Өнеркәсіп пен басқа салаларда өсім бар

Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзі басқаратын өңірдің 2021 жылдың төрт айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндап берді.

Аудан әкімі сөзін өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың көрсеткіштері тұрақты екенінен, әлеуметтік нысандар мен ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша біршама жұмыс атқарылып жатқанынан бастады.
–Аудан бойынша биылғы жылдың 4 айындағы жалпы салықтың түсімі 19 миллиард теңгені құрады. Бюджеттің кіріс бөлігі 133 пайызға, шығыс бөлігі 99,6 пайызға орындалды. Есептік кезеңде өндірістің жалпы көлемі өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 106 пайызға, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 105 пайызға өсті. «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамы 8 тонна алтын, 157 келі күміс өндірді. «Айдабол спирт зауыты» акционерлік қоғамы 113 мың декалитр этил спиртін өндіріп, «Milk Projekt» серіктестігінің сүт зауыты 8 миллион литр сүт өнімін сатты. «Blic Terminal» серіктестігінің құс фабрикасы 204 тонна құс етін өндірді. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 7 миллиардтан астам теңгені құрады. Ірі қара мал басы, жылқы мен құс саны көбейіп келеді. Биылғы жылы 276 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ, майлы және азықтық дақылдар сіңірілді. Майлы дақылдар барлық егіс алқабының бестен бір бөлігіне себілді. 2 мың шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан орталығында әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар үшін 36 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, осы бағытта 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда. Бірқатар селолардың бас жоспары жасалмақшы. Ауданда жекеменшік инвестицияның өсімін ұлғайту үшін техникалық алмас концентраттарын шығару, ірі қара мен қоян етін өндіру, тау-кен комбинаты мен картоп өңдейтін фабрика салу тәрізді ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1769-ды құрады. Бұл салада 4860 адам еңбек етеді. Бизнес саласы 770 миллионнан астам теңге салық төледі,–деген аудан әкімі бөлшекті тауар айналымының көлемі 969 миллион теңгені құрағанын айтты.
«Қарапайым заттар экономикасын» несиелеудің механизмі аясында 14 жоба қолға алынған. «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы бойынша 6 өтінім мақұлданыпты. Биылғы жылы кентішілік жолдар мен 8 ауылдық округтің жергілікті маңызы бар жолдарын жөндеу жоспарланыпты. Сондай-ақ, Алексеевка кентіндегі су құбырының жүйесі қалпына келтірілмекші.
–87 отбасы мекенжайлық әлеуметтік көмекпен қамтылған. Жыл басынан бері 50 отбасына тұрғын үй жағынан көмек көрсетілді. Үйлерінде оқитын 13 баланы материалдық жағынан қамтамасыз етуге 453 мың теңге жұмсалды. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша өзге санаттағы азаматтарға 12 миллион теңге төленді. 163 тұрақты жұмыс орны ашылды. Еңбек рыногына қажетті мамандықтар бойынша 42 адам қысқа мерзімді арнайы курста оқыса, кәсіпкерліктің негізін 28 адам оқыды. Селода шағын несиелеу ұлғайтылды, 21 грант берілді. 16 адам әлеуметтік жұмысқа, 11 адам жастар тәжірибесіне, 38 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді,–дей келе, аудан әкімі Әсен Жақсылықов білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласындағы оң өзгерістерге де тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыпты екенін аңғартты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар