Толғандырған жайдың шешімі бар

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кейбірінің өтініштерін әдеттегідей тікелей көзбе-көз тыңдаса, кейбір аудан тұрғындары арыз-шағымдарын қашықтықтан бейнебайланысқа шығу арқылы жеткізді.

Өңір басшысының қабылдауына ең алғашқылардың бірі болып Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманбай Сейітқасымов кірді. Ол өз өтінішінде облыстың байырғы елді мекендерін, этносаяси процестерді зерттеу, көрнекті тұлғалардың есімдерін жаңғырту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Аталмыш жоба ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылмақшы. Зерттеу жұмыстары барысында тарихшы-ғалымдардың жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялап, арнайы сайт құру жоспарлануда. Әрине, зерттеу жұмыстары, экспедициялар мен ғылыми еңбектерді жариялау қаржылық шығындарды талап ететіні бар. Сондықтан, алдын ала смета бойынша жобаны іске асыруға шамамен 15 миллион теңге қаржы қажет деп есептелінген екен. Осындай маңызды мәселемен келген ректор кеңесшісіне аймақ басшысы:

–Бұл біздің қоғам үшін өте қызықты әрі қажетті жоба. Сондықтан, шамамен ағымдағы жылдың тамыз айында қажетті соманың жартысын бөлетін боламыз, содан кейін жұмысқа кірісесіздер, –дей келе, облыстық ішкі саясат басқармасына жобаға сүйемелдеу жасауды тапсырды.

Бұдан әрі қабылдауға көкшетаулық тұрғын Мария Тепаева келіп, жүгінді. Ол – екінші топтағы мүгедек екен. Өз мәселесі бо-йынша шағымданып, 2020 жылдан бастап елге әкелінбейтін, Австрияда өндірілетін «Преднизолон-Никомед-5 мг» дәрілік препаратымен қамтамасыз етуді сұрады. Қозғалу мүмкіндігін шектейтін ауруы бар жас әйелге препаратты күнделікті қабылдау қажет, Ресейде шығарылатын осы препараттың баламасын «СК-Фармация» серіктестігі 2017 жылдан бастап сатып алады.

Бұл салыстырмалы түрде арзан дәріні кез-келген дәріханада сатып алуға болады. Бірақ, бар мәселе ресейлік «Преднизолон» оған қажетті негізде әсер етпейтін көрінеді, сондықтан оған импортталған препарат керек екен. Ағымдағы жылдың қаңтар айында облыстық денсаулық сақтау басқармасы қажетті дәрінің 3 қорабын алуға көмектесіпті, Аса қажет аталмыш дәрі оған енді осы маусым айының соңына дейін ғана жетеді екен.

Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына Мария Тепаеваға қажетті дәрі-дәрмекті алуға көмектесуді тапсырды. Алайда, ол еліміздегі бірде-бір дәріханада жоқ екен. Өкінішке орай, Қазақстанда импорттық дәрі-дәрмектерді тіркеу Денсаулық сақтау министрлігіне де тәуелді емес, мұндай сұранысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы жіберсе де, бұл тек өндіруші компанияның бастамасы бойынша ғана іске асырылады. Бұл мәселеден шығудың бірден бір жолы оны шетелден сатып алу ғана.

–Егер сіз бұл дәрі-дәрмекті белгілі бір елден тауып алатын болсаңыз, оны сатып алуға және Қазақстанға жеткізіп беруге біз көмектесеміз, – деді облыс әкімі.
Видеобайланыс арқылы шағымданған целиноградтық Рустам Жылқыбаев жер мәселесін көтерді. Қаражар ауылында жеке меншік жер учаскесі бар ол аукцион арқылы көрші жер телімін сатып алып, жылыжай салуды жоспарлап отыр. Бірақ, ол түсініксіз себептермен аукционға қатысу үшін тіркеле алмапты.

Қазір ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес конкурстар немесе аукциондар электрондық режимде өткізіледі екен. Жер учаскелерін меншікке немесе уақытша пайдалануға беруді жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады. Бұл орайда, Ермек Маржықпаев Целиноград ауданының әкімі Бахыдбек Оспанбековтің жағдайына түсініктеме беруді сұрады.

Оның айтуынша, бұл электрондық сауданы ұйымдастырудың алғашқы тәжірибесі болғандықтан, техникалық сәйкессіздіктер пайда болды. Қазір мамандар мәселені шешу үшін жұмыс істеуде. Сұралып отырған жер учаскесі сауда-саттыққа шығарылатын учаскелер тізбесіне енгізілді. Аукцион
22 маусымда өтеді.

Сонымен бірге, қабылдауда жастардың қазіргі заманғы би бағыты–брейк-дансты дамыту үшін қаржылық қолдау туралы республикалық спорттық билер қауымдастығының төрағасы Шерхан Жеңіс сұрады. Оның айтуынша, 2019 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті брейк-дансты олимпиадалық спорт түрлеріне қосқан. Ақмола облысы да жыл басынан бері брейкинг спорттық би федерациясына еніпті. Көкшетауда отыз жас жігіт пен қыз Атбасарда жаттығады екен.
Ермек Маржықпаев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына жағдайды зерттеп, брейк-дансты қамқорлыққа алуды тапсырды.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар