Шындықты арқау еткен

Жер шарының біраз мемлекеттерінде жер мен шекара мәселесі әлі толық шешілмеген. Егемендік алғаннан бері біздің еліміз шекаралас мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, жерімізді заңдастырып алдық. Бірақ та, әлі де біздің кең байтақ жерімізге көз алартып отырғандар бар. Ондай жағдай Кеңес дәуірінде де болған. Өткен ғасырдың орта шенінде билікте Хрущёв мырза отырғанда Қазақстанды бөлшектегісі келді.

Маңғыстауды Түрікмендерге, Оңтүстіктің біраз жерін Өзбек ағайындарға, ал, Тың өлкесін Ресейге беру көзделген еді. Тың өлкесінде еліміздің солтүстігіндегі ең астықты мол өндіретін бес облысы болатын. Онымен қоса, бұл жерлердің жер астындағы байлығы қаншама. Хрущёвтің осы ұсынысына еліміздің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев көніп қалған секілді, ал, Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов түбегейлі қарсы шығып, Кремль басшысының арам ойын іске асыртпай тастайды. Жұмекеңнің осы бейбіт өмірдегі ерлігін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы өзінің «Жер – жаннан қымбат» поэмасында тамаша суреттеген. Менің пайымдауымша, поэма шынайы өмірден алынған. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «шындық шығады, бірақ кешігіп шығады» демекші, Жұмабек Тәшенов туралы шындық жаңа шығып келеді. Әлі де кеш емес, ол кісі дүниеден өтсе де, өз орнын үлкен тарихтан алса, өмірге қайта оралғаны болар еді.

Поэманың желісіне қарап отырсаңыз, Жұмабек ағамыздың Кремльден шыққандағы көңіл-күйі нақты суреттеледі. «Мың жылғы бабасының жатқан жерін бөтен елге бермеймін» деп өзін-өзі жігерлендіріп қояды. Қасында келе жатқан Дінмұхамедтің «Жұмабек, жүрек жұтқан жан екенсің!» деуі өзінің Хрущёвтің алдындағы әлсіздігін байқатты ма, әлде қызметтік дәрежесін қазақ жерінің шамамен төрттен бір бөлігін берумен сақтап қалғысы келді ме екен. Поэманың бір жерінде «халықтың өкпесі көп Қонаевқа» дегеннің астарында оңтүстіктің біраз жерінің көрші республикаға кетуі жатқан сияқты. Мұнда да Қонаев табандылық көрсете алмағандай. Дінмұхамед Ахметұлын ол кісімен істес болғандар білімділігін, адамгершілігінің молдылығын, азаматтығын, қарапайымдылығын айтып жүрді. Ал, қызметте Кремльдің айтқанынан шықпағанға ұқсайды.

Екінші бір мәселе – Хрущёв тақтан кеткеннен кейін досы Брежнев басқарған кезде Жұмабек Ахметұлын қайтадан республикалық дәрежедегі қызметтерге шақыруына болатын еді. Ол кезде Жұмекең елу жасқа да келмеген. Әлі де біраз жылдар өзінің туған халқына, Қазақстанына абыройлы қызмет атқаратын еді. Мұнда да Димекеңнің өзі Жұмекеңнен сескенді ме екен деген ой туады.

Автор қазақ елінің тұтастығына осыған дейін де талай батырларымыз қан төгіп, тіпті жер үшін бастарын бәйгеге тіккенін көрсетеді. Олардың қатарына Сырым Датұлын, Хан Кенені, Абылайды жатқыза отырып, ерліктерін паш етеді. Кезінде Сталинмен айқасқан Сұлтанбек Қожановтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Тұрар Рысқұловтың «халық жауы» деген желеумен құрбан болғандары поэмада ерекше аталады.

Ақын Несіпбек Айтұлы: « – Жұмеке, қиын болды-ау? – деді Димаш» дей келіп, бір жерінде: «… әркімнің өз бейнесі көрініп тұр, Жарқырап уақыт деген шарайнадан …», – деп әдемі бейнелейді.
Поэмада жырланғандай, Жұмекеңнің ата-анасы Тәшмұхамбет пен Гүлсіммен жерлес болған рулас жездем Тасмағамбет Машанбайұлы айтатын: «…Бұл отбасында үш ұл болды. Үлкені Мұса – поезда ревизор, одан кейін Манап – басқару қызметтерінде болды, ал Жұмабек…», ол өлеңде айтылғандай «… тай күнгі тұрпатынан танылыпты …» демекші, бала кезінде қайсар, бірбеткей болыпты.

Осылай ақын Тәшенов арқылы қазақтың жері үшін күрескен батыр ұлдарын әспеттейді. Былтыр 175 жылдығы аталып өтілген ұлы Абайдың, Алаштың ардагері Әлиханның, халық батыры Бауыржан Момышұлының және тағы да басқа ұлт қайраткерлерінің қазақтан туғандығын баса айтады. Поэмада: «… өзі алып қалған облыстардың, бір аудан жоқ атында оның …» деген жолдар бар. Бұл өлең жолдары Тәшеновтың тарихтан өзінің лайықты орнын ала алмай жүргенін меңзейді.

Осы мәселе туралы мен бірнеше мақала жаздым, алайда оған мән беріп, көңіл аударған ешкім жоқ. Әлі де үміт үзуге болмайды, Нәкеңнің (Несіпбек) осы керемет шындыққа негізделген поэмасы Жұмекеңнің жерлестері оқып қозғау салып, жоғары жақтағылар құптап, бір оң шешім шығарар деген ойдамын. Жұмабек Ахметұлының бейнесі өлеңде айтылғандай, астанамыздың қақ ортасында қасқайып тұратын күн туар деген үміттемін.

Поэма авторы Несіпбек Айтұлын мерейлі жасқа келуімен құттықтай отырып, бақытты ұзақ ғұмыр кешуін тілеймін, қаламыңыздан аттары көлеңкеде қалып келе жатқан ұлтының нағыз жанашырлары туралы жырларыңыздың дүниеге келе беруіне тілектестік білдіремін, солардың аруақтары сізді қолдай берсін демекпін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар