Қазақты әлемге танытқан

Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, өзге жұртқа ұлан-ғайыр жері мен өршіл халқын паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көрген, алмаған жүлделерді алған алып күш иесі.

Ол күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы. Теңдесі жоқ өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді.

Тарихи деректерге сүйенсек, ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Кейбір зерттеулерде оның 1886 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп бала балуан деген атқа ие болған.

Қажымұқан 1906 жылы әлемдік деңгейде көріне бастаған. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста әлем чемпионы атанады. Харбин қаласында өткізілген халықаралық турнирде бірінші орынға ие болып, өңіріне алтын медаль тақты. Кейбір деректерде бұл турнир 1905 жылы өтті делінеді. Қалай болғанда да Қажымұқан «Жиу-Житсу» бойынша күресіп, турнирде бірде-бір рет жеңілмегені, алтын медальға ие болғаны анық. Харбин сапары Қажымұқанның даңқын аспанға көтереді. Бірақ, орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды.

Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болған. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Ең алғашқы лақап аты «Муханура», Лебедев мырзада дәріс алып, еркін күрестен бәрінің бастарын идірген. Мәселен, 1909 жылы Қажымұқан атақты эстон балуаны, әлем чемпионы Георг Лурихтың тобында күресіп жүреді. Лурих өз тобының жетекші балуандары жөнінде айта келіп, Қажымұқан туралы: «Шығыс ұлы жапон «Мухинура» сирек кездесетін мықты балуан, күресте қайтпайтын бірбеткейлігі, далаға тән қайсарлығымен және ызақорлығымен ерекшеленеді» – деп жазған.

Сөйтіп, сол кездегі саясат бойынша бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған. 1909 жылы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп, бүкіл дүние жүзіне Қажымұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.

1910 жылы Америкаға, Еуропаға орыс балуандарының үлкен бір тобы аттанады. Сол жылы ол тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен өткен біріншілікте ол Америка чемпионы атанады. Америка сапарында балуандар бірнеше шағын топтарға бөлініп, әр жерде күреседі. Жалпы, Оңтүстік Американың ірі-ірі қалаларында күш сынасады. Сөйтіп, Қажымұқан бұл сапардан үлкен алтын медальмен оралады. Қажымұқан қай ортада да намысшыл, кеудесін ешкімге бастырмаған. Күрес қожайындарының, төрешілердің сан мәрте әділетсіздігіне белі бүгілмеген, еңсесі түспеген. Сол Америка сапарында Қажымұқанға еріп, әйелі Надежда Николаевна Чепковская да бармақ болған.

Бірақ, аяғы ауыр болуына байланысты Португалия порты Лиссабонда кемеге көтерілуіне рұқсат етілмейді. Жергілікті тәртіп бойынша, екіқабат әйелдерді мұхит кемелеріне мінгізбейді екен. Қажымұқанның өзі Бәтима деп атап кеткен Чепковская цирк актрисасы болған, әрі ерінің кәсіби күрестегі талай тамаша жеңістерін өз көзімен көрген. Қажымұқан атамыз осы поляк қызымен отау құрып Омбыда мешітке апарып, оған Бәтима деген ат беріп, мұсылман дініне кіргізген. Патша үкіметі құлаған соң балуанның отбасы азамат соғысы мен аштықтың салдарынан біраз сергелдеңге тап болады.

1937 жылы Қажымұқанның ізіне Ішкі істер халық комиссариаты қызметкерлері түсіп: «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы», – деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Өзбекстанда бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Оңтүстік Қазақстан облысында Түркістан жерінде өтеді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан Қазақ Совет Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Қазақбаевқа жолығып: «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» – деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп, цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады. Бұл ақшаға әскери ұшақ жасатып, майданға тарту етеді. Егер ол өз заманында тәуелсіз елдің азаматы болса, оның Мұқан Мұңайтпасұлы деген шын есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылатыны да айтылып жүр. Өмірінің 55 жылын күрес пен цирк өнеріне арнап, 50 шақты медальдің иесі болып, жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға – қазақтың нағыз хас батыры.

Қажымұқан бабамыз жайлы көп айтыла бермейтін деректердің қатарында оның алашордалықтармен ниеттес болғаны да бар. Ол ұлттың бетқаймақтары Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жұмат Шанин сынды арыстармен иық тірестіре қатар жүрген. Қажымұқан өмірін зерттеушілердің айтуынша ол тапқан табысынан «Алаш» партиясына ақша аударып, ұлт зиялыларының ойға алған мақсат-мүдделерінің жүзеге асуына қаржылай қолдау жасап отырған.

Міне, күнделікті өмір мен боз кілемде осындай ердің ері болған Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болған. Бүгінде оның төрт әйелінен тараған ұрпақ Түркістан мен Ақмола өңірінде өмір сүруде.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар