Ұлағатты ұстаз, парасатты полковник

Көкшетау техникалық институтының жалпы техникалық пәндер, ақпараттық жүйелер мен технологиялар кафедрасының профессоры Гүлжан Хасанованың азаматтық қорғау саласында еңбек етіп жүргеніне биыл ширек ғасыр толып отыр.

Целиноград қаласының тумасы Гүлжан Шәріпқызы бала кезінде анасына еліктеп, ақ халатты абзал жан болуды армандаса керек. Алайда, мектеп бітірген соң бұл ойын өзгертіп, әке жолын қуады. Мұндай шешімге келуінің өз себебі бар. Өскеменнен Атырауға қоныс аударғанда, мұнайлы қаланың өміріне қызыққан бала Гүлжан алдағы ғұмырын технологиялық саламен байланыстыруды жөн көреді. Сөйтіп, мектеп бітірген соң С.Киров атындағы Қазан химия-технологиялық институтына оқуға түседі. Дәл осы қалада өзінің өмірлік жарын жолықтырады.
1990 жылы Гүлжан Шәріпқызы институтты ойдағыдай аяқтап, Қазан жоғары танк командалық училищесінің түлегі атанған жолдасымен бірге Одесса әскери округіне аттанады. Офицердің әйелі ретінде ол әскери бөлімде қызмет істейді. «Офицердің жары болу – ауыр әрі қиын міндет. Өйткені, офицер үнемі қызмет жолында жүреді», – деп Гүлжан Шәріпқызы ағынан ақтарылды.
Кеңес Одағы ыдыраған соң, отбасымен бірге Қазақстанға, Көкшетау қаласына қоныс аударған ол оқытушылық қызметін бастайды. Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесінің Көкшетаудағы филиалында «Химия» және «Өрт сөндіру үрдістерінің теориялық негіздері» пәні бойынша курсанттарға сабақ береді.
Ал, 1995 жылы қыркүйек айында оған ішкі қызмет лейтенанты атағы берілді. Гүлжан Хасанова сол уақыттан күні бүгінге дейін екінші үйіне айналған сүйікті оқу орнында еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта ол жалпы техникалық пәндер, ақпараттық жүйелер мен технологиялар кафедрасының профессоры өз мамандығына адал, қызметін сүйіспеншілікпен атқарады. Әр сабағын жоғары деңгейде, түрлі әдістемелік тәсілдерді, инновациялық және ақпараттық технологияларды қолдана отырып өткізеді.
Бүгінгі таңда Гүлжан Шәріпқызы 20 мультимедиялық көрсетілім, 30 слайд-лекция, 1 электронды кітаптың авторы. Ол «Үздік оқытушы- 2012» конкурсында «Үздік ашық сабақ» аталымы бо-йынша жеңімпаз атанды.
Заман ағымына сай мінсіз оқытушы атану үшін тек білімді болу аздық етеді. Ол әрі мейірімді, зейінді, шәкіртімен оңай тіл табыса алатын жан-жақты болуы қажет. Гүлжан Хасанованың бойында мұндай қасиеттердің бәрі бар десек, жаңылмаймыз.
Білікті ұстаз өзін-өзі дамытуды алдыңғы орынға қояды. 2013-2017 жылдар аралығында Гүлжан Шәріпқызы Ресей Федерациясы төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясында адъюнктурада «Техносфера қауіпсіздігі» бағытындағы «Өрт және индустриялық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алады. 2013 жылдан бастап Ресей Федерациясы өрт қауіпсіздігінің ұлттық ғылым академиясының техника ғылымдарының докторы Андрей Сивенковтың жетекшілігімен «Мәдени-тарихи маңызы бар алдын ала дайындалған ғимараттар мен құрылыстарда өрт қаупін азайту» тақырыбында диссертация қорғайды. Осы тақырып аясында оның Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь елдерінде өткен халықаралық конференциялар мен семинарлар бойынша шығарылған жинақтарда және материалдарда 30-дан астам ғылыми жарияланымдары бар, оларды бүгінде курсанттармен жұмыс барысында әдістемелік материал ретінде пайдаланады.
Полковник Гүлжан Шәріпқызының жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» III, II және I дәрежелі медальдармен, «Армия генералы С.Нұрмағанбетов» медалімен, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Құрмет және Алғыс хаттарымен, ҚР Ішкі істер министрлігінің грамотасымен марапатталған. Бұл оның өз мамандығын адал атқара білетін білікті де білімді ұстаз екендігін тағы бір мәрте аңғартса керек. Курсанттар да ұстаздарын мақтан тұтады, оны кеңпейілдігі, әрдайым қолдау көрсететін жайдары мінезі үшін ерекше құрметтейді.
«Менің ойымша, әр әйелдің, мейлі, ол погон таққан болсын, мейлі, басқа мамандық иесі болсын, арман-мүддесі бір. Кез-келген әйел адам отбасы бақыты мен балаларының амандығын тілейді. Бүгінде мен де екі баланың анасы, 3 немеренің әжесімін. Сол үшін өзімді бақытты әйел деп санаймын»,–дейді Гүлжан Шәріпқызы.
Отбасы мен жұмысынан бөлек ол өзінің жеке дамуына да уақыт табады. Жаттығу залына барады, әсіресе, отбасына дәмді тағам әзірлегенді ұнатады. Оның ендігі арманы – немерелерін абыройлы азамат етіп тәрбиелеу. Иә, әрқашан ойлаған жоспарын жүзеге асыратын, алдына қойған мақсатына қол жеткізе білетін қайтпас қайсар жан үшін алынбайтын асу жоқ. Оны бір оқу орнында 25 жыл атқарған абыройлы қызметі де дәлелдеп келеді.
Айгүл ӨЗЕКОВА,
Көкшетау техникалық институтының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар