Зобалаң кезеңнің запыраны

Жан түршіктірер аштық 1920 жылдардың басында Арқа даласын жайлады. Жалғыз Арқа даласын ғана емес, Орталық Ресейде, Кавказдың солтүстік аймағында, Украинада бұрын-соңды болмаған қуаңшылық болды. 1921 жылдың 21 сәуір күні Кеңес өкіметі азық-түлік салығын салып, әрбір шаруаның қамбасын тақырлап, азын-аулақ азық-түлігін тартып ала бастады.

Дәрмені таусылған далада алапат аштықтың басталуына ылғалдың аз болуы ғана себепші емес еді. Егін егетін құрал-сайман, жұмыс күші, тұқым қасқалдақтың қанындай таптырмай тұрған. Ылғалдан бұрын адамға деген мейірім азайған болуы кәдік. Көктемгі егістің алдында ғана шолақ белсенділер ел ішін тынымсыз тіміскілеп, үміт жібін жалғайтын бар дүниені түгелге жуық сыпырып алған. Көкшетау уезі де еліміздің барлық өңірі тәрізді азық-түлік тапшылығын басынан кешіріп жатты. Әсіресе, уездің солтүстік өңірінің халі мүшкіл еді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, өзек жалғауға жарайтын, анығында өңештен өтетін дүниенің бәрі Повольже өңіріндегі жұмысшылар мен крестьяндарға көмек ретінде жөнелтіліп жатты. Ақмола губерниялық атқару комитеті ақпанның 7-і күні арнайы бұйрық шығарды. Онда Повольжедегі аштыққа шалдыққан 30 миллионнан астам тұрғынның бір үзім нансыз қалып, аштан қырылып жатқандығы, дереу оларға көмек қолын созу керектігі айтылады.
Тұқымдық астықты тиеген составтар күндіз-түні жөнелтіліп жатты. Аспаннан нәр тамбаған осы жылдың өзінде қаншалықты қуаңшылық болды дегенімізбен, губерния шаруаларынан 41 миллион пұт астық жиналыпты. Оның 114 миллион пұты аштыққа ұрынған өлкелерге жергілікті шаруалардың өз еркімен берілген көмегі есебінде. Сібірдегі жағдай да мәз емес еді. Үсті-үстіне салынған азық-түлік салығынан кейін шаруалардың қоры сарқылып қалған. Амалсыздан күш-көлік ретінде пайдаланатын мал пышаққа іліге бастады. Оның да жілігі татымайтын, құр сіңір дерлік ет еді. Көкшетау уезінің Шалқар, Сухотинский, Большеизюм болыстарында азық-түлік жинайтын отрядтарды тонап, бар жиған-тергенін үптеп кететін қарақшылар тобы пайда болды. Дәл осы кезде аузын арандай ашып келе жатқан аштықтан бес қаруын асынған, аяуды білмейтін, қаныпезер қарақшылар қауіпті еді. Ел өз күнін өзі көре алмай жатқанда Ресейден қарашекпенділердің легі үсті-үстіне келіп, құйылып жатты. Бұл жай да Көкшетау уезіндегі жағдайды ушықтыра түсті. Келімсектердің көбі қарттар мен балалар еді. Аштан бұратылған олардың дені аштықтан, аурудан қынадай қырылып жатты. Даланың бәрін мәйіт басып кетті. 1922 жылдың 17 шілдесі күні денсаулық сақтау Халық Комиссариаты №202 бұйрығын шығарды. Онда қоғамдық орындар мен көшелерді мәйіттерден тазартып, жерлеуді ұйымдастыру керектігі туралы айтылады. Бұл бұйрық архивтегі 54-інші қордағы 35-інші істің 183-бетінде сақталған.
Дәл қазір аштан қырылғандардың қаншалықты екендігін тап басып айтудың өзі әсте мүмкін емес. Архив құжаттарындағы деректерді салғастыра зерделей отырып, уездің Кривоозерный, Рузаев, Зеренді, Троицк болыстарында жағдайдың өте ауыр болғандығын аңғаруға болады. Айталық Кривоозерный болысында 14825 адам болса, 1921 жылы осы тұрғындардың 868-і аштан қырылған. Бұл туралы мәлімет те сақталып қалған. Ал, Зеренді станицасындағы адамдар саны 1921 жылдың 1 қаңтарында 3324 адам болса, 1922 жылы 274 кісі ғана қалған.
Жергілікті басқару органдары аштықпен күресіп бақты. Атбасар, Көкшетау уездерін ресми түрде аштық аймағына жатқызу туралы бірнеше рет жоғары жаққа хат жолданып, ел ішіндегі орын алып отырған нақты көрініс баяндалды. Жағдай шынында да өте мүшкіл еді. Орталық Атқару комитеті Ақмола губерниясындағы өте қиын ахуалды былайша сипаттайды:
«…жергілікті тұрғындар аштық салдарынан өліп жатыр. Олар өлімтіктерді, адам мүрделерін де жеп жатыр …» Каннибализм фактілерінің жиілеуіне байланысты Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД) арнайы қаулы қабылдап, ондай адамдарды бірден көпшіліктен аластап, денсаулық сақтау орындарына жеткізу қажеттілігін қатаң тапсырды. Ақмола губерниясының ұлан-ғайыр өңірінде
(15 уезд, 200-ден астам болыс, мыңға жақын елді мекендер) небары 4 дәрігерлік пункт жұмыс істеді. Аштық жайлаған өңірде адамдардың денсаулығын қадағалайтын, жұқпалы аурулардың алдын алуға әрекет ететін маман-дәрігерлер мүлдем болмады. Статистикаға сүйенсек, 1922 жылы Ақмола губерниясында сүзек ауруына шалдыққандар саны – 36 524, тырысқақпен – 4731, безгекпен – 4234, ішек ауруымен – 2780, құрқұлақпен 1137 ауырғандар саны адамға жеткен. Ауруханаларда 8373 адам қайтыс болған.
1921 жылдың 21 сәуірінде Омбы губерниясының құрамынан шығып, Қазақ АССР-нің құрамындағы Ақмола губерниясы болып қайта құрылғанын ескерсек, үкімет билігінің әлсіздігін аңғаруға болады. Бұл Сібір ревкомымен де аумақтық-шекаралық дау-дамайдың бітпеген кезеңі еді. 1921 жылғы 23 маусымда болған Кир ЦИК-тің (Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті) екінші сессиясында Төралқаның атынан жасалған баяндамасында Әлихан Бөкейханов: «Ақмола облысында бұрынғы биліктің негізінде мемлекеттік басқару аппараты құрылды… Осылайша бұл облыс Қырғыз (Қазақ Республикасының құрамына енді» деп хабарлады. Ал, Мәскеуден шығатын «Известия» газеті бұрынғы уездік деңгейдегі шағын ғана қала Петропавл ұлан-ғайыр байтақ Ақмола губерниясының орталығы болды» деп жазды. Әкімшілік-аумақтық өзгерістердің де ашаршылықты ауыздықтауға кері әсері болғаны байқалады.
Алапат аштықтың салдарынан панасыз балалардың саны күрт өсіп кетті. Кеңестік баспасөз 1921 жылдан-ақ осы тақырыптағы адам жанын түршіктіретін, жан айқайға толы мақалалар жариялай бастады. Негізінде, мұндай ақпаратты тек басшылар ғана білетін. Бір жылдың ішінде аштықтың ажал тырнағына легіп тұрған жетім балалардың саны өсіп шыға келді. Республикада 1921 жылдың аяғында – 128 мың бала болса, ал, 1922 жылдың басында олардың саны 333046-ға жетті. Оларға арнап тамақтану орындары, еңбек коммуналары, мектеп-колониялар ашылды. Балалар мекемелерінің лық толып, қабылдай алмауына байланысты көшедегі балаларды тұрғындар арасына, не жұмыс орындарына бөлу немесе көршілес Ресей облыстарына, тіпті Украина мен оңтүстік өңірлерге орналастыру кең етек алды. Осы уақытта «Ақмола губерниясындағы 14 балалар үйінде 9426 бала тәрбиеленген, ал көшедегі панасыздар саны 2963 адамға жеткен». Қаржының, мамандардың жетіспеушілігі және материалдық жағдайдың қиындығына қарамастан үкімет орындары бағусыз қалған балаларға көмек беру үшін әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік бөлімдер құрды. Олардың құзыретіне балаларды орналас-тыру, емдеу, оқыту, санитарлық бақылау жасау сияқты міндеттер кірді. Орталық балалар комиссиясының жұмысының да нәтижесіз болмағанын айтқанымыз жөн.
Келімсектер үсті үстіне құйылып жатты. Мәселен, 1922 жылы Көкшетау қаласының тұрғындары 8 мыңнан 10383-ке көбейгенімен, бұл нақты айғақ болмауы да мүмкін. Жергілікті ұлт өкілдерінің қаншасы аштықтың салдарынан қырылып қалғандығын дәл айту өте қиын.
1922 жылы уезде егістіктің жартысы ғана игерілді. Елдің бақытына орай бұл жыл өте жайлы болды. Кейбір шаруалар күзгі орақты күтпей-ақ жайқалып өсіп тұрған егістік алқаптарындағы дәнді ұнға айырбастай бастады. Бидай пісіп жетілгенше өзегі үзіліп кеткендер қаншама?!
«Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, күш-қуаттың кемдігінен тәп-тәуір өсіп тұрған егінді жинап алу да қиынға соқты. Жиын-терін Арқаның күзгі сылбырақ жауынына дейін созылды. Даланы жартылай босатып, қаншама адамды жамсатып түсірген, талай түндікті жауып, талай шаңырақты шайқаған алапат аштықтың зардабы көп көңілінде қалған көрінісі шамамен осындай еді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар