Әлеуеті бар ауылдық елді мекендер дамытылады

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен онлайн режимінде филиал жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті.

Ақмола облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысы жөнінде өткізілген бұл шараға барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары мен қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Аталмыш партия филиалы төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, бұл жоба «2020-2025 жылдары өңірлерді дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Оның негізгі мақсаты ауылдық елді мекендерде тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту болып табылады. Жобаны жүзеге асыруда дамудың жоғары әлеуеті бар ауылдық елді мекендерді дамыту қарастырылған.

Ауылдық елді мекендердің келешегін анықтаудың жаңа әдісіне сәйкес, ол бөлек емес, ауылдық кластерлер аясында қаралады. Бұл тұрғындарды қамту, жалпы пайдаланатын инфрақұрылым бойынша толық бейнесін құруға мүмкіндік береді. Келешегі бар селоға кіргізудің негізгі критериясы тұрғындар мен инфрақұрылым санына, экономикалық дамуы және географиялық жағдайына тікелей байланысты. Алдымен, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру жөнінде айтты.

–Облыс бойынша іріктеудің әдісіне сәйкес, 590 елді мекеннің 299-ы келешегі бар село болып анықталды. Мұнда селолық тұрғындардың 84 пайызы тұрады. Іріктеліп алынған елді мекендерде жобалар 2021-2026 жылдары жүзеге асырылады. 2019-2020 жылдардың жобасы аясында 10,2 миллиард теңге бөлінді. 67 жоба жүзеге асырылып, облыстың 13 ауылдық елді мекендеріндегі 70 мың тұрғын тұрмыс сапасын жақсартты. Әлеуметтік саланың 19 нысаны, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың 8 нысаны, кентішілік 120 шақырым жол, су құбыры жүйесінің 34 шақырымы жөнделді.

Астраханка селосында бу қазандығы мен жылу жүйесі, Аршалы кентінде 88 орындық бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. 892 жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы 10 селодағы 30 жобаны жүзеге асыруға 3,1 миллиард теңге бөлінді.

Атбасар ауданы Бастау селосындағы жастар демалыс орталығының, Целиноград ауданы Ақмол селосындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Краснояр селосындағы жылумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысын аяқтау қарастырылған. Сондай-ақ, 27 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Республикалық бюджетті қосымша нақтылауда 5,4 миллиард теңгенің 47 жобасын қаржыландыру қолданды.

2021 жылы 77 жобаны жүзеге асырумен 27 село қамтылады. Бұл 67 мың адамның тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді,–деген Фариза Байманова үстіміздегі жылдың негізгі міндеттері жобаларды жүзеге асырудың оң серпінін сақтау, ауыспалы жобаларды аяқтау және бөлінген қаржыны толық игеру болып табылатынын айтты. Барлық іс-шара кешені ауылды одан әрі серпінді дамытуды қамтамасыз етеді.

Бұдан соң Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Искакова «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өңірде әлеуметтік саланың 3 нысаны жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, Атбасар ауданының Бастау селосында жастардың демалыс орталығының, Целиноград ауданының орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сандықтау ауданының орталығында стадион жаңғыртылып жатыр.

Биылғы жылы аталмыш жобалар бойынша республикалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен 1,2 миллиард теңге қарастырылыпты. Одан әрі Ақмола облыстық жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков өз сөзінде 2021 жылы жергілікті маңызды автокөлік жолының құрылысына, жөндеуіне және көше жолының жүйесіне 36,3 миллиард теңге қарастырылғанын айтты.

– Бөлінген қаржының аясында 230 жобаны жүзеге асыру жобаланды. Оның 180-і биылғы жылы аяқталады. Облыстық, аудандық маңызы бар 742,3 шақырым автокөлік жолы, 404,2 шақырым елді мекендердің көше жолының жүйесі жөнделеді деп жоспарланды. Жұмыс алты бағдарлама аясында жүргізіледі. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 3 480,4 миллион теңге бөлініп, 117,9 шақырым жол жөнделмекші. Бұл жоба бо-йынша жөндеу жұмысының үлкен көлемі 9 ауданның 21 елді мекенінде қарастырылған.

Өткен жылы осы жобаның аясында 2,1 миллиард теңге бөлініп, 8 ауданның 12 елді мекенінде ұзындығы 81,1 шақырым көше жолының жүйесі жөнделген болатын,–деген басқарма басшысы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары құрылысын, қалпына келтіру, күрделі және орта жөндеу кезінде құрылыс-монтаж жұмысының сапасына бақылауды нығайту жөнінде айтты. Ол үшін барлық аудандар «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының филиалымен келісім-шартқа отыруы тиіс. Қоғамдық кеңес отырысы соңында барлық ұсыныстар мен ескертулер есепке алынып, хаттама толтырылды.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар