Ақмола облыстық сотында әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы талқыланды

Ақмола облыстық соты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп, «Әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күні өткізіліп, оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Қарағойшина, Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті Айман Ақтанова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң ғылымдарының магистрі Анар Букаева, Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Бердібай Шалабай, заң ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев, Ақмола облысының ардагерлері, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары, адвокаттар, судьялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір конференция жұмысын ашып: «Мемлекеттік рәміздердің ажырамас бөлігі – ол мемлкеттік тіл. Мемлекеттік тілдің маңыздылығы туралы біз әрқашан мәселе көтеріп, жылда үлкенді-кішілі жиындарда талқылап, шешімдер қабылдап жүрдік. Бүгін тіл мәселесін біз жаңа тұрғысынан талқылап, әлем елдерінің мемлекеттік тілдерге деген көзқарасын зерттеу мақсатында жиналып отырмыз» – деді.

Қоғамдық маңызы бар мәселені талқылауда депутат Қазыбек Иса, Жоғарғы Сот өкілі Нұргүл Қарағойшина, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов сөз сөйлеп, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл «Шет елдердегі мемлекеттік тілдің қалыптасуы туралы», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология ғылымының кандидаты, доцент Айман Ақтанова «Қазақ тілінің мәртебесін көтерудің қарапайым да, төте жолдары», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң ғылымдарының магистрі Анар Букаева «Мемлекеттік тілдің заң саласында қолданылуы», Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Бердібай Шалабай «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы мемлекеттік тілдің рөлі», заң ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев «Қоғамның құқықтық мәдениетін жаңғыртудағы мемлекеттік тілдің алатын орны», Ақмола облысы Ақкөл аудандық сотының төрағасы Жандос Жетібаев «Өзге елдердің мемлекеттік тілдерін негізгі тіл етіп, көтеру жолдары», Ақмола облысы Аршалы аудандық сотының судьясы Олжас Шалабаев «Әлем көзқарасы: мемлекеттік тілдің маңызы», Ақмола облысы адвокаттар алқасының адвокаты Ардақ Батиева «Мемлекеттік тіл сот өндірісінде» баяндамаларын жасады.

Іс-шарада Ақмола облысы соттарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы слайд көрсетілді.

Жиында, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса өз сөзінде «Әр мемлекет өз тілін сыйлап, төрде ұстау керек. Мемлекеттік тіл деген басқа тілдерден үстем болу керек. Өкінішке орай, Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметшілер бар» – деп ой салды.

«Мемлекеттің тәуелсіз символы – ол тіл» – деп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстары туралы Нұргүл Қарағойшина сөз сөйледі, және бүгінгі күні тергеу амалдарының құжаттарын қазақ тілінде жүргізу жобасы іске асырылып жатқанын айтып өтті.

Ақмола облысында тіл саясатына қатысты жүргізілген жұмыстары жөнінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов баяндап берді.

Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Бердібай Шалабай, заң ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев: жергілікті әкімшілікке мемлекеттік тілде шығарылып жатқан құжаттарға мониторинг жүргізу, қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының санын көбейту, мемлекеттік қызметшілерге қоғам алдында, БАҚ-та мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету, мемлекеттік тілді білу парыз ғана емес, заңмен міндет етіп көрсету, құқық қорғау органдары жаңа енгізілген заңдарды мемлекеттік тілде талқылау керектігіне баса назар аударды.

Тілдің байлығы, қасиеті, қадірі туралы Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы, журналист, жазушы-аудармашы, қоғам және мәдениет қайраткері Ғосман Төлеғұл баяндама жасады.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология ғылымының кандидаты, доцент Айман Ақтанова, мемлекеттік тіл мәселесін шешкен Түркия мен Израиль елдерінің тәжірибесін саралап берді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң ғылымдарының магистрі Анар Букаева, болашақ заңгерлердің тілдік тұлғасына көңіл бөлу керектігін айтып, заңдардың мәтіндері, сот отырыстары, тергеу ісі барлығы мемлекеттік тілде жүргізілгені маңызды – деді.

Ақмола облысы Ақкөл аудандық сотының төрағасы Жандос Жетібаев Армения, Азербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Белорусия, Украина, Қырғызстан елдердің мемлекеттік тілдерін негізгі тіл етіп, көтеру жолдарын баяндап берді.

Ақмола облысы Аршалы аудандық сотының судьясы Олжас Шалабаев әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, тілді дамытудың түрлі тәсілін атап өтті, қазақ тілінің дамуы үшін қатаң заң емес, интеллектуалды стратегия керек – деді.

Адвокат Ардақ Батиева «Сот, құқық қорғау органдары, қорғаушы болам деген үміткердің мемлекеттік қызметке өту мақсатында мемлекеттік

тілді білу деңгейін анықтау үшін тапсыратын тестілеу сұрақтары есепке алынса оң нәтиже берері сөзсіз және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге зор ықпалын тигізер еді», – деді.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір өз баяндамасында, Елбасының 2020 жылға қарай халқымыздың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деген межесі орындалды ма? Тіл саясатын іске асыруға бөлінген қаржы тиімділігін көрсетті ме? Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы неліктен көтерілмей отыр? Мемлекеттік қызметке қабылдауда үміткердің мемлекеттік тілді меңгеруі неге назардан тыс қалуда? Қазақ тілде тәрбие, білім беретін балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының саны неге аз? – деген мәселелерді көтерді.

Д.Әмір конференция жұмысын қорытындылай келе, мемлекеттік тілді білу қажеттілігін туғызу мақсатында, түскен ұсыныстар бойынша құжат бекітіліп, мемлекеттік органдар мен мекемелер назарына жеткізілетінін айтты.

Ақмола облыстық сотының төрағасы, қарарда мемлекеттік тілді қолдану бойынша бақылауды күшейтуге, тіл заңнама нормаларының бұзылуын анықтау және жол бермеу мақсатында барлық шараларды қабылдауға, мемлекеттік органдарға соттарға талап қою арыздарын мемлекеттік тілде жолдау туралы міндеттеме қою және т.б. іс-шаралар қарастырылатынына назар аударды.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар