Балалардың жан-жақты дамуына бар мүмкіндік жасалған

Өз жұмысын бастағанына жарты жылдан астам уақыт болып қалған Көкшетау қаласындағы оқушылар мен студент жастарға арналған «Болашақ» сарайына қатысты әлеуметтік желілерде түрлі сын-пікірлер айтылып жүр. Осыған байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов пен аталмыш оқушылар сарайының директоры Айнагүл Балташева БАҚ өкілдерімен кездесіп, ондағы ақылы үйірмелердің бағасына, басқа да түрлі мәселелерге қатысты сан түрлі сауалдарға түсініктеме берді.

Баспасөз мәслихаты басталмас бұрын БАҚ өкілдері «Болашақ» сарайының ішін аралап, ондағы «А» және «Б» корпустарындағы үйірмелер өтетін бөлмелерді қарап көрді. Бұдан кейін білім басқармасының басшысы мен нысан директоры журналистерге мекеме жайлы толық ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. БАҚ өкілдері тарапынан қойылған түрлі сауалдарға да жауап берілді.

Сонымен, нысанның алғашқы корпусында бес бағыт бойынша 72 үйірме жұмыс істейді. Оның 58-і тегін, 14-і ақылы.
–Мұндағы ақылы үйірмелердің 1 сағаттық құны 440 теңгені құрайды. Бұл қосымша білім беру саласындағы үйірмелердің орташа нарықтық құнынан әлдеқайда төмен. Оның үстіне бұл ақылы үйірмелерден түскен қаржы «Болашақ» сарайының коммуналдық қызметтерін өтеу шығындарына да жетпейді. Дегенмен, жиналған қаражат сарай жұмысын жандандыруға жұмсалады, –дей келе, Айнагүл Қыдырбайқызы бағалар кабинеттердің жабдықталуы мен әр түрлі шығындарды ескере отырып, арнайы сарапшылармен келісімді түрде қойылғандығын түсіндірді.

Оқушылар сарайындағы үйірмелерге көпбалалы отбасылардың да балалары қатысатыны белгілі. Осы орайда, оларға белгілі бір жеңілдік қарастырылған ба деген сауалға нысан директоры:
–Әр тоқсан сайын балалардың әлеуметтік-отбасылық жағдайларына қатысты байқау кеңесі ұйымдастырылып тұрады. Оның құрамын облыстық білім басқармасы бекітті. Олар көпбалалы отбасылардың және отбасылық қиын жағдайға тап болған балаларды анықтап, арнайы ережеге сай «Болашақ» сарайының қарауына ұсынады. Мекеме ережелеріне сәйкес ондай отбасылардың балалары тегін үйірмелерге қатыстырылады, –деді.

Баршамызға белгілі сарайдың асханасы шағын ғана бөлмеде орналасқан. Бұл жайлы да әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер жазылды. Ол жайлы Айнагүл Қыдырбайқызы оның жоба жоспарына сай салынғандығын түсіндірді. Мұнда бір мезетте 32 бала тамақтанады. Бұл асхана түрінде емес, шағын буфет ретінде жасалғандығын айтты және оны кеңейту мәселесі қаралмайды. Себебі, бұл жерде ешқандай ыңғайсыздықтар орын алмаған. Негізінен мекеме қосымша білім берумен айналысатындықтан, мұнда ыстық тамақпен қамту қарастырылмағанын түсіндірді.

Жиын барысында «Жазғы лагерьдің» ұйымдастырылатыны жан-жақты айтылды.
–Қазіргі уақытта облыстық білім басқармасымен бірлесіп, жазғы лагерьді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Жас ерекшеліктеріне қарай әр санаттағы оқушылар бес күн бойы мұнда лагерьде болады. Олар үшін колледж жатақханаларынан орындар бөлініп, ыстық тамақтар қарастырылған. Жазғы лагерьдің мақсаты – ІТ бағытында білімін жетілдіріп жүрген шалғай аудандардағы балаларға мұндағы озық технологияларды қолданып, іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік туғызу. Біздің облыс аудандарында балаларға арналған әр түрлі техникалық, шығармашылық бағыттағы ұйымдар жұмыс істейді, бірақ, оларда заманауи құрал-жабдықтар жоқтың қасы.

Сондықтан, қосымша білім алып, түрлі жетістіктерге жетіп жүрген жас жеткіншектер осындағы жабдықтарды қолдарымен ұстап, көздерімен көріп, онымен жұмыс істеп, біліктіліктерін шыңдайтын болады, –деді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов. Қазіргі уақытта білім басқармасы шалғай елді-мекендердегі талапты да талантты балаларды анықтап, оларға осы лагерьге жолдама беру жұмыстарын бастап кетіпті.
Нысанның спорт бағытына арналған «Б» корпусының жетекшісі Аман Ермұханов БАҚ өкілдерін спорттық үйірмелердің жұмыстарымен таныстырды. Спорттық блогта 17 үйірме жұмыс істейді. Мұнда спорттың барлық түрі – ұлттық спорт түрлері мен жекпе-жек, үстел теннисі, суда жүзу бойынша түрлі үйірмелер бар. Дәл қазіргі уақытта онда 618 бала шынығуда. Жаттықтырушылар мен хореограф мамандар тапшылығы байқалмайды.

Жуырда мұнда волейболдан жарыс өткізіліп, онда ақмолалық «Ұшқын» командасы қатысып, өңірдің намысын қорғаған болатын. Одан кейін мұнда оқушылар арасында өткен Ұлттық лига ойындарының «бес асық» бойынша жарыстары өткізіліп, оған республиканың 14 облысының жас жеткіншектерінен құралған командалары қатысқан еді.

–Бүгінде спорттық үйірмелер толық. Мұнда келген балалардың қарым-қабілеттерін анықтау үшін оларды үш ай бойы бақылаймыз. Кейбір балалар икемі келмейтін спорт түрлерін таңдап, жазылып қоюы мүмкін. Сондықтан, олардың бойындағы талабы мен икеміне орайлас-тырып, қажетті бағытын анықтап, ата-аналарымен әңгімелесіп, баланы басқа бағытқа ауыстырымыз. Орын босаған кезде сарайдың әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хабарлама беріледі, – деді Аман Ермұханов.
Қазіргі уақытта «Болашақ» сарайында 1995 бала қосымша білімін жетілдіруде. Алдағы уақытта нысан бір мезгілде 2015 баланы қамтитын болады.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар