Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшенің арға біткен перзенті еді - АРҚА АЖАРЫ

Көкшенің арға біткен перзенті еді

Қазыналы Көкшенің туған еліне жан-тәнімен қызмет еткен азаматтары аз емес. Соның бірі – заманында ақадал еңбегіне сай халқы қадірлеген Қасқырбай аға Әбуов болатын. Сұм ажал алып кетпегенінде 85 жасқа толар еді.

Егін алқабының шетіндегі егіншілер қосы дүр ете түскен. Әбуден сүйінші сұрай шыққан баланы қасқыр қамапты. Әйтеуір, аман көрінеді. Ұялы қасқыр болса керек, біразға дейін қыр соңынан қалмағанға ұқсайды. Әйтеуір, бір-біріне жамыраса, жағаларын ұстап таңдана айтып жатқан әңгіменің ауаны осыған саяды.
Әбудің шаңырағында ақ түйенің қарны жарылған күн еді. Мынау жарық дүниеге іңгәлап жас сәби келді. Үлбіреген үмітті дүние. Әке көкірегін қуанышқа бөлеген сәт. Ел есін жиған соң жас сәбиге азан шақырып, ат қоймақ. Әрнені ырым ететін халық емеспіз бе? Манағы әлпеттегі оқиғаның өрісінен болар, анасының аузына Қасқырбай деген есім түсіпті. Мүмкін, жас сәбидің болашағын болжатқан, болмыс-бітімінен, мінез-құлқынан хабар берген жаратқан иенің құдіреті шығар.
Бұл 1936 жыл болатын. Қарапайым колхозшының шаңырағында жарық дүние есігін ашқан сәби өзіне қойылған атқа сай бала кезінен-ақ қайраққа жанып алған қанжардай өткір кейіпті, ақиқатты ұнататын, шыншыл болып өсті.
Анасы Бәтжан мейлінше қайратты, анау-мынауға жаси қоймайтын жігерлі жан еді. Қажылық парызын орындаған адам. Ел іші Бәтжан ананы айрықша ақылы үшін елден ерек сыйлап, құрмет көрсететін. Әкесі Әбу өмірі бітпейтін колхоздың қара жұмысына жегіліп жүргенде, анасы қос басында жұмысшыларға ас дайындайтын. Қалай болғанда да, қиын уақыт. Алаш даласындағы жанды-жансыз ажалды аузын арандай ашқан аштық дейтін айдаһардың жалмауына түсіп жатқан кезең. Міне, осындай елдің қабағына қырау қатқан, жүректер мұздаған кезде ел ішіндегі қайрат көрсеткен, аштықпен алысқан осындай адамдар еді. Адал еңбектерінің арқасында аман қалды, елді де аман алып шықты.
Іле соғыс басталған. Туған ағасы Есмағзам қан қасап майданда хабар-ошарсыз кетті. Жамандықтың жалғыз жүрмейтін әдеті ғой. Сегізінші сыныпта оқып жүргенінде әкесі қайтпас сапарға аттанған. Қасқырбайдың көкірегінде өмірі өшпестей бір өкініш қалды. Ол асқар таудай әкесін татар дәмі таусылған сәтте бір уыс топырақ салып, шығарып сала алмағандығы. Арада қаншама жыл өтсе де, осы бір өкініш оқта-текте бас көтеріп қояды.
Арықбалық ауданына қарасты Қарагүл ауылында дүние есігін ашқан Қасқырбай Әбуұлы орта білімді сол кездегі атақ-даңқы жер жарып тұрған Шұқыркөл мектеп-интернатында алды. Қазақтың талай жақсы-жайсаңдары үлкен өмірге жолдама алған, білімі берік, тәрбиесі тәлімді, сүттей ұйыған орта.
Тауқымет аз емес еді. Біріне бірі қабаттаса келіп, өңмеңіңнен итеріп, шалғайынан тартып, иығынан басып, үнжырғасын түсіргісі келді-ақ. Бірақ, қиындық келген сайын шарболаттай шыңдала түсетін Қасқырбай Әбуұлы жасудың орнына қайраттана түсті. Бәлкім, тұс-тұстан аңдыздаған, алдынан кесе-көлденеңдеген қиындық атаулыдан алып шыққан да осы бір жасуды білмейтін жігері шығар. Әрі көкіректе алаулаған арманның оты мол еді. Сол арман жетектеп, Целиноград ауыл шарушылығы институтынан бірақ шығарды. Агроном-экономист мамандығын алды. СОКП Орталық Комитетінің Жоғарғы партия мектебін ойдағыдай аяқтап, Чистополь, Арықбалық аудандық партия комитеттерінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, хатшы қызметтерін атқарды. Жай ғана күн өткізген жоқ, жай оғындай жарқылдаған жасын жігермен, ту сонау тау басынан құлдилай құлаған арналы өзеннің бет қаратпас екпініндей ширақылықпен. Жүрген жерінде тәртіпті сүйетін, өзге жұрттан да тәртіпті талап ететін. 1973 жылы Қасқырбай Әбуұлы Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Ұлан-ғайыр еңбегінің жарқырай көрінген, жемісін мәуелетіп берген жері де осы. Білікті басшы алдымен қалың қазақ жайлаған ауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға білек сыбана атсалысты, ұлан-ғайыр ұлы істерге ұйытқы болды. Елді мекендердің арасына тақтайдай түзу жол салынды. Бұрын шашырай қонған, берекесі кемдеу, бейнесі сұрғылт тіршілікті тәубе ету ұмыт болды. Ендігісі тас-түйін бірлікпен алға ұмтылу. Бағыт – бақуатты өмір, елдің бай тұрмысы.
Және бір айрықша айта кететін дүние бірінші басшының тумысынан мық шегедей мықтылығынан болар, қазақ кадрларының бағы жанды. Онда да қолынан іс келетіндерін, ел жайын елжірей ойлайтындарды көтерді. Кешегі кеңес заманында кадр саясаты дейтін құйтырқы жүйе қабілеті қарымды, тұла бойы дарынды талай жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан мамандардың бағын байлады емес пе. Ал, Қасқырбай Әбуұлы адамды істеген ісіне қарап бағалайтын. Таңдаған кадрлары ұстаздарын жерге қаратқан жоқ. Бәрі де кейін жақсы атымен жалпақ жұртқа танылған, ел қамын ойлайтын азамат болып өсті.
Еңбекшілдер ауданында табаны күректей 12 жыл қызмет еткен Қасқырбай Әбуұлы 1985 жылы қызмет бабымен Көкшетау қаласына қоныс аударды. Бірден іске кірісіп кетті. Әуелі халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, мемлекеттік мүлік комитеті мен Көкшетау облысы бо-йынша монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеттің алғашқы төрағасы болды. Бұл бір жауапты іс болатын. Өтпелі кезеңдегі қиындық өз алдына, қалай болған күнде де адалдықты ту еткен бар саналы ғұмырында атына қылаудай кіршік жұқтырмаған Қасқырбай Әбуұлы бұл міндетті де мінсіз атқарды. Жер-жерде дәл осы салада қызмет еткендердің қылдан тайғаны естіліп жататын. Дүние деген бір алдауыш. Қызылды-жасылды қызығымен тартып тұрса керек. Бірақ, бұған дейін де, бұдан кейін де қылдан таймаған біздің кейіпкеріміз ел мүлкіне қиянат ету дегенді білген емес.
Іштегі жігер, қажырлы қайрат тіршіліктің ақбас толқындарына кемесін қарсы жүзгізетін күшке ие екен-ау. Зейнетке шықса да қол қусырып қарап отыра алмады. Әуелі қалалық әкімдіктің тәуліктің кезекшілікті жүзеге асыратын бас маманы болып істеді. Жөпшеңді адам шыдай алмайтын жер екен. Қайдан шыдасын ол уақытта облыс орталығының шешімін таппаған мәселесі бастан асып жататын. Бір жерде күрс етіп құбыр жарылады, бір жерден сар етіп су ағады, жарытып жылу берілмейді. Міне, осының барлығының зар-мұңмен астасқан ақпараты кезекшілік бөліміне түседі. Ие болып көр, ашынған адамды жұбатып көр. Іскерліктің керегі осы жер екен. Ауыртпалықты көтеретін жер осы жер екен. Соның бәрін көтерді. Кейін №1 орталық аумақтық округінің әкімі міндетін мүлтіксіз атқарды. Қаншама жанның алғысын арқалады. Талай түйінді мәселелерді оң шешуге ықпал етті. Қалай болған күнде де алдына келген тұрғындардың тілегін аяқсыз қалдырған жоқ.
«Құрмет», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қасқырбай Әбуов киелі Көкшенің абыз ақсақалдарының бірі еді. Жан жары Ханшайым апа екеуі ұрпақ өсіріп, тәрбиеледі. Кешегіден қалған бір белгі сол. Оған қоса еліне сіңірген еңбегі.

Б. ҚАЙЫРЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар