Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар суицидінің алдын алуға арналған орталық ашылды - АРҚА АЖАРЫ

Балалар суицидінің алдын алуға арналған орталық ашылды

Соңғы жылдары ел аумағында балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі көбейіп кеткен. Жас жеткіншектерді әлеуметтік ортаға бейімдеу және олардың психологиялық жай-күйін бақылау мектеп және колледж психологтарына жүктелген үлкен міндет. Сала мамандарына кәсіби қолдау көрсету мақсатында Көкшетау қаласында арнайы фронт-офис ашылды.

«Bilim Foundation» қоғамдық қорының мұндай «Мектеп психологиялық қызметі» орталығын ашу туралы бастамасын облыстық білім басқармасы бірден қолдапты. Аталған фронт-офистің ашылуы кәмелетке толмағандар мен жастарды бейәлеуметтік, суицидтік және диструктивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша кәсіби қолдауға бағытталған. Жалпы, суицидпен күрестің сан-қырлы әлеуметтік, психикалық астары бар. Бұл бағыттағы жұмысты ширату үшін мектеп психологының кәсіби біліктілігін арттыру күн тәртібіндегі басты мәселе.

–2018 жылы 9 ақмолалық оқушы өз-өзіне қол жұмсаған, 22 бала суицидке ұмтылған. 2019 жылы 5 баладан айырылып қалдық. 2020 жылы 9 дерек тіркелді. Осы жылдың қаңтар айынан бері тағы да 5 факті орын алды. «Bilim Foundation» қоры мен облыстық, аудандық білім беру мекемелері бірлесіп, 2017 жылдан бері балалардың өз-өздеріне қол жұмсауларының алдын алуы бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Екіжақты тиісті келісім-шарт та бар. Мекеменің бас-ты мақсаты мектеп психологтарына көмек көрсету және өз-өзіне қол жұмсауға бейім балаларды анықтау, –деді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.

«Bilim Foundation» қоғамдық қоры былтыр өз-өзіне қол жұмсаған екі жеткіншектің психологиялық ауытқушылығын анықтапты. Тек олармен жұмыс жүргізуге ата-аналары рұқсат бермепті. Ал, мектеп оқушылары өздігінен психологқа жүгінуден жүрексінеді. Себебі, бала құрдастары арасында күлкі болудан қорқады. Бала түгілі ересектердің өзі психологпен кеңесуге жасырын баруға тырысатыны сөзсіз. Психологпен жұмыс істеуге ата-аналар арасында да құлшыныс аз.
Сонымен, аталмыш орталықтың мақсаты – кәмелет жасына толмаған балаларға психологиялық көмек көрсету. Жоғарыда аталған қор жетекшісі Жанат Жақыповтың айтуынша, орталықтағы мамандар тікелей суицидтің алдын алуға бағытталған жұмыс жүргізбекші. Жас ерекшелігі психологиясына сәйкес 8-ші сыныптан бастап, 11-ші сынып аралығындағы оқушылар өз-өзіне қол жұмсауға бейім екен.

–Біздің жұмысымыз қалай жүргізіледі десеңіздер, біз балалармен тікелей жұмыс істейтін, яғни, олармен білім ордаларында қарым-қатынас жасайтын психологтармен байланыс орнатамыз. Балалар арасында психологиялық тест, сауалнамалар жүргіземіз. Егер суицидке бейім балалар анықталса, олармен және олардың ата-анасымен жұмыс жүргіземіз,– деді қор жетекшісі Жанат Жақыпов.

Облыс аумағында аталған бағытта жұмыс жүргізетін 4 орталық бар. Олар Атбасар, Степногорск, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында орналасқан. Бұл орталықтар қауырт желі арқылы тәулік бойы көмек көрсетуге әзір. Өңірде суицид қаупі жоғары жас ерекшелік тобында 35 мың бала бар екен.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар