-қыздарымен бай-бақуатты ғұмыр кешуде.

Айтайын дегенім, сол Ортағаштың «сарысымен» қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-дың журналистика факультетін сырттай оқып бітіргесін, кейінірек облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясында бірге қызмет істеуге тура келді. Өйткені, Дәуренбек те сол жоғары оқу орнын тәмамдап, жолдамамен туған еліне оралған еді. «Сары» деп отырғаным, өзінің төл құрдасы, ауылдасы, кезінде республикалық қазақ радиосының біздің облыстағы тілшісі болып қызмет істеген көктеректік Жанмұрат Жанайдаров онымен қалжыңдасқанда ылғи да «сары», «әлгі біздің Әшім» деп айтып отыратын.

Сөйтіп не керек, Дәуренбекпен қатар Көкшетау облысы тарағанша бір мекемеде, бір редакцияда табан аудармай еңбек еттік. Ара-арасында ол Көкшетау ауылдық №2 құрылыс тресінің жанынан шығатын газет редакциясында, облыстық телерадиокомпаниясында, тәуелсіз «Бұқпа!» газетінде қызмет істеп жүрді. Ал, мен бұл уақытта Солтүстік Қазақстан облыстық осы аттас газеттің Көкшетаудағы тілшілер қосынында аз ғана жалақымен отбасымды асырап жүрсем, Дәуренбек бұрынғы облыстық газеттің мұрагері ретінде таяуда шыға бастаған қалалық «Көкшетау» газетінің редакциясына редактордың орынбасары лауазыммен қызметке ауысып кетті.

Әйткенмен, бозбала шақтан бергі достығымыз әрі жалғасып, тіпті күні бүгінге дейін отбасымызбен аралас-құраластығымыз әлі күнге үзілген жоқ. Оның үстіне мен оның кенже қызы – Арайлымның, ал, Дәуренбек менің ұлым Асқардың кіндік аталарымыз, ол аз десеңіз, үйіміз де бір-бірімізге тақау орналасқан.

Осы арада күлкілі бір жәйтті айта кетсем артықтығы жоқ қой деймін. Не дерің бар, жарықтық, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дейтіндей кеңшілік заман еді ғой ол уақыт. Сондай күндердің бірінде ертеден таныстығымыз жарасқан қызылтулық әріптес жолдасымыз Сағидолла Икенов бізді, Дәуренбек екеуміздің отбасымызды әдейілеп қыстық омырқаға қонаққа шақырды. Баратын жер алыс. Турасына келгенде Сағидолла тұратын Қызылтуың осы Көкшетаудан шамамен 300 шақырымдай екен.

Содан өз басым «Сендердікіне жолсапарда жүріп, талай рет барып дәм таттым ғой. Оған қоса қазір аздап тұмауратып, ауырыңқырап жүрмін. Ренжімесеңдер, біз бара алмайтын шығармыз, ал, Дәкең өзі біледі» деп қысқасынан бір-ақ қайырдым. Не ойлағанын кім білсін, манадан самбырлап сөйлеп жатқан Сағидоллам үнсіз қалды.
Артынша-ақ біздікіне Дәкең, кәдімгі Дәуренбек шырылдатып телефон шалды. Қойған сауалы: «Сәке, сіз Қызылту жаққа бара алмаймыз деген екенсіз. Ал, біз бара қалсақ, қайтіп, қалай жетпекпіз? Соны сұрайын деп едім.

–Е, ниетің түзу болса, ол жаққа жету оңай, – дедім мен бір мырс етіп. – Әуелі Көкшетаудан шығатын «Омбы» жолаушылар пойызына билет аласың. Сонсоң жолшыбай тамағыңа талғажау етерлік оны-мұныны қапшығыңа толтырып саласың да, Қызылтуға жеткенше ермек қыласың. Бірақ, байқа, онда барған соң вагоннан түсе бере, өзіңді қаптаған бұзық рэкетерлер төмпештеп, сабай бастайды», – деп ойымда дәнеңе жоқ трубканы қоя салдым.
Көп ұзамай телефон тағы шыр ете түсті. Арғы жақтан тұтыға сөйлеп тұрған манағы құрдасым Сәкең, Сағидолла.

–Ой, Сәке, бұл не жазғаның. Әдейілеп қонаққа шақырсақ, өзің ананы-мынаны сылтау етіп келе алмаймын дедің. Ал, келем деп отырған Дәуренбек:
–Ойбай, Сағидолла ренжіме, солай да солай, Сайлау ағамыз Қызылтуға жеткен соң, вагоннан түсе бастасаң-ақ сабайды, деп қорқытып-үркітіп отыр. Содан біз де бара алмайтын шығармыз, ренжіме, дәміңе рахмет деп телефон шалды. Енді не істесек екен, – деп тамағын кенеп, бір жөткірініп қойды. Өкінерлік бір жәйт, Сағидолланың өзі де жуырда о дүниелік болды.

Осы оқиға есіме түссе, әлі күнге күлкім келеді де тұрады. Қайран, Дәкем-ай, сондағы менің әзілдеп айтқан бір ауыз сөзімді шын көрсе керек.
Әңгімені әрі қарай созсақ, Дәуренбектің бір қасиеті, жұмыс десе еш ерінбейтін. Жұрттың айтып жүргеніндей: спорт тақырыбын одан артық бізде ешкім жаза алмас деймін. Ұзақ жылғы еңбегі үшін талай-талай марапаттауларға да ие болған. Тіпті қайтарынан аз-ақ уақыт бұрын «Ақпарат саласының үздігі» белгісін де иеленген. Және бір ғажабы, Дәуренбектен басқа жұмысқа ерте келетін жан тағы да жоқ еді. Тіпті сенбі, демалыс күні шығатын газеттерді «мен осындағы бастықтың бірімін» деп кеуде қақпай-ақ, қаладағы мекеме-ұйымдарға жаяулап өзі апарып, таратып жүрді.

Жастары жетіп, о дүниелік болған әке-шешесінің қайғысы аздай кейін туған інісі – Болатбектің абайсызда қайғылы қазаға ұшырауы, өз ұлы – Асланның кездейсоқ қаныпезерлердің қолынан мерт болуы онсыз да денсаулығы дімкәстене бастаған Дәкеңнің жүрегіне ауыр салмақ түсіріп кетті.
Тіпті қайтарынан бір апта бұрын теміржол маңындағы ауруханада жатқан Дәкеңе көңілін сұрай барғанымда:

–Жұмыстан босағалы еш нәрсеге, ештеңеге мүлдем зауқым жоқ. Біраз жылғы әр тақырыпқа жазған дүниелерімді жеке кітап етіп, балаларыма мұра болсын дегендей ниетпен бастырып шығарсам деп едім. Сол арманым орындалса, иығымнан бір ауыр жүк түскендей болар еді, – деп өзіме мұңая қараған-ды.

Әттең дерің бар ма, Дәуренбектің бұл арманы көзі тірісінде орындалмаса да, артынан бірге қызметтес болған әріптестері, алдымен сол кездегі облыстық «Арқа ажары» газетінің редакторы Жабал бауырымыз, Жабал Ерғалиевтің өзі бас болып, қолдауымен қаладағы «Көкше-Полиграфия» өндірістік баспаханасынан қомақты қалың кітап болып жарық көрді. Ал, биылғы жыл басында Дәуренбек пен Балжан, ұлдары Сәкен қоныстанған Әуелбеков көшесіндегі «Пекин» дүкенінің маңдайшасына Дәкеңнің портреті айшықталған мемориалдық тақта орнатылып, арнайы құран бағышталды.

Қармағы ұзын ажал шіркін, Дәкеңді қара жер қойнына алғанда мен түн баласы көзімді іле алмай, мына өлең шумақтарын жазған едім.
Ей, Дәке, қош айтыспай кеткенің бе,
Сұм ажал дегеніне жеткені ме?
Тағдырдың талқысына еш мойымай,
Үн-түнсіз жүре бердің текке міне.
Ей, Дәке, еңбек еттің еш ерінбей,
Анадан, мынадан да түк жерінбей.
Оқыста жүрегіңе дерт жабысты,
Еш жанға сездірмедің, беу ерім-ай!
Ей, Дәке, ата-анадан ерте қалдық,
Өзгеден, өзге жұрттан оза жандық.
Артыңда мұрагерің – ұрпағың бар,
Өзіңді шала салдың боп құрмалдық.
Ей, Дәке, Асланнан айрылғанда,
Барша жұрт зар еңіреп қайғырғанда.
Өкіріп, көз жасыңды егіліп ең,
Көңілің шайлығып бір қайрылғанда.
Ей, Дәке, жасар жасың көп-ақ еді,
Жүйкеңді тоздырды-ау, іштей жеді.
Жарыңа, ұл-қызыңа ғұмыр бергей,
Ұмытпай есте ұстасын мәңгі сені!..

Иә, «өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, әгәрки Дәуренбек әлі күнге арамызда ойнап-күліп, жер басып тірі жүргенде мерекелер тоғысқан мамыр айының 8-інде ақсақалдық жас – 70-ін дүркіретіп, тойлап жатар еді-ау! Құдай тағала, ендігі арада ол жасамаған жасты, ол көрмеген қызықты ұрпақтары жасап, көргей дейміз. Жатқан жерің жұмсақ, орның жұмақтан болғай дейміз оған.

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар