Абылай хан алаңында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған кең көлемдегі мерекелік шара өтті.
Жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйлеп, Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген ауқымды жұмыстардың мемлекет дамуындағы маңыздылығын атап өтті.
Мерекені тойлауға мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі этностардың ұлттық киімін киген шара қатысушылары мен қалың көпшілік бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетті. Алаңға кең сахна қойылып, жанды дауыста ән айтылып, би биленіп, оркестрден құдыретті әуен төгілді.
Орталық алаңдағы салтанатты жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік» жарысының қатысушыларын қарсы алу рәсімімен басталды. Жарысқа 600 адам қатысып, ересектер 2 шақырым, ал, балалар 500 метр қашықтықты жүгіріп өтті. Аталған спорт жарысының қатысушылары алаңға салтанатты түрде кіріп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Этномәдени орталықтардың өкілдері, студенттер, оқушылар және қоғам белсенділері қатысқан бұл шара расында да, ел ішіндегі достық пен өзара құрметтің нақты көрінісі болды.
Сахнадағы концерттік бағдарлама облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтпаевтың құттықтау сөзімен ашылып, содан соң ол жарыс жеңімпаздарын марапаттады.
– Ұлттық бірлік баға жетпес байлығымыз, мемлекеттігіміздің берік іргетасы. Бүгінгі мереке еліміздегі көпұлтты қоғамның біртұтастығын паш ететін, ортақ мұраттарға деген адалдықты айқындайтын ерекше күн. Біз бәріміз бір шаңырақтың, бір тағдырдың, бір болашақтың адамдарымыз, – деді әкімнің орынбасары жиындағы сөйлеген сөзінде.
Татулық пен өзара түсіністіктің, әртүрлі мәдениеттің бір арнада тоғысып, біртұтас ел бола алғанының айқын айғағындай әсер қалдырған бұл мереке әр адамның жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатты. Салтанатты жиын барысында ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар ақмолалық азаматтар арнайы марапаттар мен мерейтойлық төсбелгілерге ие болды. Солардың бірі – қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ардагері Мейрамбек Қиықовпен аз кем-тілдесудің сәті түсті.
– Бұл марапат мен үшін үлкен жауапкершілік. Еңбегімді елеген ел азаматтарына алғысым шексіз. Қазақ тілі мен мәдениетін дәріптеу, елдің татулығын сақтау әрбіріміздің азаматтық парызымыз, – деді ардагер толқыныспен журналистерге берген сұхбатында. Сонымен қатар, мерекелік шарада түрлі ұлт өкілдерінің әні мен биі көрермендерді тәнті етті. «Гәкку», «Көкшетау», «Сувенир», «Қазына» сынды халықтық ансамбльдер мен өнер ұжымдарының өнері арқылы еліміздің бай мәдени келбеті мен мұрасы айқын көрінді. Мерекелік көңіл күйге бөленген қала тұрғындары да іштегі толқыныс пен қуанышын жасыра алмады.
–Бұл мерекеде тек ән-күй емес, адамдар арасындағы шынайы жылылық сезіледі. Әр ұлт өз өнерін паш етіп, бір-бірін құрметпен қарсы алады. Нағыз достық осындай болады, – дейді қала тұрғыны Надежда Луганская.
Аталмыш шарада сонымен жақында Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысын дайындау және өткізуге зор үлес қосқаны үшін Ақмола облысы әкімінің алғыс хаттарымен бірқатар өнер иелері марапатталды. Олардың ішінде Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Рашит Жанат, «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің жетекшісі Мадина Досмағамбетова, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблінің жетекшісі Гүлмира Ордабаева, «Көкшетау» мәдениет сарайының дыбыс режиссері Андрей Баженов, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Тоқтарбек Қалдырбаевтар бар.
Сондай-ақ, шарада концерттік бағдарламаның қонағы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның жарық жұлдызы, әнші Ақбота Құснадин өнер көрсетті. Біз өз сөзімізде бұл мерекенің ерекшелігі биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінде екенін жоғарыда айтып өттік. Осынау тарихи құрылымның ел бірлігін сақтауда маңызды екенін көпшілік тағы бір мәрте сезінді десек те артық айтпаспыз. Шара соңында барлық өнерпаздар мен жүргізушілер сахна төріне шығып, «Қазақстан – алтын ұям, бесігім» әнін орындады. Көк тудың астында тоғысқан сан ұлт өкілі бір дауыспен болашаққа деген үмітін, елге деген сүйіспеншілігін осылайша жеткізуге тырысты. Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысында 48 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар 100-ге жуық этнос өкілдерінің өзара татулығын нығайтып, ортақ мүдде жолында еңбек етуде.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

