Тәуелсіздік жылнамасындағы – Ақкөл ауданы

Ақкөл ауданы 1928 жылы құрылған. 1997 жылға дейін Алексеев ауданы аталып келді. Орталығы – Ақкөл қаласы. Табиғаты туралы айтқанда, ұсақ шоқылы, белесті болып келетіндігін тілге тиек етуге болады. Бұл өлкеде қойнауы аңызға тұнған Домбыралы тауы бар. Кен қазбаларынан алтын, гранит, қиыршықтас өндіріледі.
Аудан аумағында Қалқұтан, Талқара, Ақсуат тәрізді өзендер ағып өтеді. Итемген, Ақкөл, Балықтыкөл, Шортанкөл, Жарлыкөл тәрізді айдын шалқарлары бар. Жерасты сулары ауыз сумен қамтамасыз етуде үлкен маңыз атқарады. Өсімдіктерден қызғылт және қылқан селеу, сулыбас өседі. Орманға да біршама бай. 50,5 мың гектар жерде қарағай, қайың, терек жайқалып тұр. Табиғаты да айта қаларлық. Орман және далалық алқаптарда бұлан, елік, сілеусін, түлкі, борсық, қарсақ, ақ тиін, дала тышқаны, өзен-көлдерінде шортан, алабұға, оңғақ тіршілік етеді, жыл құстары мекендейді.
Орталықта жөндеу-механикалық зауыты, темір-құйматас бұйымдарын шығаратын цех және тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, 3 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ақық дән, ақтылы мал өсірумен шұғылданады. Өңірде бірнеше ірі кәсіпорындар мен құрылыс және көлік мекемелері бар. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдауға ие болып отырған серіктестіктер мен қожалықтар саны біртіндеп көбейіп келеді. Малсақ қауым жылқы, ірі қара, қой-ешкі, құс бағып отыр.
Ауданда кәсіптік-техникалық колледж, ірі елді мекендерде орта мектептер, бала бақшалары, мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар, денсаулық сақтау мекемелері заман талабына сай жұмыс істеп тұр.

Ерлікке баулитын тәрбие ошағы

Ақкөл қаласындағы жас ұрпақты ерлікке баулып, елдікке шақыратын тәлімді тәрбие ошағы Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың мұражайы. Абай атындағы кітапхананың ғимаратында 2007 жылдың 19 шілде күні қоғамдық негізде ашылған музей бүгінде осы өлкеге ат ізін салған адамдардың арнайы келіп тағзым етер орнына айналған.

Сағадат аға – Еңбек ауылының тумасы. Туған ауылында да музейі бар. Ал, аудан орталығындағы музейде 500-ге жуық жәдігер қойылыпты. Батырдың өзі әр жыл сайын Ақкөл қаласына ат ізін салғанында әдейілеп соғып, жаңа мұрағаттармен толықтырып отырған. Бүгінде осы бір ізгі істі немересі Сауық жалғастыруда.
Аты аңызға айналған Батыр ағаның ерлік жолдарын еске алғанда алдымен қан майдандағы қаһармандығы туралы кеңінен айта кетуге болады. Сағадат аға 1942 жылдың шiлде айында 18 жасында кеңес әскері қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтаған. Училищеден кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанған. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады.

1945 жылы 17 қаңтарда Батыр Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жердегі Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі.
Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан ол пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша фашистердің екі жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашистің көзін жояды. Нәтижесінде Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жерді талқандайды. Ерлік істерімен кеңес әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды.
Майдан даласындағы ерлігі үшін 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Заманында марапаттау рәсімін қазақтың батыры былайша еске алады екен: «Медальдарды армия қолбасшысы жеке өзі табыстады. Ол кеудеме «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдызды» тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым».
1945 жылдың 8 мамырында Батыр екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Оның батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысады. Бұл кезде майор атағымен атқыштар дивизиясын басқаратын еді. 1945 жылы Берлинде Сағадат Нұрмағамбетовтың ротасы жүзден аса Гитлер әскерінің көзін құртып, 9 фашист бекінісін жояды, әрі 1560 жау әскерін тұтқынға алады. Осы шайқаста бірінші рет жараланады. Алайда, қазақ сарбазына екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілмейді.
–Ол 500-ден астам фашистің көзін жойды. 1 мыңнан астам жау әскерін тұтқынға алды. Пеков есімді полк командирі Нұрмағамбетовке екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсыныс жасайды. Бірақ, Сағадат ағамыз бұл атақты ала алмай қалды, – дейді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев Нұрмағамбетовке арналған деректі фильмде.
1945 жылдың 31 мамырында Сағадат Нұрмағамбетов Қызыл Ту орденімен марапатталады. Қазақтың қаһарман жігіті соғысты Берлинде аяқтады.
Ол 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлдi. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары (Венгрия) қызметiн атқарды. КСРО Қарулы Күштерi Бас штабының академиясындағы курстарда білім алды.
Ал, 1989 жылы Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiндегi ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектерi iстерi комитетi төрағасы қызметтерiн атқарды.
Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, ол туған елінің қауiпсiздiгi мен қорғаныс саласын нығайтуға бар күшін салды.  Оған батырдың жазып қалдырған естеліктері дәлел. Ол 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы қызметіне кіріседі.
«Мен 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болдым. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі, өзге ұлттың өкілдері елдеріне кеткісі келді. Оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер» деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз Президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық» деп еске алыпты Сағадат Нұрмағамбетов. 1992 жылғы 7 мамырда Сағадат Нұрмағамбетов Қорғаныс министрi болып тағайындалды.
Бүгінде Батыр ағаның ерлік соқпағын жас ұрпақтың жадына құйып тұратын музей тәлім-тәрбиенің әдемі ошағына айналған. Ерлігі аңызға айналған жерлес Батырды жалғыз ақкөлдіктер ғана емес, барша ақмолалықтар мақтаныш етеді.
Музейдегі планшет, китель, генерал погондары тәрізді заманында Батыр тұтынған мұра. Осындай заттармен бірге кәдімгі «Максим» пулеметі де тұр. Бұл қару музейге келген балалардың қызыға тамашалайтын дүниесі.
Пилица өзені жағалауындағы ұрыс деп аталатын сурет Польша жеріндегі қиян-кескі шайқасты бейнелейді. Еңбек тәрізді шоқ жұлдыздай шағын ауылдан түлеп ұшып, ақиық қырандай самғаған ердің ерлік ізі бүгінгі күнгі бейбіт заманда сайрап тұр.
Музейдің жұмысы мәнді. Ол ең алдымен Батыр есімін ел есінде жаңғыртып тұруымен және өскелең ұрпақты тәрбиелеуімен ерекшеленеді.

Білімді ұрпақ – болашақ иесі

Аудандағы білім ошақтары күрделі жөндеуден өткізіліп, көп-көрім жақсарып қалды. Осындай оңды мысалды Новорыбинск орта мектебінен көруге болады.

1980 жылы салынған 140 орындық орта мектеп уақыт тезінен тозыңқырап қалған болатын. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының шарапатымен 104 миллион теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді.
Қазір бұл білім ошағында 135 мектеп оқушысы заман талабына сай терең білім алып жатса, мектеп-бақшада 35 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектеп директоры Қарлығаш Керібаеваның айтуына қарағанда, білім ошағының іші-сырты құрылысшы қалағынан жаңа шыққандай жұтынып, көзтартарлық етіп жөнделген. Есіктері, едені мен төбесі толық жаңартылған. Ішіндегі жылу желісі де алмастырылыпты. Ал, қабырғалары осы заманғы жылу ұстайтын материалдармен қапталған.
–Жөндеу жұмыстарының игілігін өткен қыста көрдік, – дейді Қарлығаш Социалқызы, – ең аязды күндері мектебіміз құстың ұясындай жып-жылы болып тұрды. Бұрынғы спорт залымызға кіруге ұялатын едік, қазір сәулеті жан сүйсіндіріп, жайнап тұр. Екі сыныптың парталарын алмастырып, жиһаздарын жаңарттық. Мектеп асханасы да көп-көрім жөнделіп қалды.
Білім ошағындағы сабақ үлгерімі де тәуір екен. Анығырақ айтқанда, аудандағы көшбасшы білім ошақтарының бірі. Оқу жылының соңында екі оқушы республикалық «Мың бала» олимпиадасында бірінші орын алса, бірнеше түлегі ерекше үлгідегі аттестатқа ие болған.
Мектептегі пән мұғалімдері толық. Өзіндік әдемі дәстүрлері қалыптасқан ұйымшыл ұстаздар қауымы жаңарған мектепте жас ұрпаққа сапалы білім беруде. Білім ошағына жасалған қамқорлық болашақтың негізін қалауға деген ұмтылыс екендігі сөзсіз.

Механикалық жөндеу зауыты – аудан бренді

Аудандағы байырғы кәсіпорынның бірі – «Комсомол жөндеу механикалық зауыты». Бүгінгі күні өз ісін ширатып, қайта жаңғыртқан кәсіпорынның тарихы да тереңде. Өзіндік еңбек дәстүрі қалыптасқан еңбек ұжымы ауданның экономикасына айтарлықтай үлес қосуда.

Кәсіпорынға өз ісін жетік білетін Юрий Марховец жетекшілік етеді. Ол Ақкөл қаласының байырғы тұрғыны. Осы зауатта еңбек жолын 1978 жылы бастаған, содан бері зауыт тынысымен біте қайнасып, жемісті жолын да, ауыртпалығын да көтерісіп келеді. Өтпелі кезеңнің өкпек желі ұйытқи соққанда тығырықтан шығар жол іздеп, кәсіпорынды күйреуден аман алып қалды.
Бүгінде мұнда 55 адам еңбек етеді. Айтпақшы, ілкідегі тарихы туралы да бір ауыз сөз айта кетсек, артықтығы болмас. Сонау 1945 жылы Новоишим және Комсомол машина-трактор станцияларының негізінде құрылған шағын зауытта өз ісінің нағыз хас шеберлері еңбек етеді. Олар темірден түйін түйетін мамандарының бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Мұнда темірді тереңдетіп өңдеу процестері арқылы бірнеше бұйымдар шығарады. Сөз арасында темірге жан бітіретін шеберлердің басқа жерде кездесе бермейтіндігін екпін түсіріп айта кетсек те орынды болар. Бір ерекшелігі, кейбір жерлердегідей дайын өнім құрастырмайды, өздері жасайды. Бәлкім, артықшылығы да осында шығар.
Кәсіпорында жұмыс істейтін байырғы шеберлердің айтуына қарағанда, 1990 жылдардың басы өте ауыр болған. Зауыт өнімдеріне сұраныс болмағаннан кейін банкрот та болған кезі бар. 2000 жылы бәрін басынан бастауға тура келді. Бірақ, бастапқы бағыттан ауытқыған жоқ. Көз үйренген, қол жаттыққан шаруа. Бүгінгі күні төрт цехы іркіліссіз жұмыс істеп тұр. Жаңа бұйымдарды жасаумен қатар ауыл шаруашылығына қажетті соқа, тұқымсепкіш агрегат тәрізді құралдардың кез-келген бөлшегін дайындап бере алады. Жұмыс қызып жатқан цехтың бірі – құю цехы. Бұл жерде тапсырушының қалауына орай көптеген бұйымдарды дайындаудың мүмкіндігі бар.
Жаңа серіктестік құрылған кезде Юрий Марховец байырғы шеберлердің біліктілігіне сенім артқан екен.
–Біздегі жоғары санатты токарь, фрезеровщик, құюшылар қарапайым жұмысшы табының көрнекті өкілдері, өз ісін мейлінше жақсы білетін өндіріс шеберлері, – дейді зауыт басшысы, – осылардың алтын қолдарының арқасында кәсіпорынды аман алып қалдық. Клюк, Шульц, Баюра тәрізді токарьлар мен фрезеровщик Бавенко, ағайынды аспапшылар Классендерді айрықша, бөле-жара атауға болады. Бұлардың алдынан жұмыс үркіп отырады. Шынын айтқанда, біздің зауытта жұмыс істейтін әрбір жұмысшы өз ісінің жоғары білікті маманы. Кез-келген кәсіпорын осындай іскер жандардың арқасында ғана өмір сүре алады. Сондықтан, шеберлердің еңбегін бағалап, қарапайым жұмысшыларды әрдайым еңбегіне лайықты ескеріп отырған дұрыс. Жылдар бойы жинақталған екпінді еңбек тәжірибесі сабақтасып отыруы керек.
Серіктестік 22 жыл бойы еңбекақыны кешіктіріп көрмепті. Салықты да уақытында төлейді. Ұжым өз еңбектерімен егеменді еліміздің қазынасын байытуға үлес қосып келе жатқандықтарын мақтаныш тұтады. Хас шеберлер мектебі қалыптасқан кәсіпорынның мақтанса мақтанғандай жайы бар ғой.

Ақ мол болса, береке кіреді

Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін барынша молайтуға көңіл бөлініп отыр. Ішкі нарықты ғана емес, алыс-жақын шет елдердің сауда сөрелерін жаулайтын жеңісті сәт те алыс емес тәрізді.

Ел ішіндегі малсақ қауым ескіше мал бағудың ендігі арада бәсекелестік тудыра алмасын сезіп отыр. Бұл орайда да заман ағымына сай жаңғырған, жетілдірілген жөн. Домбыралы ауылында 300 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды.
–Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында толық аяқталып, ферма пайдалануға беріледі, – дейді «Ақкөл Агро» серіктестігінің бас директоры Мәди Есқараев, – өз өнімімізді өндіре бастағаннан кейін сүт молшылығы да байқалатын болар. Біз алдымен қажеттілік барысын зерттеп білдік. Бір жақсысы, тұтынушысы көп Нұр-Сұлтан қаласы іргемізде. Алдағы уақытта тауарлы сүт фермасында өндірілетін табиғи таза сүт көлемін жылына 500 тоннаға жеткіземіз. Сол кезде өз облысымыз бен Павлодар өңірін де қамтуға мүмкіндік туады.
Малсақ қауым өздеріне дейінгі тәжірибені зерделеп, зерттей келе, өнімділігі мол симменталь тұқымды сиырларды сатып алып, мал басын өз төлі есебінен көбейтіп, жұмыс істемек. Сөз арасында сүтті әрі етті болып есептелетін симменталь тұқымды қара малдың өңірімізді тез әрі оңай жерсінетінін айта кетелік. Оның үстіне бұл жануарлар күй талғамайды.
Қазіргі күні серіктестікте құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Басты мақсат асыл тұқымды мал жеткізілгенше барша шаруаны тап-тұйнақтай етіп дайындау.
Шаруашылық басшысы Мәди Есқараевтың айтуына қарағанда, мемлекеттің қолдауына сүйене отырып, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бүгінгі күні мұнда жаңадан 20 жұмыс орны ашылған. Малсақ қауым құрылыспен қатар мал азығын дайындауға да жұмылдырылуда. 216 гектар жерге мал азығы дақылдары егіліп, шөп шабуға әзірлік ширатылуда. Тауарлы сүт фермасы толық қуатына енген кезде тағы да бірқатар ауылдастары жұмыспен қамтылады. Халыққа керегі де осы емес пе?!

Нұрлы жолдың нұрлы шуағы

Тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның аясында көптеген отбасылары қоныс тойларын тойлап, шаттыққа бөленуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырыла басталғаннан бері облыста екі миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Осы бір шарапатты шаруаның арқасында 17 мыңнан астам ақмолалықтар жаңа да жайлы пәтерлерге ие болды.

Таяуда бірқатар ақкөлдіктер де қоныс тойын тойлайтын болады. Соңғы жылдары мұнда пәтер кезегінде тұрғандар саны біртіндеп азайып келеді. Таяуда 45 пәтерлік несиелік тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Қазіргі күні көп қабатты үйдің жанын абаттандыру, инженерлік желілерді қосу тәрізді жұмыстар жүргізілуде. Жаңа үйде 15 бір, 18 екі және 12 үш бөлмелі пәтерлер бар. Біз ауданда болғанымызда жаңа үйдің жанында жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Құрылысшылар су және электр желілерін қосып, тексеру үстінде. Ал, үйдің маңы тап-тұйнақтай етіп абаттандырылған. Жаяу жүргіншінің жолы, көгалдар мен алаңшалар алыстан көзтартарлық. Жеңіл көліктерді қоятын орын да жалпы әсемдікке ажар үстеп тұр.
Осы көп қабатты үйдің жанында тағы бір 45 пәтерлік үйдің іргетасы қаланған. Бүгінге дейін оның бірінші қабаты толық бітіпті. Ағымдағы жылдың соңына дейін тапсырылады деп күтілуде.
Құрылыс саласында қолбайлау да бар. Ол құрылыс материалдардың тапшылығы тарапынан. Жергілікті жерде құрылысқа қажетті бірқатар материалдар өндірілгенімен, жаппай жұмыс қызған кезде жетпей жататын кездері де болады. Бірақ, бұл мәселе бірер күннің ішінде толығымен шешілмек. Сөз арасында бұл тұрғын үйлерге тек өз елімізде шығарылатын материалдардың пайдаланып жатқанын айта кетелік.
Құрылыс алаңында әр күн сайын елуден астам адам еңбек етеді. Олардың барлығы дерлік жергілікті құрылысшылар. Бүгінгі күні білікті тас қалаушылар, әрлеушілер жетіспейді. Демек, ауылдық жерде жұмыс күшіне деген сұраныстың бар екенін, екі қолға бір күректің қашанда табылатынын тағы бір рет айта кетсек, артықтығы болмас.
Құрылысы біршама қарқынды дамып келе жатқан Ақкөл қаласында биыл тағы да екі алпыс пәтерлік тұрғын үй салынады. Ал, келер жылы дәл осында алпыс пәтерлік екі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Шағын қала үшін «Нұрлы жолдың» шуағы себезгілеген сүйінішті сәт осы емес пе?!

Бетті ұйымдастырған Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар