Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Онлайн» құдалық - АРҚА АЖАРЫ

«Онлайн» құдалық

(әңгіме)

Жасы болса отыздан асып, сүр бойдақ атанып кеткен Сәрсенбайдың ұлы үйленгелі жатыр деген хабарға біріне-бірі әрдайым тілекшіл болып отыратын ел іші шын қуанып қалды. Сол Сәрсенбайдың бойдақ ұлы Қанат жаман бала да емес. Шаруақор, жоғары білімі де бар. Малын бағып, егінін өсіріп, өзінің осы ауылдағы шағын шаруасын дөңгелетіп жүргізіп отыр. Бар айыбы – үйленбей жүргендігі еді. Енді, міне, соның да сәті түскелі тұр.
– Қанат-ау… жаным-ау, қашан үйленесің? Сүр бойдақ болып қашанғы жүре бересің?– деп шын жаны ашитындарға «ала қоятындай қыз болмай тұр ғой» еді бар айтары.
– Ойбай-ау, қыз жоғы несі?! Осы ауылдың әр үйінде жасы жетіп бір-бір қыздан отырған жоқ па? Мына іргедегі қалаға барсаң, көшесі толған қыз, тіпті алдыңды орап жүргізбейді. Солардың бірін алып келмейсің бе? – дейтіндерге Қанаттың тағы да жауабы әзір болатын.
– Сол көшеде жүргендердің бәрі бірдей әйел болады дейсіз бе? – деп сәл жымиятын да, одан әрі үйлену мәселесін жүре тыңдап кете баратын.
–Е-е, бәрі бірдей жаман болып, оларға не пәле келе қалыпты?


Қанатқа қарата айтылған қыз тақырыбындағы бұл сауал да әдетте жартымды жауапқа жарамай қала беретін. Қашан болсын кімнің үйіне кімнің кіріп-шығып жатқанынан бастап бар жаңалығын жазбай біліп отыратын ел іші Қанаттың осы ауылдағы бір қызға сөз салып жүргенін еш байқамап та еді. Бәрінің ендігі бір-бірінен сұрайтыны «Қанаттың алатыны кімнің қызы екен?» – болды.
Соны бір білсе, ауылдың бар жаңалығын жұрттың бәрінен бұрын естіп отыратын Қырмызы білер деген оймен ел болып содан да сұрап жатты.
– Әзірге өзім де нақты білмеймін! Әлгі интернет арқылы танысқан дей ме?.. Мына Омбы жақтың қызы дейді!.. Біздің ауылға де енді интернет келін түсетін болды!– деп болжам жасаған Қырмызының айтқаны ақырында шын болып шықты.
Сүр бойдақ ұлының үйленбек болғанын естіп есі кете қуанған Сәрсенбай, «Қанаттың алатыны кімнің қызы екен?» деп, білгілері келіп, сұрап жатқандарда да ісі бола қойған жоқ. Ұлының әйтеуір шаңырақ көтергенін көрсем жарады деген көңіл қуанышымен ол да баласының кімнің қызын алатындығында, өзінің болашақ құдасының кім екендігінде шаруасы болған жоқ.
Әкесінің баласынан бар сұрағаны: «Енді қашан барып құда түсеміз?» болды. Тезірек барып құда түспесе, салт басты, сабау қамшылы болып жүруге бойы үйреніп алған баласының үйленуден айнып кете ме деген көңілінде үрей де бар еді.
Құда түсу жайының да жауабы сол интернет арқылы жетті. Кеш түсе бөлмесінің есігін тарс жауып алып, түннің бір уағына дейін компьютерінің алдында отыратын Қанат электронды поштасынан өзіне арнап жазылған хатты оқыды.
«Қазір бұрынғыдай ерсілі-қарсылы еркін жүретін заман емес. Мына «COVID» деген індеттің біздің жақта да, сіздің жақта да беті жаман. Оның үстіне шекарадан өтудің шектеулері сияқты тағы да өз әуресі бар. Құда түсуге де, қызды алып кетуге де бір-ақ келіңіздер! Шекарадан жеке бастың құжатынсыз да, бет пердесіз де өткізбейтіндігін ұмытып кетіп жүрмеңіздер» – деген қысқа да болса нақтылы ұсынысы бар болашақ құдалар жағының сәлемін бұлар да құп көрді.
Қолдарындағы кенжелерінің үйленетін болғанына естері шыға қуанған Сәрсенбай мен Қалампыр бір кеште:
– Болашақ келініміздің тым болмаса суретін көрсетші андағыңнан! Барғанда тым болмаса, дидарын танитын болайық. Атын да айтсайшы енді, – деп баласына жалынсын.
Үйлену жайын айта қалса болды, бұрын да екі беті дуылдап шыға келетін Қанат бұл жолы да ұялып әкесін де, анасын да компьютеріне маңайлатқысы келмеді.
– Ойбай-ау, несіне жасырасың енді, құлыным? Бәрі бір үйленетін болдың ғой сол қызға. Андағыңды ашып, суретін көрсетші енді, – деп аналық мейірімін төге жалынған Қалампырдың сөзін қимаған Қанат компьютерін ашып еді, сәлден соң талдырмаш келген қыз баланың суреті шыға келді.
– Осы ма… осы ма?! Осы қыз ба біздің болашақ келініміз?!–деп Қалампыр қуаныштан шын жадырап, суретке үңіле түсті.
–Әй, ентелеген түрің жаман екен, компьютердің ішіне еніп кетпеші өзің! Былай енді! Мен де көрейін,– деп Сәрсенбай компьютерге мұрны тірелгенше үңіліп тұрған әйелін білегінен тартып алыстатты да, болашақ келінінің интернеттегі бейнесіне ол да зер салды.
– Жарайды… жарайды! Бойы сұңғақ… жүзі жылы… көрікті бала екен! Тіл-көзден аман болсын! Аты Жазира дедің бе?– деп Сәрсенбай да шын қуанды.
–Көрдің ғой келінді, сен енді бара тұршы ана жаққа,– деп жадыраңқы көңілмен Қалампыр баласының бөлмесінен Сәрсенбайды шығарып жіберді де: «Сен, Қанатжан, мені келініміздің анасымен, құдағиыммен сөйлестірші!» – деді қиылып. Қанат ыршып түсті.
– Жо-жоқ, апа, болмайды ол! Барған соң сөйлеспейсің бе?– деп компьютерін сөндіре бастап еді, Қалампыр баласының қолынан ұстап алды.
–Жаным-ау, қызды алуға құр қол бармаймыз ғой! Ана-мына… апаратын жол-жоралғылары бар дегендей… Құдағиыма қай өлшемдегі алтын жүзік керек екен? Құдаға да алып баратын жағалы киімінің өлшемі мен пішімін сұрап алайын да өздерінен! – деген Қалампырдың сөзі баласын ойлантып тастады.
– Апа, сол баяғы кит-митіңнің осы күні қажеті бар ма өзі? – деді Қанат. Мұны естіп Қалампыр тағы да шыр-пыр болды.
– Ойпырмай, олар да біз сияқты жан-жақты шығар?! Өзге де ағайын-туыстарына сый-сияпат жасау керек бола ма? Солардың бәрін құдағиымның өзінен біліп алайын да. Барған соң ұялып, жерге қарап жүрмейік дегенім ғой. Анасының алаң көңілін түсінген Қанат:
– Апа, ана жаққа бара тұршы! Мен әуелі ол жақпен өзім сөйлесіп, «онлайн» байланысқа шығатын нақтылы бір уақытын белгілеп, келісіп алайын, – деп өтінді. Сөйтті де Қалапмырды қолынан ұстап төргі бөлмеге шығарып салды да, бөлмесінің есігін тарс жауып алды.
– «Онлайныңды» оңайлат енді… тездетші, – деп Қалампыр төргі бөлмеде отырып, баласының байланысқа шақыруын тосты.
Көп ұзамай болашақ екі құдағи «онлайн» байланысқа шығып, бір-бірімен танысып та, табысып та жатты. Қалампыр қолындағы қаламмен алдындағы көк дәптердің бір бетіне болашақ құдағиының «әкел» деген сый-сыяпатының тізімін жазып алып отырды.
– Е, мына интернеттің де бір пайдасы тиді-ау! – деп ауыл адамдары Қанаттың өзінің болашақ келіншегімен интернет арқылы танысқанын білгенде бірі қуанып, бірі таңырқап қалды.
Шынында да интернеттің соңғы бір қуатты желісін осы ауылға аудандық мәслихаттың депутаты бола жүріп, бар күшін салып, айтар жеріне айтып, тартқызған да – Қанаттың өзі еді. Пайдасы тигенде қандай? Әлгі әлемді жайлап алған індеттің кесірінен мектеп оқушылары үйлерінде қашықтан оқуға да көшкенде интернет байланысы әлсіз елдің балалары сабақтарын бірі үйдің төбесіне шығып, бірі атқа салт мініп қыраттау жерге барып «оқығанда», бұл ауылдың балалары үйлерінде жатып-ақ сабақтарына қатысатын мүмкіндікті пайдаланды. Ел сол кезде осы ауылға интернет желісін тартқызған Қанатқа сонда бір риза болса, өзі де осы интернет арқылы көрші мемлекеттің қызымен танысып, көңіл қосқанына шын қуанды.
Ағайын болып, алдын ала ақылдасып алған және болашақ құдағиымен «онлайн» байланыс арқылы «ал» дегендерін Көкшетаудың көп дүкендерінен түгел сатып алған Сәрсенбай мен Қалампыр құдалыққа үш жеңіл машинамен, күйеу жігіт Қанатты есепке алмағанда, алты адам болып аттанып кетті.
Таң ата «а, құдайлап!» ауылдан шыққан құдалар жағы түс әлетінде ең әуелі шекарадағы қазақтың кедендік бақылау бекетіне жетті. Көршілес екі елдің шекара бекетінен өтудің кезегінде тұрған көліктің қарасы біраз бар екен. Ептеп жылжыған кезек біраздан соң бұларға да жетті. Омбыға құдалыққа бара жатқандардың құжаттарын жинап алып, әрқайсысын жеке-жеке тексеру басталды. Қайтеріңіз бар енді, сол құдалыққа бара жатқандардың бірі Қалампырдың туған інісі Әмірдің құжатынан бір шикілік шыға келсін.
– Мына кісіні шекарадан өткізе алмаймыз, – деді кеденші жас жігіт. – Банктен алған несие қарызын өтемеген екен. Сол анықталып отыр. Мойнында өтелмеген несиесі бар бұл кісінің шекара асып, басқа мемлекетке өтуге хақысы жоқ!
Сол арада Әмір кеденшімен сөзге келе бастады:
– Бес жүз мың теңге қарызымның бары рас. Үйірдегі биелер қысыр қала бастаған соң бір айғыр сатып алу үшін банктен несие алғаным да рас. Ауылдың жағдайын білесің ғой, інім. Сол несиені жауып тастауға кезінде шамамның келмей қалғаны да рас. Алдағы күзде мал сатып, өйтіп-бүйтіп несиемді жабамын ғой, – деген ол әуелде барынша сабырлы болуға тырысты.
–Жо-жоқ, мемлекеттің қаржысын алып, оны өтемей, шекара асуыңызға жол бермейміз,– деген кеденшінің осы бір ауыз сөзі Әмірдің төзімін тауысып кетіп еді. Сол арада кеденшімен ұстассын келіп.
– Әй, сен не тантып тұрсың өзің?! Мықты болсаңдар миллиондарымен, миллиардтарымен шет ел асып кетіп жатқандарды неге ұстап қалмадыңдар? Соларды неге жіберіп алдыңдар?
Әмірдің қызбалықпен айтып қалған мына сөзіне кеденшілер шамданып қалып еді. Бекеттегі шағын жанжалға қару асынған өзге де кеденшілер араласты да, ақыры Әмірді шекара бекетінен өткізбей қойды. Амалы жоқ Әмірдің салы суға кетіп, Омбыдан Көкшетауға бет алған автобусқа мініп, сол күннің кешінде өз ауылына қайтып оралған болатын.
– Әй, Қанат-ай! Өзіміздің Қазақстанның қыздары құрып қалғандай, орыстың шекарасында қаталатып, қаңтарып тұрғызып қойдың-ау, – деп әуелден шыдамсыз Ерсінбай бір орнында байыз тауып отыра алмай, кеденшілерге әлденеше барып келді. Барғанынан не пайда, олар бұдан «сен кімсің?» деп те сұрамады. Сұрай қалса, «Қанаттың әкесінің үлкен ағасы –Ерсінбаймын, бас құдамын» деп айтар да еді. Кеденнен өту кезегінде әлі де біраз тұратындықтарын аңдаған бас құда Ерсінбай бекеттің көлеңкелеу тұсындағы орындыққа отырды да, басын төмен салбыратып әлдебір ойға кетті.
– Менің мұным не?! Қой, тағатсызданбайын! Туған інімнің ұлы үйленгелі жатыр емес пе? Әулеттің үлкені деп алдарына салып, бас құда қылып әкеле жатыр емес пе?! – деген ойларымен сол арада ұзақ отырып алды.
Ішкі ойы сабақталып жатыр. Осы күні қазақтың ұлы қай жерден кімді алмай, қызы кімге тиіп кетпей жатыр? Мына Қанат орыс мемлекетінен болса да, заты қазақтың қызын тауып алғанына рахмет айтпаймын ба?
Өткенде Алматыда тұрып жатқан немере інісі Қайраттың жалғыз қызы Шотландияның жігітіне де тұрмысқа шығып кеткен жоқ па еді? Сол Алматының мал-дәрігерлік институтында бірге оқыған жолдасының кенже ұлының үйлену тойында анау, Англиядан келген құдалармен де бір дастарханның басында бірге отырды емес пе? Апырмай, ә, не болып барамыз өзі?!
– Е-е, Ерсінбай! Не болып бара жатырмыз дегенің не?! Қазақ қазір дүние жүзіндегі халықтарға қыз беріп, қыз алудан да алдыңғы орынға шықты емес пе? За то, енді әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтың жиендері көп болады! –деген әлдебір кекесінді үн келді құлағына.
«Апыр-ай, не болып барамыз өзі?!». Осы бір қазымыр сауал бас құда Ерсінбайдың жан дүниесін тырмалап жатты. Және де Қайраттың шаңырағына құда түсуге келген шотландтықтардың сиықтары да көз алдына қайра келе қалды.
Алатау бөктеріндегі Қайраттың қос қабатты сәнді үлкен үйінің ауласының дарбазасын шалқасынан ашып тастап, бұлар сонау Еуропаның бір қиырынан келетін меймандарды тосып отырды емес пе? Әлден уақытта үйден қашықтау тұсқа келіп тоқтаған бірді-екілі көліктен жайлана түсіп жатқандарды бұлар анық көріп тұрды. Қызғылт торлы белдемше киіп алып, сырнайлатқан бір топ аулаға жақындап келгенде барып солардың біразының ер адамдар екендігін көз көрді. Бұттарына шалбар емес, торлы белдемше киіп алған әлгі ер адамдарды көргенде Қайраттың анасының «көтек, мыналары несі?!» деуге ғана шамасы жетті де, шашуы салынған ыдысын қолынан түсіріп алды.
Мына… «COVID» деген індетің қазаққа ауыр тиді. Сол індеттен құрбан болып кеткендер қаншама?! «Құдайдың ісі ол» деді де оған да көнді. Бәрінен де не қонақ шақыра алмай, не құда түсіп, той жасай алмағандықтары жандарына батып, қатты қиналып қалды. Індет қазақтың да қалыптасып қалған салтына елеулі өзгерістер әкелді.
Ерсінбайдың Нұр-Сұлтан қаласында тұратын тағы бір курстасының жасы жетіп қалған қызы Германияға іссапармен барған бетінде, сондағы бір неміс жігіті өлердей ғашық болып, алып қалған ғой. Еуропада індеттің беті қатты болып тұрған кез еді. Әуе қатынасы тоқтағалы қашан?! Неміс жеріне келін болып қалған сорлы қыз Қазақстандағы өз ата-анасының разылығы мен батасын да осы интернеттің «SKYPE» деген желісі арқылы алған еді. Екі жақ құдалар бір-біріне қол бұлғасып танысқаннан басқаға бара да алмады. Міне, ендігі тіршілік – осы!
«Интернет келінді» алып келуге жолға шыққандар орыс шекарасының бақылау бекетінен көп бөгелмей өтті де, ымырт үйіріле Омбы қаласынан шалғайлау жердегі ауылға шаршап-шалдығып жетті. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы екен. Сол баяғы қазақы жол-жоралғымен құдаларды қарсы алып, шашуларын шашып мәре-сәре болып жатты.
Жүзі бал-бұл жанған Қалампыр «интернет келінін» бір, өз баласын бір сүйіп, есі шыға қуанып жүр.

Жабал Ерғалиев

(«Қазақ әдебиеті» газеті, 11 маусым 2021 жыл).

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар