Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы болып өтті.
Онда өңірді дамыту бағдарламаларының нысаналы индикаторларына қол жеткізу және 2020 жылы бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөнінде мәселе қаралды.
Комиссия төрағасы Жұмабай Әміржанов ашып, жүргізген отырысқа облыстық мәслихаттың өзге де тұрақты комиссиялары төрағалары, депутаттар, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Отырыста Ақмола облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов 2020 жылғы облыстық бюджеттің орындалу жөнінде баяндап берді.
– Өткен жылы облыстық бюджеттің атқарылуын бюджеттік бағдарламалардың 28 әкімшісі жүзеге асырды. Оның 25-і бюджет қаржысын 100 пайыз орындады, 2 әкімші жоспарды 99,9 пайыз, денсаулық сақтау басқармасы 99,0 игерді, – деген Талғат Бөлтенов шығыстың едәуір бөлігі білім және денсаулық сақтау салаларына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға бағытталғанын айтты. Мәселен, облыстың 7 өңірінде жалға берілетін тұрғын үй кезегінде тұрған 411 отбасы баспана жағдайын жақсартты. Көкшетау қаласы мен Ақкөл, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Целиноград аудандарында 26,5 шақырым инженерлік-коммуникациялық желі тартылды.
– Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Жақсы, Біржан сал, Шортанды және Целиноград аудандарын сумен жабдықтауды жақсартуға 8,9 миллиард теңге бағытталды. Осының нәтижесінде ауылдық елді мекендердегі сумен жабдықтау желісінің ұзындығы 160,4 шақырымға артты. Сондай-ақ, 2019 жылға қарағанда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларының шығыны артты. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, 235 әлеуметтік-мәдени нысан қайта жаңартылды,–дей келе, облыстық қаржы басқармасының басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жақсы жұмыс істегенін айтты.
Биылғы жылы да қол жеткізілген нәтижелерді баянды ету қажет. Отырыс барысында депутаттар Ақмола облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Азамат Ібікеновтың, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қалдыбаеваның, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Искакованың, энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алик Манадыровтың 2020 жылғы бюджеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жөніндегі есептерін тыңдады. Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар мемлекеттік органдарға бюджетті атқару жөніндегі қолданыстағы заңнаманың сақталуына назар аударуды, бюджет қаржысының пайдалануын талдау жүйесін жолға қоюды, мемлекеттік сатып алудың барлық кезеңдерінде конкурстық рәсімдердің сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді, қабылданған міндеттемелерді орындау барысында мердігерлермен жұмысты жандандыруды ұсынған қаулы қабылданды. Аталған мәселе Ақмола облыстық мәслихатының кезекті сессиясында қаралатын болады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.