Ақмола облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен Саяси бюро кеңесінің отырысында өңіріміздегі жастарды қолдауға арналған «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасын бекіту туралы мәселе қаралды.
Облыста 153 мыңнан астам жастар бар. Бұл өңірдің барлық тұрғындарының 20 пайызын құрайды. Оның ішінде 45 пайызы қалалық жастар болса, 55 пайызы ауыл жастары. Өткен жылы жастар саясатын іске асыруға бюджеттен 468 миллион теңге қаржы бөлінген. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында «Жас Отан» жастар қанатының филиалдары, жастар ресурстық орталықтары және жастар бірлестіктері жұмыс істеуде.
Отырыста «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Сұлтанбек Бекішев баяндама жасап, аталмыш бағдарламаның облыста белсенді түрде жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.
–Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бүгінде 3,4 пайызды құрап отыр. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 1769 адам жұмыспен қамтылды. 85 адам қысқа мерзімді курстарда оқыды. 28 адам грант, 8 адам микрокредит алса, 142 адам «Bastau Business» жобасы бойынша оқып, сертификатқа ие болды,– деді Сұлтанбек Бекішев өз баяндамасында.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 2021 жылға республикалық бюджеттен ауылдық елді мекендерде жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешеннің 339 жас мамандарына 1 483,6 миллион теңге бюджеттік несиелер және 179,8 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілген.
Жыл сайын жоғары оқу орындарының студенттеріне облыстық бюджеттен 150 грант, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына республикалық бюджет есебінен 120 грант бөлініп отыр. Бүгінгі күні 230 студент жалпы сомасы 107 миллион теңгеге Ақмола облысы әкімінің жеке стипендиясының иегерлері атанған. Өткен жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде 500 орынға арналған жатақхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, алдағы уақытта 5 білім беру ұйымында 2850 орындық студенттік жатақхана салынады деп жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, «Жас Отан» жастар қанаты шығармашыл жастарға да қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын дарынды жастар арасында байқаулар өткізіп, волонтерлік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Облыста 3 мыңнан астам еріктілер қызметке тартылса, жастар ресурстық орталықтарының жанынан 74 волонтерлік орталық жұмыс істеп тұр.
С.Бекішев пандемия кезінде тұрақты негізде «Жас Отан» жастар қанатының еріктілері «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық жобалары аясында әлеуметтік мұқтаж адамдарға, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге көмек көрсетілгенін алға тартты.
Бүгінде Жол картасын қалыптастыру аясында қалалар мен ауылдық жерлерде 80-ге жуық кездесулер өткізілген. Сондай-ақ, өңірлік жол картасында 6 бағыт бойынша 27 индикатор мен 60 шара жоспарланған. Міне, осы Жол картасының негізінде жастардың өзекті мәселелері көтеріліп, оларды шешудің тиімді жолдары ұсынылған.
Отырыс қорытындысы бойынша Саяси кеңес бюросының мүшелері «Жас Отан» жастар қанатының Ақмола облысы бойынша 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын бекітіп, осы бағыттағы жұмысты барынша назарда ұстау қажет деген шешімге тоқталды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.