Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыл қалам шеберінің кеңістігі - АРҚА АЖАРЫ

Қыл қалам шеберінің кеңістігі

Қалам құдіретімен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген белгілі суретші Бектас Кәріммен аудандық мәдениет үйінде жолықтық. Шеберлік сағатын өткізіп жатқан сәті. Қамырдан қыл суырғандай мипаздап баяндайды. Бәлкім шын өнер дәл осындай шынайылықты қажет ететін шығар.

Талыстай дала талықсып жатыр. Көз ұшы жететін кеңістік аппақ көрпе жамылған. Қолына қыран бүркіт қондырған саятшының тұлғасы оң иығынан асыла қараған асқар шыңмен астасып тұрғандай. Үстіндегі ықшам, жылы киім, кемер белдеу, күміс үзеңгі, алтайы тымақ саятшының сәні мен салтанатын асырып тұр. Қанжығадағы қызыл түлкі бір қызықтың белгісіндей. Жүзінде сәл ғана қуаныш лебі байқалады. Дархан даланың иесі де, киесі де өзі. Бұл Бектас Кәрімнің Нью-Йорктегі көрмеге қойған суреті.

Ұлан-Батордағы көркемсурет университетінің театр-сахна және сурет факультетін бітіргеннен кейін музыкалық-драма театрында сахна суретшісі болып еңбек етті. Оңай шаруа емес. Қойылымның ішкі мәні, меңзейтін мезерет, айтар ой суретпен қабысуы шарт әрі актердің тіліне ілікпеген сыр суретпен ұштастырылып, мағына үстеуі шарт. Ақсүйек өнерге құлай ғашық Бектас Кәрім бірте-бірте қол қанықтырған. Шын өнерге еңбек серік. Әсіресе, Еңлік-Кебекті қояр алдындағы дайындық санасына сіңіп қалған.

Дәл сол күні қолы жүрмей қойды. Көптен бері нақ осылай болмап еді. Күн арқан бойы көтерілгенде қырға шыққан. Ұшар басын жел жұлмалаған шалғынның сыбырлаған сырына құлақ түрді. Көкірегіндегі бір беймәлім сезім жан дүниесін тұмшалап алып, тұншықтыратын тәрізді ме, қалай? Баяғы бала кезінен бері биіктікке жаны құштар. Өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған өлке. Көсенің иегіндей бір тал қылтанағы жоқ болса да, саясына сайғақ саялар бір түп ағашы болмаса да, әлемдегі ең көркем жер болып әсер етеді.

Кенет алаңсыз жайылып жүрген қос елікті көрді. Естілер-естілмес сәл ғана сыбдырынан секем алып, құлақтарын қайшылап қойып, бір-бірінен көз айырмай қарайды. Суретші осы сәтте өзі іздеген бейнені жаза баспай тапқанын анық сезінді. Әдетте қалам ұстаған қауым ғашық жүректерді аққуларға теңейтін, ақын біткен айдын төсіндегі құс төресін жырлайтын. Бәлкім, олардікі де жөн шығар. «Еңлік-Кебек» қойылымын көрерменге ұсыну үшін Бектас Кәрім осындай жол тапқан. Жіңішке, бунақты аяқтарын қаздаңдай басатын қос елік мынау жарық дүниеде өздеріне төнер қауіп-қатердің бар екенін мүлдем ұмытып кеткендей. Әлде ғашықтық дерті шалғанда бір-біріне шексіз ғашық жанарлар өздерінен басқа ешбір жанды көрмейді ме екен? Құтты сұлу әйелдің «менен басқа ешкімді сүймейсің, менен басқа ешкімге көңіл аудармайсың» дейтін талабы тәрізді.

Жеделдете жұмыс кабинетіне келді де, ақ қағазға өзі көрген табиғаттың бейнесін тура сол қалпында көшіріп шықты. Ақ қағаздың бетінде әсем мойындарын иіп, бір-біріне елжірей, елітіп қараған қос елік, сәл төменірек оң жақ бұрышта тасбақаның сауыты іспетті дөңгелек қалқан. Дөңгелек қалқан кез-келгеннің қолы жете бермейтін іңкәрлік сезімді, таңғы шықтай мөлдіреген махаббаттың қос періштесі – қос елікті сырт көзден, айтып келмес апаттан, бәлкім зұлымдықтан, мүмкін, қараулықтан қорғап тұрған тәрізді. Мына жарық дүниеде ай мен күннің алмасқаны сияқты, жақсылық пен жамандықтың бірін-бірі жеңе алмай шарпысуы мүмкін ғой. Алмас жүзді, бес, әлде алты найза төніп тұр. Ішіне пышақ айналмайтын, пейілі тар әлдебіреулердің болмашы бейнесі.

Еңлік пен Кебек ғұмыр кешкен, бір-біріне өлердей ғашық болған көне дәуірдің сұлбасы. Мынау жанарың жетпейтін жалпақ жазықтық Алаш жұртының атамекені. Ақ қағаздың етек жағына сәл көлеңкелеу, қараңғылау бояу түсті. Өйткені, дархан даладағы ғашықтардың тілімен сипаттауға келмейтін құдіреті ет жүректерді елжіретіп, баурап, аялап, әлпештеп тұрғанымен қауіп-қатер де аз емес еді. Аз болмайтындығы ескі ғұрып, жақсылығынан зияны басым көне дәстүр, барлығы емес әрине, жас жүректердің лүпілін ұға алмайтын кейбір керітартпа пиғыл.

Еңлік пен Кебектің үлбіреген періште ғұмырларын ғана емес, бір-біріне ынтық махаббаттарын ала кетті. Ғұмыр үзілді, бірақ, жалпақ жұртқа, қалың көпшілікке аян болған, кейін біреу сеніп, біреу сенбейтін әдемі аңызға айналған ғашықтық желісін үзе алған жоқ. Осы бір қаралы, дегенмен кейінгі ұрпаққа тамаша тағылым қалдырған оқиға уақыт өте келе қайта жаңғырып, жасанып, сыланып сахна төріне көшкенде көрерменге сахнадағы үздіккен сөз, үйлесімді қимыл, айшықты сезімдер ғана емес, сахна төріндегі дәуір бейнесі, уақыт бедері өзгеше мағына үстеп, айрықша мазмұн бітіріп, ұқтырып тұр еді.

Көкірек көзі ашық көрермен суретшінің айтар ойын анық ұққан. Суретші де елесі еміс-еміс қана сақталған, әйтеуір сорабы айқын, бағыты белгілі өткен дәуірдің өшіп бара жатқан бедерін сурет арқылы сөйлетіп, сурет арқылы жырлап қойылымның тұтастығын, барлық композициялық құрылымды алты өрім қамшының жымдасқаны тәрізді жігін жатқызып жеткізді.

2005 жылы ата жұрттан дәм бұйырған. Шортанды ауданында қоныстанды. Содан бері аудандық мәдениет үйінде сахна безендірушісі ретінде жұмыс істеп келеді. Сол жылы Көкшетау қаласында өткен «Мәңгілік күй» атты көрмеге қатысқан. Мұндағы жұрт шын таланттың шеберлігін көрмеден көрді. Кейін әлденеше жыл қатарынан «Ақмола жұлдыздары» облыстық байқауда топ жарды. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты облыстық байқауда бірінші орынға ие болды. 2015 жылы астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде тақырыпқа орай ұсынған туындысы лайықты бағаланып, жеңімпаз атанды. Қол жеткізген табысын, жүлдесін айтып тауыса алмас едіңіз. Бағаланған, әділ бағасын алған. Соның барлығы ізденімпаз жанның қабілетінің қарымтасы.

–Оң жамбасына келетін тақырып – ауыл өмірі, – дейді суретші, – мына суреттегі әжей Құрманжан апамыз. Бүгінде жасы 80-ге таяу. Маңдайдағы әжім өткен өмірінің сорабы. Шаттықтың жұп-жұқа лебі ата жұртқа табаны тигендегі қуанышты сәті. Ал, мейірім барша әжеге ортақ қасиет. Бұл сезім Құрманжан апамызда да бар. Қазақтың бар әжесі мейірімді ғой.

Суретшінің өз айтуына қарағанда, өнер қанмен дарыса керек. Машық кейінгі дүние. Қаламына іліккен дүниенің бәрі көз қанықтырған, көңіл тоғайтқан дүниелер. Айрықша ықыласы ауған ғажайып әлем – жауырын. Кәдімгі малдың жауырыны. Ілкі заманда ел ішінде болашақты күні бұрын болжай білетін жауырыншылар аз болмаған. Бұл да бір ғажап қасиет. Айналып келгенде Алаш жұртының бойындағы жаратқан ие сыйлаған айрықша дарынды көрсетсе керек.

Малдың жауырын сүйегінің бітімі де тегін емес екен. Құпияны ашуға арналған кәдімгі айна іспетті. Бәлкім содан ба екен ықылым заманнан бері қасиетті саналған. Егер ұсақ малдың жауырын сүйегі сәл имектеу, жазық болып бітсе, осыған қарап алдағы қыстың қабағын аңдаған. Жауырынның қасиетті сүйек екенін бақсы-балгер де жақсы түйсінген. Арғы жағына қасиет қонып, кие дарыған көріпкелдік қабілеті бар әулеттің балаларын жауырынмен ауыздандыру салты болыпты. Қойдың отқа қақтаған жауырын сүйегін жас сәбидің жөргегімен бірге бөлеп, кейін оны ел көзінен таса, баланың қолы жетпейтін жерге жасырған.

Әлгі бала он беске толғанда ғана ұстауға рұқсат етілген. Оның өзінде де ел анасы сипатындағы әжей баланы бөлек бөлмеге апарып, оңашалап барып қана көрсетеді екен. Сонда ғана қасиет қашпаса керек. Жауырынға қарап сөйлеген кезде жаңылмаудың себебі осындай қағидаларды қапысыз атқарғандықтан деп есептеген. Бала кезімізде естіген ертегілерде жауырыншылар туралы көп дерек бар ғой.

Бектас Кәрім ұлтпен бірге жасасып келе жатқан осы бір ғажап дүниені тереңдей зерттеп, сан жауырынды табиғи күйінде қалыптапты. Біз тілдескен уақытта он шақтысын көрсетті. Сәби кезімізден санамызға сіңген дүние тағы бір тәнті болдық
–Сіз де жауырынға қарап болашақты айта аласыз ба, зерттеген дүниеңіз ғой? – деп сұрадық.
Суретші риясыз жарқылдап күлді. Ол үшін туа бітті қасиет керек екен. Ал, болашақтың, қазақтың болашағын айта аламын деді.
–Алдымызда ақжарылқап заман тұр, Мәңгілік ел мұраты толайым орындалады, – деді ол.
Біз де жақсылыққа жорыдық.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Шортанды ауданы.
Суреттерді түсірген Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар