Тарихи әділдіктің орнағанына қуанады

Алмажан Әкімбекқызы Әмірина (Майкөтова) 1935 жылдың 20 мамырында кезінде «Красный молот» ұжымшары болған Жылымды ауылында дүниеге келген. Туған анасы ерте қайтыс болып, оны көрмепті. Тек оның толық аты-жөні Бибікен Сапиханқызы Есжанова екенін біледі. Әкесі Тоқсейіт Жансейітов ұжымшардың мал шаруашылығы саласында жұмыс істеген адам. Алмажан апай өзінің Қабыл мен Қабдолла есімді ағаларының қолында тәрбиеленгенін айтты.

– Мінездері жайсаң, мейірімді, адал жүректі осы абзал жандар мені өмір бойы қорғап, қолдап отырды. Қабыл өңірге белгілі еңбеккер болып, көптеген мемлекеттік наградалардың, оның ішінде «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды. Ол өмір бойы Жезқазған өңірінің шахтасында жұмыс істеді. Әке жолын қуған балалары да елге сыйлы болды. Ағаларының екеуі де Жылымды ауылының зиратында жерленген,–дейді ол. Ақмарал апай бес жасқа толғанда оның үйінде Бағила Майкөтова есімді апай пәтер жалдап тұрыпты. Ол сол кезде аудан орталығы болған Еленовка селосында аудандық партия комитетінде қызмет атқарған екен.

– Алғашқы күннен бастап мен апайды жақын тартып, қасынан шықпай, бірге ұйықтап жүрдім. Ол қызметке кеткенде сағына күтіп отыратынмын. Уақыт өте біз бір-бірімізді жақын тарта бастадық. Осы абзал жанмен араласқан соң аналық махаббат пен қуанышты сәттердің қалай болатынын жете сезіне бастадым. Апай жеке пәтерге көшкенде мені өз тәрбиесіне алып, біз бірге тұра бастадық. Бұл өмірімнің ең бақытты кезеңі болатын. Апайым келбетті әрі аса мейірімді, ақылды жан еді. Оның әкесі Әкімбек Майкөтов лауазымы жоғары қызмет атқарған, адал ниетті, батылдығымен ерекшеленетін азамат болған. Ол өз Отанының нағыз патриоты екенін дәлелдеуімен бірге, әрдайым кедейлер мен құқықтары тапталушыларды қорғап, әділдік үшін күресіп, сол үшін зардап шегіпті. Анам бұл оқиғаны мені мектепте қатарластарымның «халық жауының қызы» деп тіл тигізе бергеннен соң айтқан болатын,–дейді апай.

Бағила апай Ә.Майкөтовпен Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы партия мектебінде бірге оқыған екен. Ол Алмажанға ата-аналарының фотосуреттерін және өзге де құжаттарды көрсетіп, сақтауды өтініпті. Келешекте қажет болатынын болжаған ғой.

–1949 жылы Жылымды сегізжылдық мектебіне мұғалім болып Бахман Шамиғанов келді. 1952 жылы біз сөз байласып, отбасын құрдық. Осыдан бір жыл бұрын менің анам Бағила Майкөтова өмірден озған еді. Менің жұбайымды Жылымды мектебінің директорлығына тағайындасымен, аудандық, облыстық партия комитеттеріне оған қатысты жалған арыздар түсе бастады. Арыз-шағымдарда коммунистік партияның мүшесі болып табылатын мектеп директорының әйелі халық жауының қызы деп көрсетіліпті. Қатерден сезіктенген күйеуімнің туысқандары менің анамнан қалған барлық құжаттарды пешке жағып жіберген екен. Мұндай арыздар үш рет жазылып, үш рет комиссия келді. 1969 жылы жұбайыма Көкшетау ауданының ең шалғай жерінде орналасқан «Қызылсая» кеңшарына көшуге кеңес беріліп, қатардағы мұғалім қызметі ұсынылды,–дейді Алмажан апай.

Бахман Шамиғанов Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген екен. «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, мұғалімдердің республикалық съезіне делегат болып қатысыпты. Дегенмен, оның қызметтік сатымен жоғарылауына мүмкіндік берілмеген. Көкшетау ауданының мемлекеттік органдары, туысқаны «халық жауы» деген жалған арызды негізге алып, ұдайы «назарларында» ұстап отырыпты. 1970-1972 жылдары Бахман Шамиғанов әділдікті қалпына келтіру мақсатында аудандық, облыстық партия комитеттеріне өтініш жаза бастайды. Ол Әкімбек Майкөтовтың курстас жолдастары – Рузаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын, Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасын, Көкшетау аудандық сотының төрағасын тауып, хабарласады. Олар басында Ә.Майкөтовке қатысты материалдарды іздестіруге уәде бергендерімен, нақты көмектер көрсете алмайды.

–Бірде біздің үйге арнайы келген Көкшетау аудандық білім бөлімінің басшысы, ұлты неміс азамат жұбайыммен екі сағаттай оңаша сөйлесіп, әкелік қамқорлықпен Әкімбек Майкөтовке қатысты мәселені алдағы кезеңде аудандық, облыстық партия комитеттерінің алдында қоймауын өтініпті. Мұнан соң жұбайым іздестіру жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Өмір-өзен. Балаларым ер жетіп, немерелерім аяқтарынан тұрып, отбасын құрғаннан кейін үлкен ұлым Мақсұт Бахманұлынан әкем Әкімбек Майкөтов туралы деректер біліп беруін сұрадым. Менің үлкен ұлым ішкі істер саласының зейнеткері, екі ұлымның полковник атақтары бар. Олар төтенше жағдай саласында басшылық қызметте. Біреуі Нұр-Сұлтан қаласының, екіншісі Көкшетауда облыстық төтенше жағдайлар бөлімдеріне басшылық жасайды. Немерем Нұр-Сұлтан қаласында ІДМ, тағы бір немерем – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде лауазымды қызмет атқаруда. Кіші қызым Төтенше жағдай министрлігінің бөлімінде, төрт немерем Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының осы саладағы аудандық бөлімдерін басқарады,–дейді Алмажан апай.

Апайдың үлкен ұлы Зеренді аудандық газетінде қызмет атқаратын Қайрат Қазиақпаровқа жолығып, көмек жасауды сұрапты. Оның негізгі дәлелдерімен, заң талаптарына сай сұраныстар жасауының нәтижесінде Әкімбек Беспайұлы Майкөтовтың Солтүстік Қазақстан облысы Преснов аудандық халық сотының төрағасы болғаны анықталды. 1937-1938 жылдары Преснов ауданының басшылық лауазымдарындағы бірнеше қызметкерлерге қатысты, ұлттық-фашистік ұйым құрды деген желеумен қылмыстық іс қозғалыпты. Олар Петропавл қаласының арнайы архивінен жеткізілген жеті томнан тұратын басты іспен танысу мүмкіндігін алған екен.

–Менің әкем жас болғанына қарамастан, аса сауатты болғанына оның ісімен танысу барысында толықтай көз жеткіздім. Оның арабша жазып, кейіннен латын тіліне аударып отырған, моншақтай тізілген, каллиграфиялық жазуларына таң қалдық. Қылмыстық істің материалдарында ол 7 дерек бойынша айыпталыпты. Олардың төртеуі байлар мен молдаларға қарсы жеңілдетілген жазалар деп көрсетілген. Бай деп танылу түсініктемесінде 2-3 бас ірі қара малы бар, алайда, 25 адамнан тұратын отбасын асырап отыр, олардың қатарында жастары егде тартқан әке-шешесі, туыстарының жетім балалары бар деп жазылған.

Моллалығына қатысты, айыпталушылардың тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбегендері, тек қайтқан кісіні мұсылман дәстүрімен жерлегендері, құран сүрелерін оқығандары келтірілген. Үкімет саясатына қарсы белсенділік әрекеті үшін қатаң жазаға тартылудың да бірнеше деректері бар. Шаруашылықтың ішкі қажеттіліктері үшін рұқсатсыз ағаш дайындаған колхоз басқармасы төрағаларының бірі арызында аудандық соттың төрағасы өзін қымыз бермегені үшін жазалады деп жазған. Ал, екінші белсенді барлық ауылдастарына қатысты жалған арыздар жазып, көрсетімдері дәлелсіз болғандықтан, сот тарапынан тиісті жазасын алған.

Тек бірнеше деректерде ғана, атап айтқанда жиналыстарда, ұжым алдында сөйлеген сөздерінде елдегі тұрғындар арасында аштықтың орын алып, қазақтардың құқықтарына нұқсан келтіріліп отырылғанын атаған. Осының бәрі айыптауға негіз болып, басқалармен бірге сотталған. Кейін толықтай ақталды. Ол туралы қолымызда анықтама бар. Менің әкем Әкімбек Майкөтов туралы шындықты ашуға атсалысқан Қайрат Есентемірұлына аналық алғысымды білдіріп, қызметіне табыс тілеймін. Енді мен ешкімнен қаймықпастан балаларыма, немерелеріме, барлық туған-туысқандарыма, таныстарыма әкемнің адал жан болғанын, бар күш-жігерімен ел игілігі жолында қызмет атқарғанын сенімді түрде, мақтанышпен айта аламын,–дейді Алмажан Әмірина бізбен әңгімесінде.

Қайрат ИМАНҒАЛИЕВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар