Жаз – балалар үшін көптен күткен демалыс пен ойын-сауықтың қызған қызықты да қуанышқа толы маусымы. Оқу жылы аяқталысымен балалардың көбісі жазғы лагерьлерге барып, дем алғанды қалайды. Әрі бұл лагерьлер олардың дамуы мен тәрбиесіне, денсаулығына да жақсы жағынан әсер етеді. Дегенмен, биылғы эпидемиологиялық жағдайда демалыс қалай ұйымдастырылатыны жайлы тиісті мамандармен әңгімелесіп, білдік.
Биыл облыста балалардың жазғы демалысы мен бос уақытта жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тікелей байланысты болмақшы. Қазіргі уақытта Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның 2021 жылғы 30 сәуірдегі №17 қаулысына сәйкес балалардың лагерьлерде демалуына рұқсат беріледі, тек арнайы санитарлық талаптар мен шарттарды сақтау қажет. Мәселен, балалардың демалысы кезінде облыс «қызыл аймаққа» енген болса, онда лагерьлердің сыйымдылығына байланысты балаларды 30 пайызға дейін қабылдауға болады, «сары аймаққа» кірсек, 50 пайызға дейін толықтыруға рұқсат етіледі екен.
Жалпы, биыл облыс бойынша балалар демалысы қала сыртындағы 17 сауықтыру орталығында ұйымдастырылмақшы, олардың 7-еуі жеке меншік,10-ы мемлекеттік. Бұдан басқа 248 мектеп жанындағы лагерьлер тамақтандырумен қамтылса, тамақтандырусыз 458 алаң және демалудың аз шығынды 332 нысаны базасында өткізілетін болады. Бұл демалыс түрлерімен 105 мыңға жуық оқушыны немесе жалпы контингенттің 87,9 пайызын қамту жоспарлануда.
–Балаларды сауықтыруға арналған нысандарда санитарлық эпидемиологиялық талаптар мен карантиндік шектеулер қатаң сақталған жағдайда ғана жұмыс істейді. Яғни, жұмыс ауысымының алдында қызметкерлер күн сайын байланыссыз термометриядан өтіп, балаларды күн сайын таңертеңгі сүзгіден өткізуді қамтамасыз етеді және демалуға келген оқушыларды күні бойы тыныс алу аурулары симптомдары бойынша тексеріп отырады. Сонымен бірге, келушілерден отбасы мүшелерінің де денсаулығы бойынша жедел респираторлық вирустық инфекциялары (ЖРВИ) аурулары белгілеріне, шетелден келген адамдармен контактіде болған-болмағандығына сұралып отырады. Бұған қоса, ЖРВИ және тұмау симптомдары бар персонал жұмыстан шеттетіледі. Егер лагерьде ЖРВИ және тұмау симптомдары бар адамдар анықталып жатса, оларды бірден оқшаулап, жедел жәрдем шақырылады, деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Индира Сыздықова.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың айтуынша, балаларды сауықтыру нысандарына әкелген кезде әрбір баланың қолында денсаулық жағдайы туралы құжаттары, яғни, 086/у нысанды анықтама, инфекциялық аурулармен, оның ішінде коронавируспен ауырған адамдармен байланыста болмағандығы туралы анықтамалар, кем дегенде 72 сағат бұрын коронавирусқа тексерілген ПТР тестінің теріс нәтижесі бар болуы тиіс.
– Мектеп жанындағы лагерьлер мен қосымша білім беру нысандары карантин кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен талаптарды қамтамасыз ете отырып, коронавирус жұқпасының таралуы төмен, қолайлы аумақтарда кезең-кезеңімен ашылады. Ауа райына байланысты лагерьлерде өткізілетін іс-шаралардың басым көпшілігі таза ауада, далада ұйымдастырылады. Жұмыс режимі мен балалардың бос уақытын ұйымдастыру кезінде отрядтар оқшауланулары тиіс, –дейді басқарма басшысының орынбасары.
Бұған қоса, жазғы демалыс маусымы кезінде Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығына облыстан 1728 оқушы барады. 2021 жылдың басынан бастап онда облыстың 13 ауданы мен 2 қаласынан және Ақкөл балалар үйінен 5-9 сыныптар аралығындағы 1440 оқушы демалды. Сонымен бірге, «Звездный» балаларды сауықтыру орталығына аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға 150 тегін жолдама беріледі.
Үйірмелер мен секциялар, еңбек жасақтары және зияткерлік жұмыспен қамту бойынша жазғы кезеңде шамамен оқушылардың 117739-ы қамтылады, бұл жалпы контингенттің 95,5 пайызын құрайды.
Егер облыстың кейбір аудандарында немесе қалаларында эпидемиологиялық ахуал күрделене түссе, онда жазғы кезеңде балалармен жүргізілетін іс-шаралардың барлығы қазіргі техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қашықтықтан ұйымдастырылады. Бұл дегеніміз балалар демалысты жазғы лагерьлерге бармай, онлайн режимінде қашықтықтан байланыс арқылы өткізеді.
–Егер демалыс осындай форматта ұйымдастырылатын болса, оған апта сайынғы негізде 1-4 және 5-8 сыныптарға арналған әртүрлі тақырыптар бойынша 460 онлайн-лагерьдің желілік кестелері әзір және білім беру ұйымдарының әлеуметтік желілері мен интернет-ресурстарында орналастырылады. Онлайн ауысымдар аптасына 5 күн бойы 10-нан 13 сағатқа дейін өткізіледі. Ауысым аясында шығармашылық шеберлік сыныптары, ойын-сауық ойындары, флэшмобтар, виртуалды экскурсиялар және тағы басқалар ұйымдастырылады, –дейді мамандар.
Орта және жоғары сынып оқушылары үшін жаз бойы ZOOM, Skype, mail.ru, WhatsApp платформалары арқылы «bolaşaq» сарайы қосымша білім беру орталығының базасында да «BOLASHAQ академия» облыстық виртуалды IT-лагері жұмыс істейтін болады. Осы тәрізді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Балалар университеті» бейіндік алаңы да өз жұмысын жалғастырады. 18 балалар шығармашылығы үйлерінде «пайдалы іс-әрекеттер академиясы» ашылып, онда қосымша білім беру педагогтары, ерікті студенттер, табысты тәрбиеленушілер оқушылар үшін шығармашылық, зияткерлік және әлеуметтік маңызы бар алаңдар ұйымдастырады.
Облыстың жоғары колледждерімен бірлесіп, онлайн-кәсіби сынамалар өткізу негізінде «ПрофиКЗ» қашықтықтан кәсіптік бағдарлау лагері іске асырылады.
Осылайша жазғы кезеңде демалыс пен жұмыспен қамтудың дәстүрлі және қашықтықтан форматымен мектеп оқушыларының 95 пайызын қамту жоспарланған.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.