«Мейірім» қорының игі істері

Зеренді ауданында бір жылдан бері «Мейірім» қоры жұмыс істеп келеді. Гүлдана Бектұрғанова есімді аудан тұрғынының бастамасымен құрылған қордың мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға, қиын жағдайда қалған жалғызбасты аналарға, қарттарға, науқас балаларға қол ұшын беру.

Ауданда іссапарда болғанымызда осы қордың құрылтайшысы Жанна Ермекқызымен әңгімелесудің сәті түскен еді. Волонтерлікті өміріне серік еткен біздің кейіпкеріміз аудан орталығындағы №2 орта мектепте биология пәнінен ұстаздық етеді.

–Бір адамның қолынан еш нәрсе келмейді. Сол секілді біздің қордың жұмысы да көптің көмегінің арқасында жүріп жатыр. Мұқтаж жандарға тұрғындар, бәріміз бірлесіп көмектесеміз. Сананы тұрмыс билеген қазіргі заманда адамдар мейірімділік, қайырымдылық деген ұғымдарды ұмытпауы қажет деп есептеймін. «Мейірім» қорын құрған жерлесім Гүлдана Бектұрғанова кезінде өзі де қиыншылықты көрген жан. Онымен танысқанымда бауыр еті баласы қатерлі ісік ауруымен ауырып жатқан еді. Сондай қиын сәтте Гүлдананың жанынан табылып, кішкентай періштесін емдетуге көмектескен болатынбыз. Емге қаражат жинау үшін қайырымдылық концерттерін ұйымдастырдық. Өкінішке орай, сырқаты әбден дендеп кеткен екі жасар балақайды дәрігерлер аман алып қала алмады. Баласынан айырылса да, тағдырдың сынағына мойымаған ана бүгінде қордың құрамында өзгелерге көмектесіп жүргені асқан ерліктің, адамгершіліктің белгісі деп ойлаймын, – деді Жанна Ермекқызы.

Бір жылдың ішінде бұл қор талай мұқтаж жанға қанатымен су сеуіп, алғыстарына бөленіп үлгерген. Мәселен, үстіміздегі жылдың ақпан айында балалар үйінде тәрбиеленген апалы-інілі жастар қор волонтерларының көмегінің арқасында тұрмыстарын түзеп, жұмысқа орналасқан. Зеренділік жалғызбасты қариялар мен аналар да мейірімділіктердің мейірімділігін ауыздарынан тастамай айтып жүреді.

Шынымен де, «Мейірім» қоры секілді волонтерлік ұйымдардың атқарып жүрген игі істері айтуға тұрарлық. Ал, осы ретте қор мүшелерінің волонтерлікпен айналысудан басқа шаруасы жоқ деп ойласаңыз, қатты қателескеніңіз. Қор волонтерлары түрлі салада еңбек етеді. Мәселен, Гүлдана Бектұрғанова аудан орталығындағы балалар шығармашылық үйінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, қор жұмысының алға басуына осындағы №2 орта мектептің директоры Бүркіт Әубәкіров та септігін тигізіп жүрген көрінеді. Ал, біз әңгімелескен Жанна Ермекқызы жуырда алтыншы баласын дүниеге әкелген көпбалалы ана. Міне, жұмыстың, үйдің тірлігі бір бастарына жетіп артылатын осындай жандардың алтын уақыттарын бөліп, игі істермен айналысып жүргені көңіл қуантады.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.

Суретте: «Мейірім» қорының құрылтайшысы, көпбалалы ана Жанна Ермекқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар