«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балаларды қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Көкшетау қаласы мен Бурабай және Есіл аудандарында 2020-2021 жылдарға арналған «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру жөніндегі Жол картасының негізгі бағыттарын орындау мәселелері қаралды.
Қоғамдық кеңестің отырысын облыстық мәслихаттың депутаты Айнагүл Балташева жүргізді. Күн тәртібіне сай, алдымен сөз алған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов:
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы – ең негізгі бағдарламалардың бірі, сондықтан да, онда көзделген мақсаттар тиісті деңгейде іске асырылуы қажет. Қоғамдық кеңес конференция емес, мұнда біз нақты проблемалар мен оларды шешудің жолдарын анықтаймыз. Сол себепті, баяндамашылар құр жақсы көрсеткіштерін айтып қоймай, орын алып жатқан мәселелерді де көрсеткендері дұрыс, –деп атап өтті.
Азаматтық сектор өкілдерінің, атап айтқанда, қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен өткен партиялық жұмыстың кеңейтілген форматында олардың тарапынан айтылған ұсыныстары ескерілетін болды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың мәлімдеуінше, облыстың барлық қалалары мен кенттерінде, аудандары мен ауылдық округтерінде полицияның тірек пункттері базасында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға атаулы, нақты көмек көрсету үшін жедел ден қою топтары құрылған, оларға мектеп психологтары, білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтары енгізілген.
Қазіргі уақытта полиция органдарында 712 қолайсыз отбасы есепте тұр, оларда 955 бала бар, соның ішінде ең көбі Көкшетау қаласында – 143, Атбасар қаласында – 73, Бұланды ауданында – 57. Мұндай отбасыларға арнайы топ жүйелі түрде барып, тұрғын үй жағдайларын тексеріп, әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасуға көмек мәселелерін біліп тұрады екен.
–Бұл жұмыстың нәтижелері көңіл көншітерліктей. Төрт айдың қорытындысы бойынша облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар саны 51,28 пайызға төмендеп, 2020 жылғы 39 жағдайдан биыл 19 жағдайға дейін азайды. Ішкі істер органдарының есебінде тұрған жасөспірімдер саны 9 пайызға қысқарды.
Биыл девиантты мінез-құлықты балаларға арналған «Бақытты балалық шақ планетасы» лагерьлік ауысымдарын өткізу» және «Ақмола облысының қолайсыз отбасылары ішінде өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің кешенді жүйесін қалыптастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде екі лот іске асырылды, –деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.
Отырыс барысында балалар қауіпсіздігінің инфрақұрылымы, әсіресе, мектептегі қауіпсіздік тақырыбы қызу талқыланды. «Біз жақында Қазан қаласында болған жағдайды білеміз. Біз балаларымызды мұндай келеңсіз төтенше оқиғалардан қалай қорғай аламыз?» – деген сауалдар қойылды отырысқа қатысушылар тарапынан.
Облыстағы барлық 556 мектеп пен 250 балабақша бейнебақылау жүйелерімен 100 пайыз қамтамасыз етілсе де, басқа да қауіпсіздікті сақтау мәселелері күн тәртібінде әлі тұр. Мәселен, облыстық ювеналды полиция қызметкерлерінің тексеру нәтижелері бойынша 881 білім беру ұйымының 805-інде мамандандырылған күзет жоқ екен, 780-інде «дабыл қағатын» түймелер болмаған, олардың кейбіреулерінде бейнетүсірілім стандарттарға сәйкес келмейді, ұйымдардың басым көпшілігінде ол полицияның кезекші бөлімдерінің жүйесіне қосылмаған.
Бұл тұрғыдан алғанда, Көкшетау қаласының мектептерінде қауіпсіздік жағдайлары анағұрлым жақсы көрінеді, ал, ауылдық мектептерде қауіпсіздік шаралары төмен екені айтпаса да белгілі. Соның ішінде Бурабай және Есіл аудандарының мектептеріне аталған бағыттағы жұмыстарды бақылауға алып, жаңа оқу жылының басына дейін ретке келтіру тапсырылды. Сонымен бірге, отырыс-та жергілікті жерлердегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың жұмысына да сын айтылды.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.