Тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру – уақыт талабы

Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Мұрат Балпанның қатысуымен облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болып, онда өңірімізде тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асырудың барысы туралы мәселе қаралды.

Тұрақты комиссияның мүшелері болып табылатын облыстық мәслихат депутаттары, Көкшетау қаласы мен Бұланды, Ерейментау аудандары әкімдерінің орынбасарлары, құрылыс саласының басшылары қатысқан отырысты тұрақты комиссия төрағасы Омар Шоназаров ашып, жүргізіп отырды.

– Облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықовтың Зеренді ауданының әкімі болып тағайындалуына байланысты «Nur Оtan» партиясы саяси кеңесінің бюросы оның мандатын «Nur Оtan» партиялық тізіміндегі кандидат Егіндікөл ауданындағы «Қоржынкөл-А» серіктестігінің бас директоры Әбілқайыр Ошақбаевқа беру жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, ол аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына кіргізілді,–дей келе, тұрақты комиссияның төрағасы сөзді тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндау үшін Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Рауан Оспановқа берді.

– 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының «Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру» бағыты бойынша өңірде 2,0 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 17 мың отбасы пәтер мәселесін шешті. Өткен жылы өңірде 574 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. 2021 жылдың 5 айында 240 шаршы метр тұрғын үй салынады деп болжануда. Биылғы жылы тұрғын үй құрылысына 8,6 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, республикалық және облыстық бюджет қаржылары есебінен 70 көп пәтерлік тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл – 3061 пәтер. Бүгінгі күні 1982 пәтерлік 44 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы сатып алуға құқы жоқ жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 4,3 миллиард теңге бөлінді. Осы жылы республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен жалға берілетін 23 көп қабатты тұрғын үйді немесе 815 пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 594 пәтері бар 11 несиелік көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілмекші,–деген Рауан Оспанов биылғы жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен 1 182,9 миллион теңге, облыстық бюджеттен 1 074,5 миллион теңге бөлінгенін айтты.

Оның ішінде жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыруға республикалық бюджеттен 765 миллион теңге, облыстық бюджеттен 39,3 миллион теңге қарастырылыпты. Үстіміздегі жылы Ақмола облысының инженерлік жүйесін 1692 жер учаскесімен қамтамасыз ету жос-парлануда. Облыста мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 21 880 адам, Көкшетау қаласында 9 043 адам тұр.

Бұдан кейін Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров сөз сөйлеп, өткен жылы облыс орталығында 1011 пәтерлік 16 тұрғын үй пайдалануға берілмегенін айтты.
–Биыл Көкшетау қаласында 540 пәтерлік жалға берілетін 12 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысы жобаларының жоқтығына байланысты облыс орталығында алдағы 3 жылда тұрғын үй салу көрсеткіші төмендейді, – деді Бауыржан Ерназаров. Дегенмен, көпқабатты тұрғын үйлердің 12 жобасы жасалуда. Бюджет құрылуына берілмеген 2 жоба бар.

Сондай-ақ, Тұрғын үй құрылысы жинақтаушы банкі Көкшетау қаласында 16 несиелік үйдің құрылысын ұсыныпты. Өткен жылы Бұланды ауданында 84 пәтерлік 2 несиелік тұрғын үй, Ерейментау ауданында 90 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілмеген. Бұл жөнінде аталмыш аудан әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Отырыс соңында оған қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулері есепке алынып, комиссия қаулы қабылдады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар