Ақмола облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Жаров: «Басты мақсат – дәрігерлік қызмет көрсетуді жақсарту»

Үш жыл бұрын медициналық мекемелер желісі ауқымды түрде қайта ұйымдастырылғаннан кейін облыстық аурухананың базасында көпбейінді облыстық аурухана құрылды. Құрамына перинаталдық орталық, онкологиялық және дерматовенерологиялық диспансерлер кірді. Көпбейінді облыстық аурухана қызметінің негізгі мақсаты көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сапасын жақсарту және диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін дамыту болып табылады. Ірілендіруден кейінгі ілкімді істі көпбейінді облыстық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаров таратып айтып берді.

–Құрметті Нұрлан Қайырұлы, ауруханаларды ірілендіру – бұл көпбейінді ауруханалар желісін құруды көздейтін Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай перспективалық жоспарының негізгі бағыттарының бірі екендігі белгілі. Осы орайда, жаңалық қандай жақсылық әкелді?

–Шетелдерде табысты тәжірибе көрсеткендей, көпбейінді жұмыс бағытына көшу экономикалық тұрғыдан да, науқастар мен дәрігерлер үшін де ыңғайлы. Қайта құру негізінен әкімшілік-басқару аппаратына әсер етті. Бұрынғы етек-жеңі кең пішілген қосалқы қызметтер біріктірілді. Сондай-ақ, аурухананың төсек қорын қайта бейіндеу және оңтайландыру жүргізілді. Қазіргі кезде қайта құрудың оң нышандары анық байқалады. Мәселен, перинаталдық орталықта бұрын кейбір мамандар болмағандықтан, кеңес алу үшін басқа емдеу мекемелеріндегі мамандардың кеңесіне жүгіну қажет болатын еді. Қазір барлық қажетті медициналық көмек бір аурухананың аясында көрсетіледі. Осы арада тағы бір оң мысал келтіре кетейін. Айталық, ауруханадағы науқасты тексеру барысында қатерлі ісік пайда болды ма деген күдік туындады делік, ауруханалар біріктірілгенге дейін науқас адам ауруханадан шығарылып, тек содан кейін емхана арқылы онкологиялық диспансерге түсетін. Егер диагнозы расталмаса, онда ауруханаға тек емхана арқылы орала алатын. Енді бұл аралықтағы буындар қажет емес, өйткені, науқастар барлық тексерулерден көпбейінді облыстық ауруханада өтеді. Бұл науқастар үшін өте қолайлы. Ірілендірудің елге тиімді бір тұсы осы.

–Ірілендіруден кейін төсек орындар саны қысқарған жоқ па? Халық үшін маңызды мәселенің бірі осы ғой.

–Дұрыс айтасыз, бұл мәселе де ерекше мәнге ие. Қазіргі уақытта тәулік бойы 725 және күндізгі емдеу бағытындағы 130 төсек-орын жұмыс істеуде. Барлық бейінді бөлімшелер және медициналық қызметкерлер өз функцияларын бұрынғы көлемде орындайды. Ауруханада 1486 қызметкер жұмыс істейді, оның 231-і, соның ішінде 190-ы санатталған: жоғары біліктілік санаты – 102 (44,7%), бірінші санаты – 56 (24,6%), екінші санаты – 32 (14%). Бұл тәуір көрсеткіш. Сөз арасында дәрігерлердің ұдайы білімдерін жетілдіріп отыратындығын айта кетуіміз керек. Соңғы үш жыл ішінде қырықтан астам дәрігер білімін жетілдіру бағытындағы арнайы курстардан өтті. Ұжымда 1 медицина ғылымдарының докторы, 3 медицина ғылымдарының кандидаты және 35 Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі еңбек етуде.

–Енді осыншама күш жыл ішінде қанша науқасқа ем-дом жасайтындығын таратып айтып берсеңіз. Бәлкім, жұмыс ауқымы осындай деректерден көрінетін болар? Сонымен бірге, облыстық ауруханада цифрландыру мәселесі қаншалықты қолға алынған.

–2020 жылы барлығы 23 608 науқас емделді, 2019 жылы – 23400-ге жетті. Өсім 0,9 пайыз. 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы емделушілер саны біршама азайғандығы байқалады. Бұл көрсеткіштер бірқатар белгілі себептерге байланысты болып отыр. Негізгісі коронавирус инфекциясының таралуына байланысты. Осы орайда, 2020 жылы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, көпбейінді облыстық ауруханада мамандардың кеңестерін қашықтықтан өткізу форматы жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың індеттің таралуына байланысты іс-қимыл шаралары жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде де осы бағытты дамытудың өзектілігі мен маңыздылығы туралы кеңінен айтылған болатын. Ел Президенті «Телемедицинаны пайдалану, қашықтықтан кеңес беру, дәрілік заттарды уақтылы жеткізу және қажетті тексерулер жүргізу мүмкіндіктерін жандандыру маңызды» деп атап көрсеткен еді. Өткен жылы 616 қашықтықтан кеңес өткізілді. Бүгінгі таңда цифрлық трансформацияның идеясы бүкіл әлемді қамтып отыр. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялар экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Цифрландыру – бұл өмірдің түрлі салаларына, соның ішінде медицинаға заманауи цифрлық технологияларды енгізу. Біздің аурухана қазірдің өзінде инновацияның жетістігін игеріп үлгерді.

Біріншіден, бұл электрондық құжат айналымына көшу. 2018 жылдан бастап медициналық құжаттаманы жүргізу және қағазсыз құжат айналымы үшін кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Аурухана жүз пайыз компьютерлік техникамен жабдықталды. Қазір барлық медициналық құжаттама электронды форматта жүзеге асырылады. Бұл жағымды жаңалық уақытты үнемдейді әрі мамандар мен медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасуға өте ыңғайлы. Барлық мәліметтер арнайы деректер базасында сақталады. Біз жабдықтарды жаңартуға, инновациялық технологияларды енгізуге ұдайы қомақты қаражат бөліп отырмыз. Жергілікті бюджет қаражатына жалпы көлемі 1086953 мың теңге болатын медициналық жабдықтар сатып алынды. Бюджеттен тыс қаражат есебінен 2 дана офтальмоскоп және электрокардиограф сатып алынды. Демеушілердің арқасында жасанды тыныс алу аппаратураларын алуға қол жеткіздік.

–Оңтайландыру медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге әсер ете ме?

–Денсаулық сақтау саласындағы Жол картасының көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін білікті қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету басты мақсат. Осы орайда, облыстық әкімдік пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдау-көмегі өте зор екендігін айта кетсек артық болмас. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап өңірдің медициналық ұйымдарында 1559 дәрігердің жалақысы 30 пайызға өсті. Орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көтерілді. Көкшетау қаласында медицина қызметкерлері үшін ағымдағы жылы 45 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Осы орайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің оң сипаттарын атап өткім келеді. 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру басталды.

Бұл жай медицина саласындағы күрделі мәселелерді оңынан шешуге көмектеседі. Халықтың медициналық көмекке қажеттілігі жыл сайын өсіп келе жатқандығы да жасырын сыр емес. Талап деңгейінен табылу үшін жаңа технологиялар енгізілуде. Бұрынғымен салыстырғанда неғұрлым тиімді дәрі-дәрмектер пайда болуда. Осының барлығы айналып келгенде қаржылық салымдарды талап етеді. Медициналық сақтандыру жүйесіне көшу қаржыландырудың жаңа көзін табуға мүмкіндік береді.

–Қол байлау болып отырған қандай жайларды айтар едіңіз. Негізінде адам өз денсаулығына өзі қорған болуы керек емес пе? Халқымызда «сақтансаң сау боласың» деген сөз бар.

–Бір ғана қиындық бар. Ол қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі. Мысалы, МРТ аппараты 2018 жылдан бері жұмыс істемейді, қалпына келтіруге жатпайды. Бірақ, жыл бойы облыс әкімдігінің қолдауымен біз жаңа томограф сатып алмақпыз. Егер ойымыз оңынан оңғарылса, өңір тұрғындары үшін магниттік-резонанстық зерттеулер тегін болады. Осы арада науқастың өз денсаулығы үшін жауапкершілігіне байланысты бір ғана ой айтқым келеді. Аурудың алдын алу әрдайым маңызды. Әрбір адамның денсаулығы үшін мемлекет, медициналық мекеме және өзі жауапты. Көптеген аурулардың алдын алуды бала кезінен емес, ананың құрсағында болған кезінен бастау керек. Егер уақтылы екпе егіліп, медициналық тексерулер мен скринингтерден өтіп, дәрігерлердің ұсыныстарын орындап, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанса, тиісінше ауру қаупі айтарлықтай төмендейді. Көптеген жағдайларда бұған жол бермеуге болады.

–Салаға серпін беретін біліктілікті арттыру екендігі белгілі. Бұл орайдағы атқарылып жатқан істі айта кетсеңіз артық болмас еді?

–Аурухана ұжымы үнемі жетілдіруге бағытталған: диагностика мен емдеудің жаңа түрлері енгізілуде, күрделі оталар жасалуда. Біз үнемі шеберлік сыныптарын өткізіп, жетекші отандық және шетелдік мамандарды шақырамыз. Өткен жылдың өзінде 6 шеберлік сыныбы өткізілді. Шеберлікпен бірге мүмкіндік те артып келеді. Мәселен, «Сарыарқа» шағын ауданында 630 төсектік жаңа көпбейінді облыстық аурухана құрылысы жобасына үлкен үміт артып отырмыз. Бұл жобаны инвесторлардың есебінен жүзеге асыру межеленіп отыр. Біз ашық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Науқастарымыз емдеу мен қызмет көрсету сапасын әрдайым салыстыра алады. Сондықтан, бізден жоғары деңгейді талап етеді. Біз заманауи стандарттарға сай болу үшін үнемі өзімізді-өзіміз жетілдіріп отыруымыз керек-ақ.

–Төрткүл дүниені жаман тұмаудың жайлауы медицина саласына үлкен сын болды. Талап тезінен табыла алдыңыздар ма?

–COVID-19 пандемиясымен күрес көпбейінді облыстық аурухана базасында карантиндік және провизорлық бөлімшелердің ашылуымен басталды. Клиникалық симптомдар пайда болған кезде науқастарды одан әрі тексеру және емдеу үшін провизорлық бөлімшелерге ауыстырдық. 2020 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында облыс орталығындағы көпбейінді облыстық аурухана негізінде 525 төсектік карантин бөлімшесі ашылды.
Өткен жылдың 5 наурызынан бастап оң нәтижесі бар науқастарды емдеу үшін 185 төсектік провизорлық бөлімше ұйымдастырылды. Шілде айынан бастап 100 төсектік инфекциялық стационар ашылды. Заман ағымына сай замандастарымыздың денсаулығын сақтауға әрі нығайтуға айрықша мол үлес қосып жатқан ұжымның шығар белесі биік.

–Облыстың денсаулық сақтау саласындағы бірегей ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы толғамды ойларыңыз үшін рахмет. Төл мерекелеріңіз құтты болсын!

Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар