Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік жылнамасындағы – Шортанды ауданы - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік жылнамасындағы – Шортанды ауданы

Шортанды ауданы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1939 жылдың 16 қазаны күні құрылған. Қазіргі күні 11 селолық округ бар. Ауданда 30 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Табиғаты әсем, жері құнарлы, өсімдікке бай.
Аудан орталығы Шортанды кенті Дамса өзенінің жағасында орналасқан. Аудан аумағынан Колутон, Дамса, Талқара, Аршалы, Ащысай, Ащылы-айрық, Сарықамыс, Қаражар өзендері өтеді. Балықтыкөл, Бозайғыр, Мықтыкөл, Сасық тәрізді көлдері бар. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан шаруашылық жүргізуге өте қолайлы.
Соңғы жылдары аудан инвесторларды көбірек тартудың арқасында өндіріс көлемін арттырып отыр. Мәселен, соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм салаларын дамытуға арналған 20-дан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Төрткүл дүниені жаман тұмау шеңгелдеп, алға бастырмай тұрса да, ауданда көп-көрім ілгерілеу бар. Негізінен, алтын өндіру, алтын астық өсіру, мал өнімдерін өңдеумен шұғылданатын аудан еңбеккерлері біршама табысқа кенеліп отыр.

Үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2 миллиард теңгеге жуықтады. Табыс сырын айқындау үшін өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырған ләзім. Бұл орайда, 3 миллион теңгеге жуық өсім бар екендігін айта кетелік.
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіру өте маңызды шаруа. Себебі, бұл өңір Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде. Асқаралы міндеттер үдесінен шығу үшін алға ұмтылған ауданда соңғы жылдары тауарлы-сүт фермаларын ұйымдастыру, мал шаруашылығының етті бағытын дамыту мықтап қолға алынған. Бүгінгі күні малсақ қауым 21095 ірі қара мал бағып отыр. Оның 8500-і сауын сиыр. Қой-ешкі саны 21 мыңнан астам, ал, төрт түліктің төресі – жылқы басы 900 мыңға жуықтап қалды. Өткен жылмен салыстырғанда мал басында айта қаларлықтай өсім бар. Тыңғылықты шаруаның арқасында 1221,8 тонна мал және құс еті өндірілген. Сүт көлемі 4045,5 тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 101,9 пайызға көбейді. Жұмыртқа өндіруде де тәп-тәуір алға басушылық байқалады. Атап айтатұғын болсақ, аудандағы құс шаруашылығы осы мерзім ішінде 400,3 мың дана жұмыртқа өндірді.
Аудан диқандары көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы аяқтап шықты. Агротехникалық талапты уақытылы әрі мүлтіксіз атқарғандықтан диқандар мол егіннен үмітті.
Есепті кезең ішінде 4,8 миллиард теңге инвестиция құйылды. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 169,7 пайызға тең. Құрылыс жұмыстарында да ауыз толтырып айтуға әбден лайықты қарқын бар. Барлық құрылыс жұмыстарының көлемі 378,2 миллиард теңгеге тең. Тағы да өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс-тыратын болсақ, бұл орайдағы өсім 100,9 пайызды құрап отыр. Жаңадан салынған 3439 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл орайдағы өсім деңгейі 154,6 пайызды құрайды. Қазіргі күні Шортанды поселкесінде 36 пәтерлік көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғандығын атап айтуға тиістіміз. Бүгінгі күні 1094 шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істеуде.

Білім саласы да жаңа белестерге қол жеткізіп отыр. 3 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі мекемелермен 100 пайыз қамтылған. Үстіміздегі жылы Новоселовка ауылындағы орта мектепке 260 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, Жолымбет поселкесі мен Төңкеріс негізгі мектебінде де жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Төңкеріс станциясындағы негізгі орта мектепке 1,9 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Жолымбет елді мекеніндегі шығармашылық үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 21,7 миллион теңге қаражат бөлінген. Аудандағы білім ошақтарына 7,8 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.

Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында орташа еңбекақы 161908 теңгеге жетті. Есепті кезең ішінде жұмысқа орналасу үшін 412 адам өтініш білдірсе, оның 251-і орналас-тырылды. Әлеуметтік көмекті қажет ететін топқа 6,1 миллион теңге көмек көрсетілді. Аудандағы жұмыссыздықтың көлемі 4,8 пайызды құрайды. Соңғы жылдары жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты жұмыссыздық қысқарып келеді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шортанды поселкесінің 15 көшесіне орташа деңгейде жөндеу жұмыстары жүргізілді. 12,2 шақырым жол жөнделді. Үстіміздегі жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатын болады. Новоселовка ауылында 1,8 шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 63 миллион теңге қаражат бөлінді. Жаман тұмау басталғалы 357 адам сырқатқа шалдыққаны белгілі. Қатерлі дерттің белең алуы үстіміздегі жылдың сәуір айында көрініс берді. Қазіргі күні ауданда аурудың алдын алуға қажетті барлық жағдай тудырылып отыр.

Шортандылықтар өздерінің қажырлы еңбектерімен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына лайықты үлестерін қоспақ. Бірлікпен берекесі кірген өңірдің өңі соңғы кезде айтарлықтай жақсарып қалған. Алдағы уақытта табыс тасқынын еселеуге бет бұрған шортандылықтар заман ағымына сай еңбек ырғағын еселей түсуде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар