Өзен-көлдер қоқыстан тазартылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Марат Есімсейітов «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясының қорытындылары туралы айтып берді.

Балық шаруашылығы комитетінің 2021 жылғы 19 ақпандағы бұйрығының негізінде балық шаруашылығы инспекция-сы су айдындарын балық аулау ауларынан тазарту, жағалау аумақтарын жинау мақсатында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізілген болатын. Бұл іс-шараға инспекцияның мамандары белсене қатысып, біраз жұмыс атқарды. Балық шаруашылығы комитетінің су айдындарында табиғат қорғау акциясын өткізу жөніндегі бұйрығы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының барлық табиғат пайдаланушыларына, сондай-ақ облыстың мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарына жеткізілді.
–Екі өңірдің облыстық және аудандық газеттерінде, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде және телеарналар арқылы табиғатты қорғау акциясын өткізу жөнінде хабарлар жарияланды. Инспекция мамандары жергілікті атқарушы органдармен, балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметтерімен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖасНұр» кәсіпорнының өкілдерімен, еріктілермен балық шаруашылығына қарасты су айдындарының жағалауын тұрмыстық қоқыстардан тазарту және тралдау жұмыстарын жүргізді. Акция барысында 505 қызметкер мен 20 жүзу құралы тартылып, 27,98 тонна қоқыс шығарылды. Балық шаруашылығы су айдындарын тралдау процесінде 81 балық аулау торларын жинап алынды. Биылғы жылы инспекция мамандары Көкшетау аңшылар мен балықшылар қоғамы өкілдерімен, еріктілерімен бірге Шағалалы су қоймасының және Қопа көлінің жағалауын тыйым салынған аулау құралдарынан және қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұл акцияға 30 адам қатысты, 2 жүзу құралы жұмылдырылды. 800 келі қоқыс шығарылды. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, Қопа көлінен 8 балық аулау торын алдық,–деді инспекция басшысының орынбасары.
Жалпы іс-шараға 267 адам қатысқан екен. Бұл жұмысқа 130 автокөлік, 106 жүзу құралы тартылып, 10,57 тонна қоқыс шығарылыпты. Заңсыз пайдаланған 215 ау тәркіленген. Мұндай игілікті жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында да жүргізіліпті.
– Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ақмола облысы бойынша балық инспекциясының бас маманы Е.Қосмағанбетов Зеренді ауданы Қанай би ауылының тұрғындарымен бірлесіп су көздерін ашып, бұлақтарды тазартты. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын өткізуге 768 адам қатысып, өзен-көлдерді қоқыстан және аудан тазартты. Акция нәтижесінде 38,34 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды,–деген Марат Есімсейітов журналистер сауалына нақты жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар