Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мақсатты жылдар жемісі - АРҚА АЖАРЫ

Мақсатты жылдар жемісі

Көрікті Бурабайдың баурайындағы Наурызбай батыр атындағы ауыл көненің көзіндей көпті көрген елді мекен. Бұрын кеңестік жүйенің салтымен «Щорс» кеңшарының орталығы болған бұл құнарлы топырақта да талай жақсы-жайсаңдар өткен. Солардың бірі Өтебай баласы Сауыт ақсақал еді.

Әрдайым берекелі істердің ортасында жүрген, ел басқарған Сауыт ата тек жалғыз осы ауыл-аймақ қана емес, төңіректегі елді мекендер, тұтастай аудан білетін жақсылар шоғырынан еді. Оның Сүйіндік, Шегендік және Бегендік есімдерін иеленген үш ұлы да ата-анасының көргенді тәрбиесінің арқасында кішкентайларынан оқу-білімге зерек болып, есейе келе жөн-жобаны білетін ер азамат болып қалыптасты. Солардың ішінде өткен жылы дүниеден өткен үлкендері Сүйіндік Еңбекшілдер ауданы «Кеңащы» кеңшарының директоры қызметіне дейін көтеріліп, ел аузында жақсы істерімен, жайсаң мінезімен аты қалды. Ал, ортаншылары Шегендік болса, көп жыл туған ауылында басшы қызметтер атқарды, зейнет демалысының алдында ауыл әкімі болды. Кенжелері Бегендікке келсек, жастайынан білім жолына түсіп, білікті оқытушы, ізденімпаз ғалымға айналды. Біздің бүгінгі әріден бастаған мақаламыз да жоғары білім саласына аянбай тер төгумен келе жатқан осы бір тұғырлы азамат туралы болмақшы.

Бегендік ең алғаш еңбек жолын туған ауылында мектепте ұстаздық етуден бастады. Кейін кеңес әскерлері қатарында Отан алдындағы міндетін өтеп, сол «Щорс» кеңшарында шопанның таяғын ұстап та көрді, бухгалтер де болды. Қой шаруашылығындағы қат-қабат жұмыс оны жасқандырмады. Дегенмен, көкірек түкпірінде жоғары оқу орнына оқуға түссем, сөйтіп, еліме қажетті бір маман болсам деген асқақ арман да бой көрсетпей қоймап еді. Осылайша мектеп қабырғасында есеп-қисапқа зеректік танытқан жас жігіт сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін таңдады. Бұл 1975 жылдың жүзі болатын. Бағы жанып, қабілет-қарымын көрсетіп, қалаған оқуына түсіп кетті. Студент атанып жүрген кезінде де тұрғыластары оны қоғамдық жұмыстың бел ортасынан, әсіресе, ғылыми-зерттеулерге құштар топтың арасынан көретін. Оқуды ойдағыдай аяқтаған соң институтта жақсы оқығандығы ескеріліп, осы оқу орнындағы статистика кафедрасының аспирантурасына қабылданды. 1984 жылы экономика ғылымдарының кандидаты диссертациясын табысты қорғап, аспирантурадағы оқуын ойдағыдай аяқтап шықты.

Содан бері Бегендік Сауытұлы бұрынғы Целиноград ауыл шаруашылығы институты, қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызмет атқарып келеді. Бұл жылдар Бегендік үшін несімен ерекшеленді десек, ауыз толтырып айтарлық жетістіктері аз емес. Сонау аспирантураны қоса есептегендегі 1980 жылдан бері алсақ, оқытушы, ғалым ретінде үнемі өсу, өрлеу жолында. Мұндағы еңбек жолы статистика кафедрасының аға оқытушысы лауа-зымынан басталған болатын. Одан әрі екі жыл студенттік кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Кейін экономика факультеті деканының орынбасары лауазымына жоғарылады. Ал, 1989-1997 жылдары экономика факультетінің деканы болды. Кейін институт ірілендіріліп, халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Сәкен Сейфуллиннің есімін алып, университетке айналдырылғанда да кафедра доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін ойдағыдай атқарды.
Арасында аз уақыт «Тұран Астана» университетінде еңбек етсе, одан әрі жеті жыл бойы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің оқу ісі бойынша проректоры қызметінде жақсы із қалдырды. Сол 2010 жылдан бергі ұстаздық жолы тағы да Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен тығыз байланысты болып келеді. Яғни, осында есеп және аудит кафедрасының доценті.

Мұның бәрі біз мүмкіндігінше аңғартып өткен ұлағатты ұстаздың өнегелі еңбек жолы. Ал, енді осы еңбек жолы қандай айта қаларлық оқиғалармен, шыққан асулармен, алған биіктермен ерекшеленді десек, ең алдымен 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының республикамыздың техникалық және кәсіптік жоғары оқу орындары арасында бірінші болып қазақ тілінде оқыту жүйесіне көшкендігін аузымызға алған жөн. Сол тұста Бегендік Сауытұлы Өтебаев университет қабырғасында студенттерге қазақша білім беруді бастаған ең алғашқы ұстаздардың бірі болды. Экономика факультетінің деканы ретінде оқу процесін қазақ тіліндегі қажетті оқулықтармен, көрнекі және әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жөнінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді. Жоғарыда айтқан «Тұран» университетінде де ол профессор лауазымында студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруге бар күш-жігерін салды. Ал, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне жұмысқа оны осы оқу орнының ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Г.С.Сейітқасымовтың өзі шақырды. Сөйтіп, білікті ұстаздың мұнда да университеттің күш алып, нығаюына айтарлықтай көмегі тиді.

Осы жылдар ішінде Бегендік Сауытұлы тек білікті оқытушы ғана емес, экономика саласындағы қарым-қабілеті мол ғалым ретінде де танымал бола түсті. Оның жетекшілігімен PhD магистранттары мен докторанттарының диссертациялық жұмыстары орындалады. Тәжірибелі ұстаз оқулықтар мен оқу құралдарына, ғылыми мақалаларға білгірлікпен рецензиялар жазып, жоғарыда айтылған диссертациялық жұмыстардың оппоненті ретінде оқу және ғылыми процеске белсене қатысумен келеді. Ұзақ жылдар бойы студенттерге сабақ берумен бірге, ғылыми-зерттеулер жүргізу ісімен айналысатын ол агроөнеркәсіп кешені экономикасы, қаржы, бюджет, жергілікті өзін-өзі басқару, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін өз зерттеулерінің арқауы ете білуде де оң нәтижелерге жетіп жүр. Айталық, 2005-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің экономика институтының филиалы – Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығында мемлекеттік бюджеттік ғылыми жобалардың атқарушысы ретінде де біраз жұмыстар тындырды.

Бегендік Сауытұлы сондай-ақ, 160-тан астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы болып табылады. Оның ғылыми мақалалары республикамыздың өз ішінде, сондай-ақ, шет елдердің белгілі ғылыми журналдарында да жариялануымен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған 4 ғылыми монографиясы, 12 оқулық пен оқу құралы бар. Соның алтауына баспадан шығару жөніндегі ұсынысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бірлестігі берген. Сонымен бірге, бұл арада Бегендік Сауытұлының жоғары оқу орындарының студенттері үшін қазақ тілінде жазылған «Мемлекеттік бюджет» және «Қаржылық талдау» оқулықтарының да авторы екендігін ерекше айта кеткен жөн.

Ауылдан шығып, мектепте қазақша білім алып, оқытушылық және ғылым жолына соны сүрлеу салған Б.С.Өтебаевтың жоғары білім саласындағы еңбегі лайықты бағаланумен келеді. Ол «Астана-10 жыл» мерекелік медалінің иегері. Әр жылдары Білім және ғылым министрлігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған. Өйткені, өзінің терең білімі, қажырлы еңбегі және жүйелі ғылыми жұмыстарымен осы үш салаға да қосқан үлесі бірталай.

Отбасында үлгілі жар, сүйікті әке, аяулы ата болып табылатын Бегендік Сауытұлы Өтебаевтың жетпіс жастың жотасында туған еліне сіңірген осы бір еңбегін атап өтпеске болмайтындай. Жер шоқтығы Көкшеден шыққан ғалым ұстаз бұл күнде өз ісінде мол тәжірибе жинақтап, білім мен ғылым саласында жүрген сыйлы ағаларымыздың біріне айналып отыр. Алда да солай болсын деп осы азды-көпті лебізімізді жақсы ниетпен аяқтағымыз келеді.

Қ.КӘКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар