Алқабилердің сот отырысындағы құқықтары мен міндеттері

Елімізде алқабилердің қатысуымен соттар алғаш рет 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысын бастады. Сол кезде облыстық соттар аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарау кезінде сотталушының қалауы бойынша алқабилердің қатысуымен сот талқылауларын жүргізе бастады.

2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар алқабилердің қатысуымен жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істерді қарайды.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилер қатысатын соттардың соттауына ерекше ауыр қылмыстар туралы істер жатқызылды. Дегенмен, бұған: төтенше жағдайларда және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған кісі өлтіру, адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздері мен қауіпсіздігіне қатысты және террористік, экстремистік қылмыстар; соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар және қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар жатпайды.

Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адам соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы сот алдында өтінішхат беруге құқылы.
Белгіленген талаптарға сай келетін, қылмыстық істі қарауға қатысу үшін сотқа шақырылған, сондай-ақ алқабилер алқасын қалыптастыру рәсімінен өткен және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы алқаби бола алады. Алқабиге Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде, «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 16 қаңтардағы №121 Заңында белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу жөніндегі өкілеттіктер берілген.

Жергілікті жерлерде жергілікті атқарушы органдар жыл сайын қалыптастыратын алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізілген азамат қана алқаби бола алады.
«Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен алқабиге кандидаттарды іріктеуді тиісті облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуы бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Заң бойынша жергілікті атқарушы органдар кандидаттардың бастапқы, бірыңғай және қосалқы тізімдерін жасауға міндетті. Оларды жасау үшін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және азаматтардан алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға азаматтардың сәйкестігін тексеру үшін қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.

Айта кетейік, «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес, алқабиге кандидаттардың тізіміне мынадай адамдар енгізілмейді:
алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған;
өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;
сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;
судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;
психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар енгізілмейді.
Алқабилердің, оның ішінде қосалқы алқабилердің Қазақстан РеспубликасыҚПК бабына сәйкес мынадай құқықтары бар:
– істің мән-жайын өзінің ішкі сенімі бойынша өз бетінше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік алу үшін сотта қаралатын дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға құқылы;
– төрағалық етуші арқылы процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
– заттай дәлелдемелерді, құжаттарды қарауға, жергілікті жер мен үй-жайды қарап-тексеруді жүргізуге, сот тергеуіндегі барлық басқа да іс-әрекеттерге қатысуға құқылы;
– төрағалық етушіге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етілген құжаттардың мазмұнын және іске қатысты оған түсініксіз басқа да мәселелер бойынша түсініктеме алу үшін жүгінуге құқылы;
– сот отырысы кезінде жазбаша ескертпелер жасауға құқылы.
Алқаби міндетті:
– сот отырысында тәртіпті сақтауға және төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға;
– егер сот отырысында үзіліс жарияланса немесе істі тыңдау кейінге қалдырылса, алқабидің міндеттерін орындау үшін, сондай-ақ сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;
– сотқа келу мүмкін болмаған жағдайда төрағалық етушіні келмеу себептері туралы алдын ала хабардар ету.
Алқабилердің құқығы жоқ:
– істі тыңдау кезінде сот отырысы залынан шығуға;
– іс бойынша істі тыңдау кезінде соттың құрамына кірмейтін адамдармен төрағалық етушінің рұқсатынсыз байланысқа түсуге;
– істі сот отырысынан тыс талқылау барысында мәліметтер жинау;
– жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесінің құпиясын бұзуға құқылы.

«Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының осы Заңымен сот отырысының басталу орны мен уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті.

Егер алқабиге кандидат дәлелсіз себеппен сотқа келуден жалтарған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 655-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алқабиге кандидаттардың өз міндеттерін орындауына кедергі келтіретін лауазымды адам ҚК-нің 436-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке жатады.

Алқабидің қарызын орындаудың оң жақтары да бар. Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленедi.

Әсем ИСАҚОВА,
Ақмола облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар