«Жасыл» аймақта болсақ та сақтық керек

Өңір қызыл, сары аймақтың құрсауынан шығып, жасыл аймақтың санатына енсе де, карантин талаптарын бұлжытпай сақтаған ләзім. Облыста жыл басынан бері 228 мобильді топ жіті жұмыс істеді. Ағымдағы жылдың басынан мамыр айының соңына дейін 19217 нысанды тексеріп, карантин талаптарын бұзудың 364 оқиғасын анықтап, 56 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Өткен бір айдың ішінде 3578 нысанға мониторинг жүргізілген кезде карантин талаптарын бұзудың 59 фактісі анықталған. Неше рет құлақтандырып, әлденеше рет ескерту жасалса да ел әлі күнге дейін айылын жияр емес. Бәлкім қызыл аймақтың құрсауында табандатқан екі айдан астам уақыт болуымыздың бір себебі осында жатқан-ақ шығар. Бірден айта кетейік, бұл көзге түсіп, анықталғаны ғана. Ал, жасырын өткізілген шаралардың әлдеқайда көп болуы да әбден мүмкін.

Мамыр айында 3578 нысанға мониторинг жүргізіліп, карантин талаптарын бұзудың бақандай 59 фактісі анықталып отыр. Тәртіп бұзғандарға 11 миллион 921530 теңге көлемінде айыппұл салынған. Соттың қарауына бір материал жіберіліпті. Облыс орталығының өзінде өткен мамыр айының ішінде 756 нысанға мониторинг жүргізіліп, карантин талаптарын бұзудың 18 оқиғасы орын алғандығы белгілі болды. Тәртіп бұзушылардың дені қоғамдық тамақтандыру орындары екенін айта кетелік. Әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан құдалық та, ас беру де осы жерде. Жұмыс тәртібін бұзғаны үшін 5 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Қазір дәмханалар қулыққа көшкен. Былайғы жұрт байқамас үшін есік-терезесін тұмшалап, ел көзінен жасырып қызмет көрсетеді. Мәселен, «Меруерт» мейрамханасы көп адам жинап ас берген. Тәртіп бұзғаны үшін мейрамхана иесіне 379 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мұндай мысалдар аудандарда да аз емес. Мәселен, Жарқайың ауданындағы 367 нысанға мониторинг жүргізілген кезде 8 тәртіп бұзушылық белгілі болған. Оның ішіне «Ласточка», көкөніс дүкендері, «Ишим» қонақ үйі, автобөлшектер дүкені бетперде режимін сақтамаған. Аудан бойынша талап бұзғандарды тәртіпке шақырып, 350 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Ескертуді құлағына қыстырмай, кәсібін дөңгелетіп жатқандар Бурабай ауданында жиі кездеседі. Қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтандыру орындарының жалпыға ортақ тәртіп бұзып отырғандығынан осындай ой түюге болады. Дауасыз дерттің өршуіне себеп болып, талапты орындау қажеттігін қаперіне іле бермейтіндерге 1 миллион 341 мың теңге айыппұл салынған.

Бұл жерде бетперде режимін сақтамаудың көрінісі де жиі кездеседі. Келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, қауіп-қатер де мол. Жергілікті жұрт та жаман тұмаудың өршіп кетерін ескере бермей, той тойлап жүр. Мәселен, Щучинск қаласындағы «Мерей», «Ақнұр» дәмханалары көп адамдардың қатысуымен отбасылық іс-шаралар өткізген.

Мұндай мысал Целиноград ауданында орын алып отыр. Ауданның 32 нысанын тексерген кезде үш бірдей шетін оқиғаның орын алғандығы белгілі болған. Бұл жерде де көпшіліктің қатысуымен іс-шаралар өткізген. Айталық, Қосшы ауылындағы «Баянды» мейрамханасында аста-төк ас берілсе, «Чистые пруды» демалыс үйінің дәмханасында туған күн тойы өткізілген. Макинск қаласындағы «Анжелика» дәмханасы да отбасылық іс-шараға рұқсат беріп, айыпты болып отыр.
Міне, жоғарыдағы мысалдардан ауруға себепші болып отырған өзіміздің іс-әрекетіміз екендігін айқын аңғаруға болады. Жасыл аймақтың санатындамыз десек те, қалыптасып отырған жағдайды санамен салмақтап, өзіміздің де, өзгенің де қауіпсіздігімізді ойласақ қанекей!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар