Міндет – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасымен қолға алынған баспасөз туры өткен сейсенбі күні облысымыздың Аршалы және Шортанды аудандарында жалғасты.

Шортанды ауданы

Биылғы жыл барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен ерекшеленсе, Шортанды ауданындағы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы үшін үстіміздегі жыл тіпті қуанышқа толы. Мемлекетімізде ғана емес, шетелдерде де ғылыми-зерттеулерімен танымал орталық биыл өзінің 65 жылдығын атап өтеді.

Сапалы тұқым болмаса, жақсы өнім жинау мүмкін емес екені белгілі. 65 жылдың ішінде орталықтың селекционерлері облыс аумағындағы егістік алқаптардың 70 пайызын алатын жаздық жұмсақ бидайдың 27 түрі мен жаздық қатты бидайдың алты түрі аудандастырылып, пайдалануға жіберілген.

–Селекционерлердің міндеті жаңа сорттарды шығарып, оларды өндіріске енгізу және көбейту болып табылады, – дейді А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі Әділхан Бабкенов. –Жалпы, Ақмола облысында егістік алқаптардың 2,6 миллион гектарына біздің орталықтың селекциялары егілген. Біз Ұлттық биотехнолгия орталығымен, Биотехнология және биология институтымен әріптестік қарым қатынастамыз. Бірлескен зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жоғары өнімділігімен, қуаңшылыққа, қоңыр татқа төзімділігімен ерекшеленетін бидайдың жаңа сортын шығардық. Бүгінде бұл сорт сынақтан өткізілуде, өңірдің егістік алқаптарында шамамен екі-үш жылдан кейін пайда болады.

Орталықтың сараптамалық бөлімінде мамандар екі жылдан бері жердің құнарлылығын тексеру бойынша үлкен жобамен айналысуда. Бұл жоба еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды субсидияландыру үшін қолға алынған екен.

–Мемлекет аграршыларға егістік жерлерін объективті бағалау үшін топыраққа агрохимиялық анализ жасауға ынталандыру мақсатында минералды тыңайтқыштар құнының 50 пайызы көлемінде субсидия беретіні белгілі. Осы орайда біз фермерлердің өтініштері бойынша жұмыс істейміз. Топыраққа агрохимиялық анализ жасап болғаннан кейін әр дақыл бойынша агрохимиялық есеп береміз. Ақмола облысы – оңтүстік карбонатты қара топырақты және қара-қызғылт топырақты өлке. Әр топырақтың өзінің жеке-жеке агротехнологиясы, ұсынылған сорттары, минаралды тыңайтқыштардың белгілі бір мөлшері бар, – деген бөлім басшысы Қайрат Құнанбаев бізбен әңгімесінде 2023 жылдан бастап фермерлер үшін топыраққа агротехникалық анализ жасату міндетті болатынын айтты.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. 2020 жылы бағдарламаның арқасында Шортандыдағы Мәдениет үйі жаңарып қалған. Ғимараттың іші-сыртын күрделі жөндеуден өткізуге 283 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Бүгінгі күні мемлекеттік қолдаудың көрінісін мәдени, әлеуметтік салаларда ғана емес, ауыл шаруашылығында да анық байқауға болады. Импортталған және отандық аналық мал сатып алғанға мемлекеттен субсидия берілуі, өндірістік тауарлы сүт фермаларын салуға мемлекеттен көрсетілетін қолдау шортандылық кәсіпкерлер үшін үлкен олжа болған.

Бұлай дейтініміз, былтырғы жылдың қараша айында Бозайғыр ауылының маңында «Milk Product» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі деп аталатын аудандағы алғашқы заманауи тауарлы-сүт фермасы жұмысын бастаған. Ал, серіктестіктің өзі 2014 жылдан жұмыс істейді. Тауарлы-сүт фермасының зоотехнигі Нұрбек Ерсайыновтың айтуынша, бүгінгі таңда фермада былтыр Германиядан әкелінген симменталь тұқымды 121 бас аналық мал бағылады және қазірдің өзінде 109 бұзау өсірілуде. Алдағы уақытта серіктестік аналық мал басын 600-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Симменталь тұқымды ірі қара сүтті, әрі етті.

Мал тұқымын өз төлі есебінен көбейтуді жоспарлаған серіктестік бағымдағы мал басын бір мыңға жеткізбек. Кейін Нұрбек Ерсайыновтың айтуына қарағанда, бірінші ферманың жанынан тағы төрт мал қорасы салынбақшы. Айта кетерлік бір ерекшелігі, асыл тұқымды мал қысы-жазы өріске шығарылмай қамап бағылады.
Серіктестікте бүгінгі таңда 15 адам жұмыс істейді. Олардың үшеуі сауыншы. Барлығы жергілікті тұрғындар. Сауын цехына автоматты түрде жұмыс істейтін түрік құрылғысы орнатылған. 2014 жылы құрылған кәсіпорын алғашында сүтті өңдеу және ашыған сүт өнімдерін өндірумен айналысты, нарықта бұл өнімдер «Түрік айраны» ретінде сұранысқа ие, сонымен қатар, аталмыш өнімдерді Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Теміртау және Көкшетау дүкендерінің сөрелерінде кездестіруге болады. Кәсіпорын басшылығы бұдан әрі сүт өндірісін Шортанды ауданына көшірмекші. Бұл дегеніміз шикізат сол жерде өңделеді, нәтижесінде ауданның қазынасына түсетін салық көлемі ұлғаяды, сайып келгенде, жұмыс орындары да көбейеді.

Аршалы ауданы

«Milk Product» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді Аршалы ауылындағы «Восход-2004» серіктестігі сүтті қайта өңдеумен 17 жыл бойы айналысып келеді. Кәсіпорын директоры Вадим Батютаның айтуынша, аталмыш цех ескі ғимарат базасында ашылды, уақыт өте келе біршама жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өзгерістер енгізілді. Өнім 2005 жылы шығарыла бастады. Ол үшін Ресейде өндірілген құрал-жабдықтар сатып алынды, сонымен қатар, неміс сепараторы мен Қытайда жасалған пастеризатор да алынды.

Бүгінгі таңда «Восход-2004» ЖШС шикізаттарды Аршалы, Астрахан және Целиноград аудандары тұрғындарынан сатып алып, сүт, айран, қатық, сүзбе, сары май және тағы да басқа оннан астам сүт өнімдерін өндіреді. Қазіргі уақытта өнімдер қатарына сүзбе ірімшігі мен «Сулугуни» қатты ірімшігін қоса отырып, өнім көлемін арттырмақшы.

Кәсіпорында еңбек етіп жүрген 36 адамның басым көпшілігі жергілікті тұрғындар, олар күніне үш мың тоннаға дейін өнім шығарады. Ал, цехтың өнім өндіру қуаттылығы күніне 10 тонна. Вадим Батюта атап өткендей, кәсіпорында жүйелік өзгерістер болған, құрылтайшылар ауысты, осының барлығы өндіріс процесіне әсер ете қойған жоқ.

–Біз бүгін өндірісті тағы да жаңадан бастадық деуге болады, алайда, өнімді қайта өңдеу үрдісін арттырып, өндірілген өнімдерді негізінен Нұр-Сұлтан қаласына, сонымен қатар, өнімнің біршама көлемін облыс ішінде және Аршалы ауылына өткізіп жатырмыз, – деді ол.
Кәсіпорынның болашағына келер болсақ, олар бумен жұмыс істейтін қуатты пастеризатор, газбен қызмет ететін бу жіберетін қазан, бөлшектеп өлшейтін автомат сатып алды, осының барлығы осы жазда орнатылатын болады. Өнім сапасын арттыру және өндіріс қуатын ұлғайту кәсіпорынның түпкілікті мақсаты болып табылады.

Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы табиғи газды Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау қалаларына, сондай-ақ, газ құбыры трассасына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына жеткізуге мүмкіндік береді. Осы ауқымды жұмыс шеңберінде, автоматты газ үлестіру станциясының (АГҮС) құрылысы жүріп жатыр, жалпы құны 744 миллион теңгені құрайтын осының біреуі Аршалы кентінің шетінде салынып жатыр. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Таласбаевтың айтуынша, АГҮС құрылысы аяқталуға жақын. Ағымдағы жылдың шілде айында қолданысқа енгізілмек.

–Аршалы ауданында биыл тағы бес жобаның құрылысы аяқталатын болады. Олар газды ауылға жеткізу және ауыл ішіне тарататын газ торабы болып табылады. Бұдан басқа, тағы екі жоба бар. Біреуі Аршалы кентін газбен қамту 2022 жылға жоспарланса, екіншісі Жібек Жолы ауылын газбен қамту жұмыстары 2023 жылы қолға алынады. Тағы да айта кетерлік жайт, үстіміздегі жылы біз аудан орталығы тұрғындарының кішігірім бөлігін газбен қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз, – деді ол. Жалпы айтқанда, жоба аяқталғаннан кейін ауданның 17 елді мекені газбен қамтылатын болады.

Аршалыдағы «ТҚО» ЖК басшысы Дмитрий Кравцов «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы Аршалы кентінде өз ісін ашатындар немесе жалғастыратындар үшін үлкен көмек деп санайды. Дмитрий Сергеевич шағын бизнесті жаңа бастап жатқан жоқ, алайда, жеке ісін ұлғайту үшін өзінде қаражат болмаған. Оның жеке кәсіпкерлігі автомобиль диагностикасы, доңғалақ ауыстыру, көліктерді жөндеумен байланысты болды. Сол кезде ауыл кәсіпкері аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгініп, «Еңбек» бағдарламасы туралы біліп, оның шарттарымен танысты. Бұл шарттар оның қызығушылығын оятты. Уақытты көп созбай, ол «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқу оқып, 2020 жылы 3,5 миллион теңгеге жеңілдікпен несие алады. Бұл қаражатқа кәсіпкер өзінің ТҚО-на қажетті құрал-жабдықтарды, сонымен қатар, автомобильдерге арналған аксессуарлар, автобөлшек дүкеніне арналған стеллаждар сатып алды.

Бүгінгі күні ауыл бизнесмені мемлекеттің қолдауын толығымен сезіне отырып, болашаққа жоспарлар құрып жүр, бұлармен қоса тағы автомобиль бояуларын сатумен айналысу үшін дүкенде екінші қабат салуды көздеуде. Несиесін төлеп бітіргеннен кейін Дмитрий «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде тағы да қарыз алмақшы. «Неге алмасқа? Шарттары да жақсы», – деп ойлайды ол.

Раушан ӨТЕУЛИНА,
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Шортанды, Аршалы аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар