Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бюджеттің кіріс бөлігі 101,4 пайызға орындалды - АРҚА АЖАРЫ

Бюджеттің кіріс бөлігі 101,4 пайызға орындалды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясының күн тәртібінде 2020 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы, тұрғын үй бағдарламасын іске асырудың барысы туралы мәселелер қаралып, облыстық мәслихаттың әр жылдардағы бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинскаяның төрайымдық етуімен өткен сессия жұмысында алдымен 2020 жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтеновтың баяндамасы тыңдалды. Өкілетті орган облыстық бюджеттің орындалуы туралы қаржы басқармасының есебін тыңдай келе, бағдарлама әкімшілерінің бюджетті игеру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізгенін атап өтті.

Нәтижесінде облыстың көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемалары шешімін тапты. Білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, тұрғын үй-коммуналдық сала, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй құрылысы салаларын дамытуға қаражат қарастырылды. Қабылданған шаралар жаппай өңірлік өнім көлемін 1 410,2 миллиард теңге мөлшерінде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінде дамудың оң динамикасы байқалады. Облыс экономикасына 426,0 миллиард теңге инвестиция тартылды. Еңбек нарығында ағымдағы жылдың басынан бері 21,7 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 101,4 пайызға орындалды. Шығыс бөлігінің жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуы 99,9 пайызды құрады. 2020 жылы облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 25 пайызға артқан.

Талғат Бөлтеновтың айтуынша былтыр облыстық бюджеттің орындалуын 28 бюджеттік бағдарлама әкімшісі жүзеге асырған. Оның 25-і мемлекет қаражатын толық игерсе, екі әкімші жылды 99,8 пайыз игерумен аяқтаған. Ең төмен көрсеткіш, яғни 99 пайыз денсаулық сақтау басқармасыныкі. Өз сөзінде басқарма басшысы облыстық бюджет шығындарының ең көп үлесі, яғни, 19,3 пайызы төртінші әлеуметтік топ – білім саласына тиесілі екенін атап өтті. Кейбір бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тікелей және түпкілікті көрсеткіштердің нәтижелеріне қол жеткізбеген. Сессияда сөз алған Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Руслан Шәріп былтырғы жылғы облыстық бюджетті орындау кезінде кейбір аудандарда бюджет қаражатын дұрыс игермеу, тиімсіз жоспарлау фактілері тіркелгенін айтса да, жалпы алғанда бюджетті орындау бойынша бағдарлама әкімшілерінің жұмысын облыстық мәслихат депутаттары оң бағалады.

Сондай-ақ, сессия барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіровтың өңірімізде тұрғын үй бағдарламаларын іске асырудың барысы туралы, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 11 желтоқсандағы «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндамалары тыңдалды. Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәслихат депутаттарын облысымыздың үстіміздегі жылдың бес айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ағымдағы жағдайы туралы хабардар етіп, халық қалаулыларына бюджетті бекіту кезінде қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын білдірді. Жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың келесі сессиясында Ақмола облысы әкімінің есебі тыңдалатын болып, сессия төрағалығына облыстық мәслихат депутаты Мұрат Балпан сайланды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар